Дін саласында тұжырымдама әзірлеу мемлекеттің діннен бөліну қағидатына қайшы келмейді - Ермекбаев
Дін саласында тұжырымдама әзірлеу мемлекеттің діннен бөліну қағидатына қайшы келмейді - Ермекбаев
8 жыл бұрын 2905 inform.kz Марлан Жиембай

Дін саласындағы тұжырымдаманы әзірлеу мемлекеттің діннен бөліну қағидатына қайшы келмейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті.

«Дін саласындағы ең маңызды міндет - еліміздің дамуының зайырлы қағидатын қамтамасыз ету және нығайту. Яғни, азаматтардың ар-ождан бостандығын бұлжытпай кепілдендіру, оның дінді таңдай алу немесе діннен бас тарта алу құқығын қамтамасыз ету - біздің зайырлық моделіміздің айнымас негізі ретінде қала береді. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамымызда берік орныққан конфессияаралық келісімді одан ары нығайту діни бірлестіктермен бірлескен жұмысымыздың аса маңызды бағыты болып қала береді», - деді ол.

Министр осы ретте елімізде дін саласын дамыту туралы тұтастай түсінік қалыптастыру үшін дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы тұжырымда әзірлеу көзделіп отырғандығын айтты. Бұл құжатта мемлекеттің дін саласындағы ұстанымы, стратегиялық мақсаттары және жұмыс бағыттары айқындайтын болады. Құжатты әзірлеуге сарапшылар, дінтанушылар, азаматтық қоғам өкілдері тартылып, оны қоғамның қатысуымен ашық түрде талқылау жоспарланған.

«Тұжырымдама негізінде діни қызмет туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен  толықтыруларды дайындайтын боламыз.  Ұйымдастырушылық  және заңнамалық шаралар мемлекет пен қоғамның зайырлылығын одан ары нығайтуға бағытталады. Бұл діни білім алу тәртібін реттеуді, жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз тартуға жол бермеуді, діни әдебиеттерді тарату тәртібін жетілдіруді қажет етеді. Біз діндар адамдарға діни рәсімдерін өтеу үшін қолайлы жағдайлар жасайтын боламыз», - деді ол.

Сонымен қатар, Ермекбаев өзінен дін саласындағы тұжырымдама әзірлеу мемлекеттің діннен бөліну қағидатына қайшы келмей ме деп сұрайтындардың көп екендігін айтып, оған нақты жауап та берді.

«Меніңше, мұнда қандай да бір қайшылық жоқ. Өйткені, бүгінгі күнде діни бірлестіктер қоғамдық өмірдегі шынайылық, азаматтық қоғамның бір бөлігі. Ал мемлекет олардың қызмет атқаруы үшін құқықтық жағдайлар мен орта қалыптастыруда. Осы тұрғыдан алғанда, тұжырымдама - бұл мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қатынастарға көзқарастар жүйесі, зайырлылық қағидатының тұғыры дер едім», - деді министр.

0 пікір
Мұрағат