Ел жаңалықтары: Қазақстан жол апатынан қаза табатындар саны бойынша Еуропа мен ТМД аумағында бірінші болып тұр
Ел жаңалықтары: Қазақстан жол апатынан қаза табатындар саны бойынша Еуропа мен ТМД аумағында бірінші болып тұр
7 жыл бұрын 3451 7kun.kz qamshy.kz Жасұлан Жолдыбаев

Қазақстан өкінішке қарай ТМД мен Еуропа елдері арасында жол апаты бойынша тағы да бірінші орынға шықты.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жыл сайын еліміздегі жол апатынан 100 тұрғынның 24,2 адамы көз жұмады.

4405e40a4ecd96d0aed37c52b2784b4e550ca58e

Ресейде жол көлік оқиғасынан 100 тұрғынның 20,8-і көз жұмады. Алғашқы бестікке Қырғызстан (22), Албания (20,4), Тәжікстан (18,8) мен Түрікменстан (17,4) елі кірді. Рейтингке сәйкес ең қауіпсіз жолдар Мальта (2,6) мен Норвегияда (2,2), Швейцарияда (2,7).

Статистика нені білдіреді? Барлық жол жүйесі мен жүргізушілердің дайындығын, жол ережесі жөніндегі заңды қайта қарау керектігін, бақылау мен жауапкершілікті күшейті керегін аңғартады. 

Жемқорлар 5 жылда Қазақстаннан 70 млрд. теңге шетел асырып жіберген 

Соңғы 5 жылда жемқорлық қылмыстардың нәтижесінде 70 млрд. теңге шетел асып кеткен. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті. «Соңғы 5 жылда жемқорлық қылмыстардың нәтижесінде 70 млрд. теңге шетел асып кеткен. Халықаралық іздеуде жүрген 47 жемқордың 28-і жақын және алыс шет мемлекеттерден елге экстрадицияланды», - деп атап өтті ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тетіктерін жүзеге асырудың практикалық тәжірибесі: жетістіктер және халықаралық ынтымақтастық» атты халықаралық конференцияда. Сонымен қатар ведомство өкілі елімізде соңғы екі жылда жемқорлық фактілері мен ұсталған лауазымды тұлғалар бойынша статистиканы келтіріп өтті. «Екі жыл ішінде 1800 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Оның ішінде 21 тұлға республикалық деңгейде, 120 - облыстық, 313 - қалалық және аудандық ауқымдағы тұлғалар. Жемқорлық бойынша келтірілген шығын 48,5 млрд. теңгені құрады, тәркіленген мүлік сомасы 32 млрд. теңге деңгейінде тіркелді», - деді А. Шпекбаев. Айта кеткен жөн, халықаралық конференция жұмысына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова және өзге де лауазымды тұлғалар, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Н. Шимомура, Қазақстандағы шетел дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты.   

Қазақстан допинг қолданатын елдердің қара тізімінде екінші орында тұр 

Допинг дауына іліккен спортшылар елімізді әлем алдында тағы бір масқаралады. Себебі, Қазақстан рұқсат етілмеген дәрілерді ең көп қолданатын мемлекеттердің дүниежүзі бойынша қара тізімінде екінші орында тұр екен, деп жазды КТК.

Америкалық “Fox Sport» телеарнасы жасаған кестенің басында Ресей тұр. Теріскейдегі көршілер допинг дауынан кейін бірден 19 олимпиада медалін кері қайтарып берген. Ал одан кейінгі орынға 9 жүлдесінен айырылған Қазақстан орналасыпты. Тізімді ары қарай Беларусь, Украина, Армения жалғастырады.

Телеарна мәліметінше, допингті ең көп қолданатын спортшылар қатарына зілтеміршілер, жеңіл атлеттер мен балуандар жатады екен. Мәселен, биылдың өзінде Илья Ильин бастаған бір топ ауыр атлеттер мен өзге де спортшыларымыз Бейжің мен Лондонда жеңіп алған медальдарын қайтарып беруі тиіс деген шешім қабылданды.

