БИЛІК САЛАФИЗМНЕН ШЫНЫМЕН СЕКЕМ АЛҒАН СИЯҚТЫ
БИЛІК САЛАФИЗМНЕН ШЫНЫМЕН СЕКЕМ АЛҒАН СИЯҚТЫ
7 жыл бұрын 3176 qamshy.kz/ Жомарт Абдоллаұлы

«Егер қазір қолға алып жатқан шаралар іске аспаса, біз салафизмге тыйым саламыз». Дінтанушылардың «Зайырлылық Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықтың негізі ретінде» форумына қатысқан еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министрі Нұрлан Ермекбаев осылай мәлімдеді. Деструктивті ағымға қатысты сағызша созылған пікір-таластың соңында мұндай мәлімдеменің жасалуы мемлекеттік органдардың салафизмнен секем алу себебінен болса керек. Форум жұмысына қатысқан министр халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа жолдары қарастырылып жатқанын айтып, бұл бағытта жастарға ерекше мән берілетінін жеткізген. - Үкіметтің салафизмге қатысты имамдар мен теологтардың пікірлеріне негізделген ұстанымы айқындалған соң халық арасында жұмыс жүргізу жеңілдеді. Деструктивті ағым өкілдері арасында исламның дәстүрлі бағытына ауысу тенденциясы байқалуда. Мен азаматтарды сабырға шақырғым келеді – салафизмге, басқа да деструктивті ағымдарға сот шешімімен тыйым салынбауы мемлекет бейтарап қалып, ешқандай шара қолданбай отырады дегенді білдірмейді, - дейді Н. Ермекбаев. Министрдің ойынша азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар деструктивті ағымдарға қарсы бірлесіп қимылдауы керек екен. Оған заңнама толық мүмкіндік береді. - Ол шаралар қазір қолданылып жатыр және олар кез-келген формалды тыйымдардан тиімді болуы тиіс. Егер қазір қолданып жатқан шаралар нәтиже бермесе министрлік салафизм мен өзге де діни ағымдарға сот арқылы тыйым салу мәселесін көтерертін болады, - деген министр діни саладағы ахуал Қазақстанның саяси және қоғамдық тұрақтылығы үшін маңызды екенін баса айтыпты. Ақтөбе мен Алматыдағы терактілерден соң салафизм ағымының қаупі туралы жиі айтыла бастады. Дінтанушылар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандары да бұл ағымды айыптап, қоғамға тигізер кері әсерін тізіп жүр. Тіпті, ұлттық құндылықтарымызды терістеп, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді делінген уаххабизм-салафизм ағымына заңмен тыйым салуды сұрап елдің бірқатар зиялы қауым өкілдері Елбасы атына ашық хат та жолдаған болатын. Экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қауіпсіздік шараларын жетілдіруді көздейтін бірқатар заңнамаларға өзгеріс енгізу кезінде салафизмге тыйым салу жайы қалыс қалды. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі осыған орай салафизмнің Қазақстан қорғамы үшін, ұлттық-мемлекеттік құндылықтар тұрғысынан жат ағым екенін ескерте отырып, бұл ағымнан ел азаматтары заңмен тыйым салмай-ақ аулақ жүретініне сенім білдіріп, мәлімдеме де жасады. Аталған ағымға заңмен тыйым салу қажеттілігін президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, танымал саясаттанушы, діни экстремизм, терроризм мәселелерін індете зерттеп жүрген ғалым Ерлан Қарин де атап көрсеткен болатын. Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында ол: - Салафизмге тыйым салу мәселесі бойынша дискуссия бірнеше айға созылып кетті.(...) Өкінішке орай, бұл дискуссия өте ұзаққа созылды және қандай да бір нақты шешім шығаруға көмектеспейді. Оған қоса созылып кеткен осы дау-дамай қоғам назарын мәселенің маңыздылығынан гөрі басқа тарапқа бұрып жіберуде, - деген пікір білдіріп, ресми органдарға бұл мәселеде қоғам сұранысына құлақ асуға кеңес берді. - Сондықтан мен мәселеге басқа қырынан – қоғам сұранысы тұрғысынан қарауды ұсынамын. Мен өңірлерді аралап, қарапайым адамдармен, діндарлармен, ақсақалдармен, жастармен жиі кездесіп тұрамын. Сол кездесулерде елдің мемлекет қандай да бір нақты шаралар қабылдай алады деген үміті барын байқаймын. Жер-жерлерде адамдар «Мемлекет мұның барлығының жолын кесіп, өзінің ролін көрсете ала ма?» деген сұрақ қояды. Басқаша айтқанда, бұл мәселенің заңдық, басқа да қырлары жөніндегі пікір таластарда қоғамның сұранысын да ескеру керек, - дейді Е. Қарин. Бұл мәлімдемелердің