Ақылы жолмен Астанадан Алматыға 11 сағатта жетуге болады
Ақылы жолмен Астанадан Алматыға 11 сағатта жетуге болады
8 жыл бұрын 2241 BNews.kz Бек ТӨЛЕУОВ, Айымгүл ӘБІЛЕВА

Бұл туралы журналистерге берген жауабында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төраға орынбасары Сәтжан Аблалиев айтты.

«Астана – Алматы арасындағы автомобиль жолы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынып жатыр. Аталған автомобиль жолы «Орталық-Оңтүстік» дәлізіне кіреді. Жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда Астана – Теміртау және Алматы – Қапшағай түйінді учаскелерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуда. Соңғы учаске А-1 технологиялық категориясы бойынша салынуда. Біздің есебіміз бойынша жылдамдық сағатына 150 шақырымға дейін болады. Ал ҚР Заңы бойынша қауіпсіздік ережелеріне сәйкес рұқсат етілген жылдамдық сағатына 140 шақырым. Қалған жол Б-1 технологиялық категориясына сәйкес төрт жолақты болады. Жылдамдық сағатына – 120 шақырым, рұқсат етілгені – 110. Сондықтан екі қаланың арасындағы 1200 шақырым жолды ешқайда тоқтамай 11 сағатта жүріп өтуге болады», –дейді С. Аблалиев.

Елiмiздегi республикалық автожолдардың 30%-ы ақылы болады

2023-2024 жылға дейiн елiмiзде 7 мың км автожолда ақылы жүйе енгiзiлмек. Бұл - республикалық автожол желiсiнiң 25-30 пайызы. Бұл туралы халыққа есеп беру жиынында ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек айтты. 

«7 мың км автожолда ақылы жүйе енгiзiледi. Бұл жалпы республикалық автожол желiсiнiң 25-30 пайызын құрайды. Қаражат автожолдарды толықтай қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл өз кезегiнде республикалық бюджеттiң жүгiн жеңiлдетуге мүмкiндiк бередi», - дейдi Ж.Қасымбек.

Бұл ретте, министрдің айтуынша, тек жүк көлiктерi үшiн ақылы жүйе енгiзiлетiн жол учаскелерi бар. Жалпы, бұл жұмыс 2023-2024 жылдарға дейiн iске асырылмақ. Астана-Атбасар-Жақсы, Шымкент-Қызылорда, Астана-Темiртау, Алматы-Қапшағай-Талдықорған, Алматы-Қорғас, Астана-Павлодар жолдары ақылы болады деп жоспарланып отыр. 

0 пікір
Мұрағат