Ел іші: Оңтүстік Қазақстан облысында жібек құртын өсіру ісі қолға алынды (видео)
Ел іші: Оңтүстік Қазақстан облысында жібек құртын өсіру ісі қолға алынды (видео)
8 жыл бұрын 4936 24.kz khabar.kz Bnews.kz Қ.ЕЛТАЙҚЫЗЫ, Т.Серікқалиұлы, А.Есенбердина, А.Тулепов, Р.Бақытбекұлы, Н.Строкова, Е.Мұхамедияров, Н.Мергенбай, Р.Байкенже

Тың салаға түрен салғандардың бірі – Оразкүл Бүкірова. Кәсіпкер аумағы 21 гектар болатын тұқымбақ ашқан.  Енді жібек құртының азығы саналатын тұт ағашының плантациясын егуді жоспарлап отыр.  Айтуынша, бабын тапқанға бұл кәсіптік берері көп. Іскер әйел жібек құртын өсіріп қана қоймай, одан жіп алуды жолға қойған.  Арнайы цехы бар. Онда жіптен мата, кілем тоқуды бастамақ. Оразкүл Бүкірова, кәсіпкер: - Жібек дүниежүзінде өте қадірленеді, оны білесіздер. Жібектен жасалған маталар, жібектен жасалған бұйымдар көп жерде қолданылады. Қорғаныста, медицина саласында жібек талшық істетіледі.

Елімізде 1 млн-нан астам шағын және орта бизнес субъектiсi бар

Қазақстанда 1 миллионнан  астам шағын және орта бизнес субъектiсi тiркелген. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев Үкімет басшысы Кәрiм Мәсiмовтың төрағалығымен өтіп жатқан үкiмет отырысында мәлiмдедi. «2016 жылы шағын және орта бизнес субъектiлерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға өстi. Бүгiнгi таңда елімізде 1 млн 302 мың 562 шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiсi жұмыс істейді. Осы салада еңбек ететіндер саны артып келедi. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ саласында жұмыс iстейтiндер саны 3 млн 146 мың 576 адамды құрады. Бұл 2014 жылға қарағанда 2,8 пайызға артық», - дедi министр. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсiбіндегi ШОБ субъектiлерiн жеңiлдікпен қаржыландыруға 200 млрд теңге бөлiнген. Жұмыс істеп тұрған бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсетуге бағытталған тетіктер іске қосылған. Облыстарда 23 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары және дәл осындай 188 орталық аудандық деңгейде жұмыс істеп тұр. 2015 жылдың қорытындысы бойынша сервистік қолдау қызметіне 35 174 кәсіпкер жүгінген, оларға 55640 сервистік қызмет көрсетілді.

Кәсіпкерлерге қызметтердің 49 %-ы ауылдық жерлерде көрсетілді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаржы бөлінді. 2016 жылы 30000 ШОБ қызмет көрсету жоспарланған болса, бүгінге дейін 11620 клиентке қызмет жасалып, 15260 қызмет түрі көрсетілген. Жұмысқа 271 менеджер-кеңесші жұмылдырылды. 

Өткен кезеңмен салыстыра келе, 2013 жылы сомасы 1,6 млрд теңгеге 8,5 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілді. 2014 жылы 15 мың кәсіпкерге, 35 мың түрлі қызмет көрсетілген. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. 
2015 жылы сервистік қолдау бойынша жоспарлы көрсеткіштер 3 есе артты.  
Сонымен қатар, 2016 жылдың басынан бері, 5 қаңтардан бастап  КҚО және КПО-ларда сервистік қызметті үздіксіз көрсету қамтамасыз етіліп, өткен жылдары жұмыс наурыз айынан ерте жүргізілмеген. 

ШҚО-ның шағын ауылдарында қымыз өндірісі дамып келеді (видео)

Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында индустриаландыру картасы аясында 4 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Олар жаңа байыту фабрикасы, етті қайта өңдеу кешені және мұздатылған балық өндірісі секілді жобалар. Солардың қатарында үлкен шыны ыдыстарға құйылып шығарылатын қымыз өндірісінің жобасы да бар. Палатцы ауылындағы жылқы шаруашылығының басшылары қазірдің өзінде қажетті қондырғыларды орнатып, ауылдастарын жұмыспен қамтуға кірісті. Палатцы ауылдық округіндегі аумақ осыдан 9 жыл бұрын мүлде қараусыз қалған жер еді. Қазір мұнда жұмысшылар үшін жаңа үйлер бой көтеріп, шаруашылық ғимараттары салынды. Ең бастысы, елу шақты адам еңбек етіп, отбасыларын асырап жүр. Солардың бірі Михаил Козенков аттарды бағып-күтумен айналысады. Ол мұнда шаруашылық ашылған күннен бері жұмыс істейді. Осы жерден баспанасын тұрғызды, қазір ауласын жөндеуге кірісті. Михаил Козенков, жылқышы: - Үйімді өз күшіммен тұрғызып, абаттандырғым келеді. балалар үшін ойын алаңын да салатын ойым бар. Балам жас, қызым мектепке барып жүр. Әзірге өзім ғана жұмыс істеп жүрмін, әйелім үйде отыр. Болашақта отбасымды да осы жерге әкелмек ойым бар.   Расында да, кешікпей шаруашылықта әйелдерге де жұмыс табылды. Қазір мұнда келешекте қымыз өндірілетін цехтар үшін ғимарат салынды. Қажетті қондырғылар да орнатылып жатыр.  Шаруашылық басшысы Ербол Шәкеров бұл істі бастап, табысты өрістетуіне жылқы малына деген ерекше сүйіспеншілігі әсер еткенін айтады. Қазір шаруашылыққа тиесілі жер көлемі 15 мың гектарға жетті. Мал азығын дайындауға қажетті шабындық алқаптар жеткілікті. Бірақ, басым бөлігі мың жылқының тұяғы тиетін жайылымдық жерлерге тиесілі. «Мал басын бұдан да көбейтуге болады. Ол үшін, әрине, қосымша жер керек болады», - дейді шаруа.  Ербол Шәкеров, шаруашылық басшысы: - Осы жерімізден көп ырыздық көріп, пайдасын көріп, мал ұстап, қазақ малмен байиды деп, соларды бағып жатырмыз. Ол деген – ауыр жұмыс, тәулігіне 24 сағат жүру керек қасында. Жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ түсіністікте еңбек етсең, алынбас қамал болмайды. Еңбекқор ұжымның да табысқа жетуінің бар құпиясы осында секілді.  Тасқынбек Мұратбек, бақташы: - Бұл шаруа қожалығында жақсы, тәуба. Ай сайын беріп тұрады, ішіп-жеммен қамтамасыз етілген. Асхана, жатар үй дайын. Отбасымен келіп тұруға болады. Жалақы ай сайын тұрақты беріліп тұрады. Жылқы шаруашылығының жан-жақты өрістеуіне барлық жағдай бар. Жобаны жүзеге асырушылар жергілікті өнімнің сапасы барлық талапқа сай боларына сенімді. Шағын ғана ауылда өңделетін ұлттық өнім жыл он екі ай бойы үзіліссіз өндірілетін болады деп жоспарланып отыр.  

Қостанай облысында асылтұқымды жылқы шаруашылығы дамып келеді (видео)

Қостанай облысындағы «Каменск-Уральское» ауылының шаруалары жылқының «Құшым» деп аталатын тұқымын сатылымға шығара бастады. Асылтұқымды жануарға қызығушылық танытқандар еліміздің әр түпкірінен барып жатыр. Әсіресе, шаруашылықтың қымызына сұраныс жоғары. Табиғи өнім әзірге облыстағы сауда орындарына сатылады. «Каменск-Уральское» ауылындағы шаруа-қожалық өз ісін осыдан 13 жыл бұрын 15 бас ірі қарамен бастады. Ал қазір жылқы саны 600-ге жетіп, асылтұқымды мал өсіретін шаруашылық деңгейіне жетті. Мұнда жылқының «Құшым» деп аталын тұқымы өсіріледі. Ол жылдам салмақ жинап, суыққа төзімділігімен ерекшеленеді. Рамиль Каримо, «Каменск-Уральское» ЖШС директоры: - Жылда қан жаңарту үшін үйірге жаңадан  2-3 бас айғыр қосамыз. Дәл қазір мына жерде бізде «Құшым» тұқымды 180 бас бие тұр. Ал мұнда 30 шақты айғырды сатылымға шығарып отырмыз. Шаруа-қожалықта 260 бас бие бар. Оның 36-ысынан сүт алынады. Күніне шамамен 130 литр сүт шағын цехқа жеткізіледі. Жұмысшылар экологиялық таза өнімді ерекше технологиямен 48 сағатта дайындайды. Былтыр 14 мың литрден астам қымыз өндірілген. Қалихан Әлмұхамбетов, технолог: - Біз қымыз дайындау технологиясының ерекшеліктерін толықтай орындаймыз. Ол жылқы сүтінің құрамындағы емдік, әрі денсаулыққа пайдалы элементтерді сақтап қалады. Егер дұрыс пайдаланбасаң сусынның сапасы төмендейді. Қожалық иесі алдағы уақытта жылқы санын 2 мың басқа дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Айтуынша, бұл қымыз өндірісін еселеуге мүмкіндік береді. Ал әзірге емдік сусын туберкулезге қарсы сауықтыру орнындағы науқастарға жеткізіледі. Сондай-ақ, Қазақстанда жасалған өнім облыс орталығындағы ірі дүкендерде сатылады.

