Екпе алу құны 20 мың теңге: Қазақстандықтарға менингитке қарсы тегін вакцина салынбайды
Екпе алу құны 20 мың теңге: Қазақстандықтарға менингитке қарсы тегін вакцина салынбайды
6 жыл бұрын 3241

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, еліміздің Бас санитары Жандарбек Бекшин тегін екпе енгізу үшін науқастардың саны жеткіліксіз деп, ел азаматтарын өз бетінше ауруға қарсы екпе алуға шақыруда. Ал оның құны жиырма мыңнан асып жығылады. Бұл туралы stan.kz ақпарат көзі КТК арнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Денсаулық сақтау министрлігі жатпай-тұрмай осы кеселден құтылудың амалын табуға бел шеше кіріскен. Мұндағы басты мәселе, науқастар уақытылы қаралмайды екен. Сол үшін Алматыға ең мықты деген эпидемиологтар мен бактериологтар тобын жіберген. Олардың міндеті ауру тасымалдаушыларын анықтауы тиіс. Министрлік өкілінің айтуынша, олар бүкіл жұқпалы дерт ауруханаларын аралап, қарқынды жұмыс істеп жатыр екен.

«Бұл белсенді зертханалық әдіс деп айтуға болады. Сондықтан, осы жұмыс арқылы біз екі тасымалдаушыны анықтадық»,- деді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.

Былтыр аурудан 11 адам көз жұмған. Ал биылдыққа 62 адам осы дертке ұшырап, қазірдің өзінде содан 8 адам бақилық болыпты. Төртеуі Алматыда, тағы Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында екі-екі адамнан қайтыс болған. Бірақ, денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарына жаппай екпе салдыруға асығар емес. Өйткені, науқастар саны аз дейді Бас санитар. Жалпы елімізде жаппай екпе салдыруға жататын инфекцияның 21 түрі бар екен. Бірақ, оның ішіне менинингит кірмеген.

«Елімізде иммунопрофилактика, вакцинация мәселесі көзделген жоқ. Неге десеңіз, ел бойынша осы менингит ауруының деңгейі төмен деңгейде. Мысалы, вакцинация енгізу үшін ел бойынша бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 2-ден асу керек»,-деді ол.

Әзірге мемлекеттік және жекеменшік емханаларға осы ауруға қарсы вакцинация мөлшерін ұлғайту жөнінде тек ұсыныс жасалған. Министрлік одан артық ештеңе айта алмай отыр.

0 пікір
Мұрағат