Елімізде әрбір үшінші адам өлтіру қылмысы отбасында жасалады – Бас прокурор

Қазақстанда әрбір үшінші адам өлтіру қылмысы отбасында жасалады. Бұл туралы бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Адам құқықтарының халықаралық күніне арналған дөңгелек үстел барысында еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Проблемалардың тағы бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Зорлық-зомбылық қылмыстардың 60 пайызы, оның ішінде, әрбір үшінші адам өлтіру қылмысы отбасында жасалады», - деді Жақып Асанов.

Бас прокурордың атап өтуінше, балалар, әйелдер, мүгедектер мен қарттар зорлық-зомбылықтың жиі құрбанына айналады.

«Маусым айында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын іске қостық. Алдын алуға бағытталған заңнамаларды түзету, құрбандарды оңалту сынды шаралар бар. Қазір ұлттық комиссиямен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеудеміз, БҰҰ-мен меморандумға қол қойдық», - деді ол.

Айта кетерлігі, дөңгелек үстел отырысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Н.Шимомура, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссия басшылары қатысты.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар саусақ іздерін тапсырмайды – ІІМ

«Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы бойынша қолы жоқ азаматтардың паспортындағы биометриялық чипте электронды саусақ іздері туралы мәлімет болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде ҚР ІІМ Оперативті-криминалистикалық департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлішер Мұхамедов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы» заң 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді. Жаңа заң бойынша Қазақстан азаматтары міндетті түрде саусақ іздерін өткізуі керек. Ол мәлімет 2021 жылдан азаматтардың жеке куәлігіндегі чипке енгізіледі. Алайда бұл талап мүгедек азаматтарға қолданылмайды.

«Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы бойынша мүгедек, яғни қолы жоқ азаматтар дактилоскопиялық тіркеуден өтпейді. Олардың паспортындағы биометриялық чипте электронды саусақ іздері туралы мәлімет болмайды. Яғни жоғарыда аталған талапты (саусақ іздерін өткізу – ред.) заң бойынша орындау мүмкін емес. Себебі, ол азаматтар заңда көрсетілген параметрге сәйкес келмейді», - деп жауап берді басшы журналистің сұрағына.

Сондай-ақ, ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайынов саусақ іздерін қолдан жасау мүмкін емес екендігін атап өтті.

«Ал саусақ іздерін қолдан жасау мәселесі бұрында көтерілген болатын. Криминалистика саласында жұмыс істеп жүргеніме 20 жыл болды. Осы уақыт ішінде саусақ іздерін қолдан жасау дерегін кездестерген жоқпын», - деді полиция басшысы.

Айта кетейік, 2016 жылдың 14 қарашасында ҚР Парламенті Мәжілісінде «Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Жаңа заң жобасын депутаттарға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов таныстырды.

Оның айтуынша, «Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы» заң 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 36,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Ол бойынша Қазақ елінің азаматтары саусақ іздерін өткізуге міндетті. Кейін ол мәлімет азаматтың жеке куәлігіндегі чипке енгізіледі. Рашид Жақыпов егер азамат бұл қызмет түрінен бас тартса, ол жеке куәлігін ала алмай қалуы да мүмкін екендігін ескерткен.

Жыл басынан бері 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. 
2016 жылдың 10 айында 179,2 млрд. теңгенің 63 жобасы жүзеге асырылып, 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Стратегия-2050 сайты хабарлады.

Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылды, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бергі аралықта жасалған жобалар бойынша 7,5 трлн теңге шамасында өнім өндірілді, соның ішінде 2016 жылдың 10 айында — 1,8 трлн теңгенің өнімі өндірілді.

Орташа есеппен, Карта жобаларын іске қосу арқылы ай сайын 160 млрд тенге сомасынан астам өнім өндірілуде.