барлығы тегіннен-тегін жасалып отырған жоқ. Тек қоғам мүшелері ғана емес, мемлекеттік органдар да салафизмнен, басқа да радикалдық ұстанымдағы ағымдардың қаупін мойындайды. Олардан сезіктенеді. Осы тақырыптағы түрлі талқылауларда дінтанушылар мен діни қызметкерлер мәселені тек ислам қағидалары, діни рәсімдерді орындау ережелері тұрғысынан ғана қарастырып жүргенін бұрын да жазған болатынбыз. Атап айтқанда, «Құдай қай жерде?» немесе «Ол отыр ма? Оның қолы бар ма?», «Намаз оқығанда қалай тұру керек?» деген сияқты түсініктерді талқылаумен шектелуде. Ал, тұтастай бір ағымға заңмен шектеу қою үшін мұндай «талқылаулар» жеткіліксіз. Бұл мәселеде деструктивті ағымдардың қоғам тұтастығына, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін нақты белгілеріне мән беру керек сияқты. Сонымен, салафизмнен қауіптенуге қандай себептер бар? Бірінші себеп, ол – осы «салафизм» ұғымының өзі. Мұны исламда алғашқы үш буын деп атайды. Яғни, біріншісі – сахабалар (пайғамбардың көзін көрген, замандастары), екіншісі – табииндер (сахабалардан кейінгі келген ұрпақ), үшіншісі – атба ут-табиин (Пайғамбардан кейінгі үшінші ұрпақ). Бұларды «сәләфтар» немесе «сәләфис солихин» деп атайды. Сәләфис солихин «алғашқы қайырлы буын» дегенді білдіреді. Демек, уақыт тұрғысынан бүгінгілердің «сәләфпіз» деуі – бекер. Қазақстандағы барлық мұсылман жамағаты дін ғалымдары бірауыздан бекіткен жолмен жүруі керек. Екінші себеп – салафитпіз дейтіндердің өз сенімдерін өзгеге мәжбүрлеп таңуға тырысуы, өз айтқандарымен келіспейтіндерді жау санауы. Сөйтіп, қоғамда алауыздық туғызуы. Үшінші себеп – жат ағым жетегіндегілердің діни құндылықтарды, түрлі тыйымдар мен үкімдерді тура мағынасында түсініп, буквализмге бой алдыруы. «Жиһад», «Талақ» сынды күрделі діни түсініктерге жеңіл қараудың кесірінен қаншама жан сан соғып отыр. Төртінші себеп – әлгілердің діни талаптарды орындаймыз деген желеумен ұлттық құндылықтарды сыртқа тебуі, ұлттық өнерді, әсіресе, музыка мен театр өнерін, рухани саланың басқа да бағыттарын мойындамауы. Қызды-қыздымен мұндай ағымдардың кей ұстанушылары ғылым мен техниканың, медицинаның жаңалықтарынан да бас тартқан жағдайлар туралы естіп жүрміз. Бесінші себеп – отбасы құндылықтарының бұзылуына тигізетін ықпалы. Бес уақыт намаз оқымайтын ата-анасын кәпір санап, үйінен қуған немесе оларды тастап кетіп қалушылар да бүгінде жаңалық болмай қалды. Ал, конституция бойынша, «Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi» (27-бап). Отбасын құру, асырау мәселесіне ат үсті қараушылық – қай мемлекетте болмасын қоғамдық мәселе. Кешегі терактілерде қаза болған, қолға түскен лаңкестердің артында да бірнеше әйелден жесір қалып отыр. Мектеп формасына қатысты дау-дамайдың төңірегінен де әсіредіншілдерді жиі көреміз. Алтыншы себеп – бұл ағымды ұстанушылардың, насихаттаушылардың жұмыс стилі. Байқауымызша, салафизм идеологтары кез-келген жерде, кез-келген адамға ашық уағыз жүргізбейді. Көбінесе діни сауаты төмен жастарды, сонымен қоса, ықпалды кәсіпкерді, қалталы азаматтарды, спорт, өнер жұлдыздарын жандарына жинауға тырысады. Жетінші себеп – аталған ағымның ел аумағвнда ресми тіркелген ұйымы болмаса да, қаржы көздерінің болуы. Мұндай құпия схемалар ресми органдардың күдігін туғызбай қоймайды. Ал, ақпарат құралдарындағы, әлеуметтік желідегі аталған ағым жақтаушыларының белсенді әрекеті қандай да бір қаржылық қолдаусыз жасалып жатқанына ешкімді сендіре алмайсыз. Сегізінші және ең басты себеп – бұл ағымның мемлекет құрылымына тікелей қауіп төндіруі. Конституциядан бастап, заі актілерін шариғатқа қайшы деп тану, зейнетақы, салық жүйесін харам санау – адасқан ағымдардың негізгі ұстанымы. Содан болар, кей әсіредіншілдер ресми мекемелерде жұмыс істеуден бас тартып, өз беттерінше сауда-саттықпен, басқа да жеке кәсіппен айналысады. Салық төлеу, зейнетақы қорына жарна аударуды харам санайтындар бар. Ал, бұл себептер діни салаға қатысты құқықтық шараларға негіз бола ма, болмай ма ол жағы уақыт еншісінде. 

0 пікір
Мұрағат