Ел жаңалықтары: Өскемендік ғалым мұз оятын машина ойлап тапты (видео)
Ел жаңалықтары: Өскемендік ғалым мұз оятын машина ойлап тапты (видео)
2 жыл бұрын 984

 

Өскемендік жас ғалым жол үстіндегі мұзды оятын машина ойлап тапты. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі 24 kz арнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Өнертапқыш өзінің тың бастамасын жүзеге асыруға 3 жылын арнапты. Әзірге инновациялық әдіс қолданысқа енгізілмегенімен қызығушылық танытып отырғандар да жоқ емес.
Дидар есімді жас ғалым осы ғылыми жобаны бастамас бұрын кішкентай техникалық бөлшектің мүмкіндігін пайдаланыпты. Кейін қар тазалайтын машинаның негізінде құрастырып шығыпты. Жанар-жағар майы жеткілікті болса бұл машина тоқтаусыз жұмыс істейді. Техника уақытты үнемдеуге септігін тигізеді әрі экономикалық тұрғыдан да тиімді, - дейді жас ғалым.
Өйткені қыс мезгілінде жол үстіндегі мұзды ою үшін қыруар жұмыс күшін қажет етеді. Мынандай сүйменмен мұзды ою үшін бірталай уақыт керек. Қара күш те қажет. Тіпті осындай кезде көктайғақты оя-оя асфальттің өзі ойлы-шұңқыр болып қалады. Жас ғалымның ойлап тапқан инновациялық әдісі осындайда керек-ақ.
Бұдан бөлек, техникалық университеттің шағын зертханасында бірнеше ғылыми жоба қолға алынған. Мәселен алтынды сумен шаятын шағын құрал сүзгіден өткізу сынды бірнеше кезеңді бір мезетте атқара алады.
"Университет ашқан жаңалық алтын өндіру ісінде өте қажет. Өндірісте 20 адамның атқаратын қызметін мына кішкентай техника бір өзі орындай алады. Есесіне таза алтын өндіруге болады", - дейді Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ технологиялық машина құрастыру және транспорт кафедрасының меңгерушісі Михаил Дудкин.
Университеттің өнертапқыштары ойлап тапқан жаңалықтар түрлі деңгейдегі гранттарды да иеленіпті. Мұндай заманауи жобалардың өндіріске енгізілуі жұмыс үдерісін жеңілдетіп, қол еңбегін азайтуға мүмкіндік берері сөзсіз.

 

Елімізде мектеп оқушыларының қорқорға әуестігі артып барады

Еліміздегі мектеп оқушыларының қорқорға деген әуестігі артып келеді. "Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" коалициясы осылай деп дабыл қағуда. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі 7 арнаға сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта кальян шегу оқушылар арасында да сәнге айналған екен. Мәселен арнайы зерттеу нәтижесінде жастардың 12 жастан бастап көк түтіннің дәмін алғаны белгілі болыпты. Яғни сауалнамаға қатысқан 2100 оқушының 13 пайызы қорқор тартуды ұнатса, 9 пайызы шылым шегуге әуес көрінеді. Алайда көпшілігі көк түтіннің кесірінен көк ірің, ішек, өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығатынын білмейді екен. Сондықтан осыған алаңдаған коалиция мүшелері кальян шегуге тиым салатын қаулыны заңмен алмастыруды сұрап отыр.
"12 жасынан бастап кальян шегетін жастардың көбі оның денсаулыққа зияны жоқ әрі тәуелділік болмайды деп санайды екен. Сондықтан қорқор шегетін оқушылардың үлес салмағы шылым шегетін жастарға қарағанда 4 пайызға артық. Бұл көк түтінге тәуелді ұрпақ өсіп келе жатыр дегенді білдіреді. Сондықтан біз кальян бизнесіне заңмен тыйым салуды ұсынып отырмыз", - дейді "Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" коалициясының жетекішісі Жәмиля Садықова.
Ал кальянды кәсіп көзіне айналдырған азаматтар, керісінше, қорқор шегуге рұқсат беруді сұрап отыр. Себебі шағын және орта бизнесті тексеруге жариялаған мораторий аяқталысымен, әркім басымызға әңгіртаяқ орнатады деп қауіптенеді. Сондықтан кәсіпкерлердің құқын қорғауды сұрап, Бас прокуратураға шағымданыпты.
"Еліміздің Бас санитарлық дәрігері бірнеше жыл бұрын бірқатар кальян-барларды тексеріп, соның қорытындысы бойынша барлық республика бойынша қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салды. Алайда ол зерттеудің қалай жүргізілгені бізге беймәлім. Екіншіден қабылданған қаулы баршаға ортақ болмауы керек. Ол тек тазалық талаптары сақталмаған ойын-сауық орталықтарына ғана қолданылуы тиіс деп ойлаймын", - деді адвокат Асқар Қаймақов.
Естеріңізге салайық, елімізде қоғамдық орындарында кальян шегуге 2013 жылы тыйым салынған. Себебі санитарлық-сараптама нәтижесінде қорқор түтікшелері мен сұйықтықтарынан бірқатар аурулардың қоздырғыштары табылған болатын. Алайда бұл шектеуге қарамастан, мейрамханалар мен дәмханалардағы көк түтін әлі де сейілмей тұр.

 

Түркология саласындағы ынтымақтастық арта түспек

Халықаралық Түркі академиясы мен Түркияның Ғылым академиясы (TUBA) Анкара қаласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Меморандумға Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ұйым басшысы Дархан Қыдырәлі мен Түркия Ғылым академиясының президенті Ахмет Жеват Ажар қол қойды. Жаңа келісімге сәйкес, Түркия ғалымдарының жалпы түркологиялық зерттеулерге қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Бұған дейін Түркі академиясы Әзербайжан Республикасының, Түрікменстанның, Қырғызстанның және Моңғолияның ұлттық ғылым академияларымен осындай меморандум арқылы ынтымақтастық жөнінде уағдаласқан болатын.
Айта кетейік, Түркия Республикасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада құрылған Халықаралық Түркі академиясына қатысушы мемлекеттердің бірі саналады. Сонымен қатар, көптеген түркиялық ғалымдар аталған халықаралық ұйымның ғылыми жобаларына белсенді атсалысып келеді.

0 пікір