Дүниежүзілік банк Қазақстанның жастар саясатына 7 млрд теңге бөлген...
Дүниежүзілік банк Қазақстанның жастар саясатына 7 млрд теңге бөлген...
8 жыл бұрын 3471 Жібек Мұқашева

Дүниежүзілік банк тарапынан Қазақстанның жастар саясатына 7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы жастарды қоғамға қажетті мамандықтарға оқыту, олардың өмірге бейімделуі үшін қоғамдық шараларға тарту мақсатында жұмсалмақ. Бұл жайында бүгін ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасында өткен «Жастар саясатын қалыптастыру және жүзеге асырудың ерекшеліктері» атты конференция аясында айтылды, деп хабарлады "Baq.kz" ақпарат көзі.

Қазақстан мен Ресейде жастар саясатымен айналысып жүрген ғалымдар, мамандар, жастар ұйымдарының өкілдері қатысқан конференцияның мақсаты – жастар арасындағы мәселелерді талдау. Сондай-ақ, Жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, ұйымдаспаған, әлеуметтендірілмеген жастармен жұмыс жасауда атқарылатын шараларды саралау бағытында пікірталастар өтеді.

«Елімізде қазіргі таңда шамамен 4,2 миллион жас бар. Олардың шамамен 9,4 пайызы – жұмыссыз. Жұмыссыз жастардың өмірлік ұстанымдарын, бағыттарын экстремистік, тағы да басқа ұйымдар теріс пайдаланып кетпеуі үшін тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз. Қазір Қазақстанның әрбір аймағында жастармен жұмыс жасау ресурстық орталықтары бар. Осы орталықтардың жұмысын пайдалану арқылы теріс ағымға бейім жастарды анықтап, нақты жұмыс жүргіземіз. Жастарды түрлі жобаларға қатыстыру, мемлекетік бағдарламаларға тарту арқылы қоғамға бейімдеуге тырысамыз. Сондай-ақ, жеке кәсіппен айналысқысы келетін жастарға мүмкіндік береміз», - деді Ғ.Оспанқұлов.

Конференция жұмысына қатысқан отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері мен жастар ұйымдарының басшылары жастар саясатын қалыптастырудағы атқарылып жатқан тәжірибелерімен бөлісті. Ресей Федерациясының жастар жөніндегі Федералдық агенттігі басшысының орынбасары Сергей Чуевтің айтуынша, екі ел арасында бірнеше жыл қатарынан көптеген іс шаралар атқарылып келеді.

«Жастар саясатын ілгері дамытуда бүгінге дейін көптеген шаралар атқарылып, қойылған міндеттерді орындауда тиімді жолдар жасалып жатыр. Мысалы, Ресейдің федеральдық агенттігі жыл сайын жастар арасындағы жобаларға 250 млн рубль төңірегінде грант бөледі. 3 қазанда гранттар конкурсының үшінші кезеңі басталады. Байқауға қатысу үшін «Ресей жастары автоматтандырылған жүйесі» сайтына тіркеліп, жобаңызды ұсына аласыз. Біз барлық 14 пен 30 аралығындағы қазақстандық жастарды байқауға қатысуға шақырамыз», - деді Ресей Федералдық жастар агенттігі басшысының орынбасары С.Чуев.

Халықаралық ғылыми-конференция аясында орыс және қазақ жастар ұйымдары мен ғылыми-зерттеу институттарының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады.

0 пікір
Мұрағат