Сонымен қатар, Карта аясында іске асырылған жобалардың есебінен 2016 жылдың 10 айында жалпы өңдеуші өнеркәсіп көлемінің 18,1%-ы өндірілді.Индустрияландыру бойынша жүргізілген жұмыстардың есебінен өңдеуші өнеркәсіп құрылымы өзгеріске түсті.Өнеркәсіптің металлругия және азық-түлік сынды дәстүрлі мықты салаларына қосымша, қарқынды даму үстіндегі жаңа салалары пайда болды: титан өнеркәсібі, сирек металлдар саласы, теміржол машина жасау, күн энергиясы.

«Air Astana» мен «Қазақстан Темір Жолы» сатылады

«Самұрық-Қазына» қоры өз құрамындағы «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «ҚазАтомӨнеркәсіп», «ҚТЖ», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта» компанияларының акцияларын сатылымға шығармақ. Бұл туралы  Үкімет отырысында қор басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті. Қор басшысының айтуынша, компанияның негізгі активтері IPO арқылы сатылады. Мұндай шешім Мемлекет басшысынан қолдау тапты. IPO-ға бірінші болып, «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниялары шығады. «Эйр Астана» компаниясы IPO-ны нарықтың дамуына қарай 2017 жылдың соңында немесе 2018 жылдың басында өткізуді жоспарлауда. Нәтижесінде компания қолында дауыс беруші акцияның 25+1 пакеті қалады. Акцияның 51 пайызы қазақстандық инвесторлардың қолында қалуы тиіс деген шешім шығарылды. «Қазақтелеком» компаниясы – ол қазірдің өзінде 49 пайызға жеке меншікте. Біз компанияны IPO-ға келесі жылдың соңында дайындауды көздеп отырмыз. «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының IPO бағдарламасы 2018 жылы өтеді деп межеленуде және оның 25 пайыз акциясы сатылады. «ҚазМұнайГаз» компаниясының IPO-сы да 2018 жылдың басында өтеді және 25 пайыз акциясы саудаға ышғады. «Самұрық-Энерго» компаниясының IPO-сы 2019 жылы қуаттылық нарығы толық күшіне енген кезде өтеді. Сатылым көлемі акцияның 25 пайызы деп қарастырылуда. Мүмкін акцияның 51 пайызы саудаға шығарылуы ықтимал. «Қазпошта» IPO-ны 2019 жылы 49 пайызға дейін өткізуі мүмкін. «Қазақстан теміржолы» компаниясы жаңғыртудан кейін IPO-ны 2020 жылы өткізуді жоспарлауда. Акцияның сатылымға шығатын көлемі – 25-49 пайыз. Сонымен қатар, біз қордың енді ғана өсіп келе жатқан активтері «Қазақ Эйр» мен «Тау-кен Самұрық» компанияларын саудаға шығарамыз», – деді ол. Оның айтуынша, жекешелендіруге жататын қор активтерінің тізімінде 217 нысан бар, оның ірі активтер көрсетілген бірінші бөлігінде 44 нысан бар болса, екіншісінде – 173 актив бар. «Бірінші тізімдегі 44 активтерге тоқталатын болсақ, 11 актив бойынша, мемлекеттік комиссияның шешімі шығарылды», – деді Ө. Шөкеев. Олардың қатарында ҚТЖ, ҚазМұнайГаз, Самұрық-Энерго компанияларының – «Транстелеком», «ЕуразияЭйр», «Маңғыстау РЭК», «ШҚО РЭК», Ақтөбе ЖЭС, ТеңгізМұнай сынды активтері бар. «Бұл нысандар ашық сатылым арқылы саудаға түседі. «Транстелеком», «ЕуразияЭйр» бойынша жақын арада хабарландыру болады. «Қазақстан теміржолы» компаниясының төрт активі – «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ, «Электровоз құрастыру зауыты» АҚ, «Тұлпар-Тальго» АҚ, «KTZE – Khorgos Gateway» компаниясы тікелей «General Electric», «Альстом», «Тальго», Ляньюньгань порты сынды компанияларға сатылады. Екі нысан 2016 жылдың соңында, қалған екеуі 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында сатылады деп жоспарлап отырмыз. Олардың сатылымынан түсетін жалпы сома – шамамен 400 млрд. теңге», – деп атап өтті қор басшысы. 

0 пікір
Мұрағат