Қостанайда шаруа қожалықтары тамшылатып суару технологиясына көшуде (видео)

Қостанай облысындағы көкөніс өсіруші шаруа қожалықтар тамшылатып суару технологиясын енгізіп жатыр. Осының арқасында Меңдіқара ауданының дала еңбеккерлері картоп өнімінің көлемін еселемек. Жаңа әдіс алқаптағы артық жұмысты азайтып, суды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Картоп егілген бұл алқапқа толықтай тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Радик Мұздыбаев егістікті күніне 4 рет аралап шығады. Ол құбырлардың ажырап кетпеуі мен топыраққа судың қаншалықты сіңгенін қадағалайды. Радик Мұздыбаев, шаруа қожалығының маманы: - Бұрынғы әдіске қарағанда өте тиімді. Арықпен суарған кезде судың біраз бөлігі буға айналады. Ал тамшылатып суару арқылы су тура түбіне барады. Міне, қараңыз?! Үсті құрғақ болғанымен, барлық ылғал астында. Картоп тамырына су жеткілікті деңгейде жетіпті. Сергей Худяков картоп өсірумен 10 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Биыл оның шаруа қожалығында 107 гектар жерге картоп егілген. Оның он тоғыз гектары тамшылату әдісімен суарылады. Сергей Худяков, агрофирма директоры: - Су 99 пайыз өсімдіктің тамырына барады. Бұл өнімділікті арттырады. Мұны өнім көлеміне қарап-ақ байқауға болады. Гектарынан 40 тонна аламыз. Бұл – республикада да және облыста да жоғарғы көрсеткіш. Шаруашылықта тек әбден іріктеліп, сұрыпталған тұқымдар ғана егіледі. Мұнда тұқым екі мәртеден артық пайдаланылмайды. Ольга Марченко, агроном: - Биыл еккен жерге келесі жылы картоп егілмейді. Алқап үнемі ауыстырылып тұрады.Өйткені, жер демалуы керек. Бұл картопты түрлі аурулар мен арамшөп қаптап кетуден сақтайды. Шаруа қожалықта картопты сақтау мен өткізуде ешқандай қиындық жоқ. Меңдіқаралық экологиялық таза өнімге еліміздің барлық өңірлерінен сұраныс жоғары.

Жамбыл облысында шағын шаруа қожалықтар бірігіп, ортақ жоба жүзеге асырмақшы (видео)

Әсіресе, Жамбыл ауданы еңбеккерлері былтырдан аудандағы 30 қожалық 3 бірдей ірі кооператив құрды. Соның арқасында аймақтағы алма бақтарының аумағы кеңейді. Бағбандарға бұл іске қажетті ақшаны мемлекет тарапынан тартылған инвесторлар ұсынған. 50 гектар бұл алма бағына 10 шаруа қожалық иелік етеді. Биыл оларға «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы лизинг беріліп, Сербиядан әкелінген көшеттер отырғызылды. Енді 4-5 жылдан соң әр қожалық өз иелігіндегі 5 гектардан 250 тоннаға дейін өнім алатын болады. Рустам Ғайнижанов, мердігер компания өкілі: - Келісімге сәйкес біз бұл бақтың бастан-аяқ барлық керек-жарағын құрып, дайын қылып өткізіп отырмыз. Электр энегриясын, су, тамшылатып суғару жүйелерін тартып бердік. Одан бөлек, тағы 2 жыл бойы шаруаларға бақты күтіп, ұстауға көмек береміз. Жоба құны – 671 миллион теңге. Бұл қарыздан құтылған соң, бақ толықтай шаруалардың иелігіне өтеді. Осыдан соң ауданның біраз тұрғыны екі қолға бір күрек тапқалы тұр. Қасымхан Қанаев, шаруа қожалық төрағасы: - Барлық жағдай істелінген, бұл жерде тек қана жұмыс істеу керек. Әр отбасыға бұл жұмыс болып табылады. Ешқандай қалтадан шығын шықпайды, тек қана жұмыс істеу керек. Әрине, 10 жылға беріп отыр, оның бастапқы екі жылы былайша айтқанда демалыс, үзіліс деп айтамыз.   Келешекте бұл бақта өсірілген алмалар өз елімізбен қатар жақын шет мемлекеттерге де сатылатын болады деп күтілуде. Дайын өнімді сақтау үшін 2 мың тонна алмаға арналған қойма бой көтермекші. Облыста жыл сайын осындай жолмен кемінде 100 гектар алма бағын құру көзделіп отыр. 

0 пікір
Мұрағат