Алакөл ауданындағы аламан бәйге (ФОТО)
Алакөл ауданындағы аламан бәйге (ФОТО)
8 жыл бұрын 4993 Baq.kz Нүсіпқан Қадырсұлтан

Алматы облысы Алакөл ауданы Ынталы ауылдық округі ат спорт алаңында ауылымыздың ардақты азаматы Қинаятұлы Қуанышбек ағамыз ұлының сүндет тойына арнайы аламан ат бәйгесін оздырды. Аталмыш бәйгеге алыс-жуықтан атағы дүр боп аламанның алдын бермей жүрген, құйрық-жалын шарт түйген небір сайгүліктер келді. 

Ұлттық ат спорт ойындары осынау ынтымағы жарасқан Ынталы ауылында үнемі ұйымдастырылып келеді. Арғы беттен ата-жұртын аңсап келген ағайындардың бұл күнде тұрмыс-тіршілігі өте жақсы. 2015 жылдың өзінде бірнеше мәрте аламан ат бәйгесіне куа болдық. Айталық, ауылдағы 80 жасқа толған Ақмет Құмар және Нұғыман Жидай аталарымызға, сондай-ақ мұсылман баласының бес парыздың бірі қажылықты өтеп келген Көксеген Күлімқандай ақ шылауышты апамыздың, Қожақапан Мәденбектей азаматымыздың баласының үйлену той қуанышына орай өткізген аламан ат бәйгелерінің бәрі ауыз толтырып мақтанып айтарлықтай игі шаралар мен бастамалар. Шағын ауыл өзге жұртқа үлгі болып, береке мен бірлігін, байлығы мен барын көрсетіп отыр. Әр аламан бәйгеде қолындағы тай тулағын, тайыншасын, бағалы сыйлықтарын тігетін қолы ашық, қонағуар, тойшыл қауымның жақсылығын айтып нұрын тасытқым бар.


Бүгін міне біз Қуанышбек ағамыздың дарқан дастарқанынан дәм татып, аламан ат бәйгесін көріп көңілімізді тағы бір мәрте байытып отырмыз. Шынын қуғанда бұл жарыс ең әуелі бір Алланың қалап бұйыртуы, екіншіден, ауылдың береке-бірлігі, ынтымағы жарасқан ағайын, туыс-туғанның арқасы. Үшіншіден, экономикалық тұрмыс-тіршілігінің жақсы болуынан.


Аламан бәйгеде әр өңірден үкілеп әкелген сайын даланың сайгүліктерінің жалпы саны 32 болып, олар 36 шақырымға шапты. Ал тай бәйгесінде бағын сынаған 15 шабандоз 8 шақырым аралықты басып келді. Бәйге десе құлағы елең етіп, тақымын қысып отыратын қазақтың қаны бетіне жүгіріп, кімнің аты келіп бағы жанар екен деген ойы әркімге айтпасада белгілі ғой.

Міне, соңғы мәреге құстай ұшып жеткен жүйріктер де айқын болды. Аламан бәйгенің бас жүлдесін Қызылащы ауылынан келген Жақсыбаев Шалқардың «Қарагері» өз қанжығасына байласа, жүлделі екінші орынды той иесі өзі атбегі, өзі жомарт жігіт Қинаятұлы Қуанышбек ағамыздың «Қара сұлуы» еншіледі. Үшінші орынға Көкирім өңірінен келген Манат мырзаның «Торытөбелі» тұрақтаса, ал төртінші орынға Ынталы ауылындағы Ақубай Құрман молланың «Күрең» жүйірігі жайғасты. Үздік бестікті көрсеткен Көнбаев Фархаттың «Қара қанаты» болса, алтыншы орынға Қожақапан Бұлғынбектің «Торы» жүйрігі сәл ғана шаң үзіп келді. Қазақтың жеті санын тіктеп, соңғы үзілісті ұстатқан жануар ол-Қожақапан Мәденбек ағаның «Долан жирені» болды. Ал тай бәйгесінде Үшарал қаласынан келген қонағымыз Жасқайрат мырзаның «Зере» атты кері тайы бас жүлдені иеленсе, екінші және үшінші орындарға Ақубай Құрман молланың қос тайы бірдей тізгін ұстатты. Көптің көңілін бір сергітіп, делебесін қоздырып қуанышты сәттер сыйлаған жүйріктердің шашаларына шаң жұқпасын деп тілейміз!


Ат бәйгесі ғана емес, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, бура санды, атан жілікті азаматтардың да ат үстінде сыналар сәті болғаны рас. Ол арине, ұлттық ат спорт ойындарындағы бір егейі –көкпар еді. Той соңы жақсы бір көкпар ойындарымен жалғасты. Әрбір жанның жүзінде күлкі, көңілінде қуаныш бар.


Ұлттық ат спорт ойындарын жандандырып жас ұрпақ бойына жігер, қайрат сыйлап, намыс отын үрлеп отырған осындай ізгі іс-шаралар көптен ұйымдастырыла берсе екен дейміз. Ел бастайтын ағаларымыз аман болсын! көшіміз байсалды болғай! Береке-бірлігіміз артып, бейбітшілік аясында гүлденіп көркейе берейік! Қыранның өрлігіндей, көкжалдың бөрілігіндей тектілігімізден айрлмайық, ағайын!

 

0 пікір
Мұрағат