Банкте кепілде тұрған мүлікті сатуға рұқсат берілуі мүмкін
Банкте кепілде тұрған мүлікті сатуға рұқсат берілуі мүмкін
6 жыл бұрын 2996

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Сіздердің назарларыңызға ұсынылған заң жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық жоспардың 6 тармағын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасы шеңберінде 16 заңнамалық актілерге, оның ішінде 8 кодекске түзетулер енгізу қарастырылады», - деді ол.

Осы орайда аталған заң жобасына қандай түзетулер енгізілгенін Мәжілістің кулуарында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова түсіндірді.

«Аталған заң жобасын әзірлеушілер меншікті қорғау үшін еліміздегі барлық заңдарға тексеріс жүргізгенін атап өтті. Заң жобасы 5 блоктан тұрады. Оның ішіндегі ең маңыздысы – азаматтан мүлік алынған кезде оның орнына алынған мүліктің құнына пара-пар мүлікті беру қарастырылады. Аталған норма елімізде әділеттілікті орнатуға мүмкіндік жасайды. Яғни азаматтың мүлкі алынған кезде ол өз мүлкінің құнына сай өтемақы алу керек қой», - деді халық қалаулысы журналистерге.

Сонымен қатар депутат аталмыш заң жобасында банктердің қызметіне қатысты өзгерістер бар екенін атап өтті.

«Аталған заң жобасында банктер заемдарға қызмет көрсеткен кезде комиссия бағасын екі еселеп көрсетеді. Заңда аталған норманы алып тастау қаралады. Бұл да өте өзекті мәселелердің бірі. Аталған өзгерту еліміздегі банктердің азаматтарға қатысты әділетсіздігін жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заң жобасында азамат банкке кепілдікке қойылған мүлкін нарықтық бағамен сата алады», - деді ол.

Сөз соңында Гүлнар Бижанова елімізде қазіргі таңда азаматтар банкте кепілде тұрған мүліктің арзан бағамен сатылатынын атап өтті. Оның пікірінше, заңға енгізілген аталған норма азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

«Сіз үйді ипотекаға алдыңыз. Бірақ, оны төлей алмадыңыз. Банк сізден кепілдікке қойылған мүлікті алып алады. Банк ол мүлікті сатқан кезде оның бағасы нарықтағы бағадан төмен болады. Бірақ кепіл берушінің өзінің құқығы болады. Ол өз еркімен мүлікті сата алады. Сату арқылы ол банктегі қарыздан жоғары соммада пайда таба алуы мүмкін. Осы норманы біз заң жобасына енгіздік. Заң жобасы енді таныстырылып жатыр. Жұмыс тобы аталған заң жобасын қарап шығуға дайын. Менің ойымша, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында заң жобасы Сенатқа жіберіледі», - деп түйіндеді сөзін депутат.

0 пікір
Мұрағат