АӘК берудің жаңа форматы. Жиі қойылатын 10 сұрақтың жауабы. АӘК алу үшін 2020 жылғы қаңтар айында да құжат тапсыруға болады
АӘК берудің жаңа форматы. Жиі қойылатын 10 сұрақтың жауабы. АӘК алу үшін 2020 жылғы қаңтар айында да құжат тапсыруға болады
4 жыл бұрын 4076 Молдир Калыкова

Таяуда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АӘК-ке өзгертулер енгізген болатын. Министр 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамай төлеуді ұсынды. Бірақ, бұл үшін көпбалалы отбасыларды атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатарынан шығару қажет екен. Ал осы күнге дейін АӘК отбасының әр мүшесінің табысы 20 789 теңгеден аспаған жағдайға ғана берілетін. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі АӘК-ке осы күнге қандай өзгерістер енгізілгенін анықтап, қазақстандықтар жиі қоятын сұрақтардың жауабын іздеді.

1. АӘК-тің жаңартылған форматына өтініштерді қабылдау қашан басталады? 

Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініштерді қабылдау 2020 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, отбасы ауылдық жерде тұрса кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді.

2. АӘК-ті тағайындау үшін қаңдай құжаттар қажет?  

Өтініш беру  және сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Басқа құжаттар қажет емес.

3. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК қалай беріледі?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды орындап, АӘК төлеу тетіктерін түзету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда барлық көпбалалы отбасы үшін олардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы мен табысы аз отбасылардан шыққан балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді.

Биыл қазанда өткен үкімет отырыстарының бірінде министр Біржан Нұрымбетов жаңа жылдан бастап табысы аз және көпбалалы отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына арналған әлеуметтік пакет жасалатынын мәлімдеді.

Әлеуметтік пакетте балалардың тамақтануы, гигиеналық заттар, балалардың ой-қимыл жүйесін дамытқыш құралдар бар. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы, жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетіледі.

4. АӘК көпбалалы олигархтарға да беріле ме? 

Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты жаңа заң бойынша енді көпбалалы олигархтар да жәрдемақы алатын болды. 

"Енді көпбалалы жанұяға төленетін жәрдемақыны байлар да алатын болды ғой дейсізсіздер. Сізбен келісемін. Бөлейік, дейді. Бөлген кезде шегі қай жерде болады? Қанша теңгеден жоғарыны бай дейміз? Қанша теңгеден төменін кедей дейміз? Ең қиыны - сол. Бүгін ең төмен күнкөріс деген түсінік бар. Соның 70 пайызы кедейлік шегінде. Сонымен біз белгілеп отырмыз. Мен халықты көп қабылдаймын. Жаның ашиды. 20 789 теңге шегі. Содан 100 теңге табысы асып кетсе АӘК алмайды. Оның байға жатпайтынын адам ретінде түсініп отырмыз ғой. Бірақ, заң солай. Сондықтан шекті қоймайықшы, дейміз. Сөйтіп көпбалалыларға жәрдемақы енгіздік. Бұл жерде олигархтар да алады ғой деген сұрақ туындайды. Енді қайтеміз, екеуінің біреуін таңдайық. Біз, мысалы, оған 20 мың беріп отырған кезде соның бір 10 мыңын былай шығарайықшы, табыссыз. Қиналмасын, табысын растамасын. Менің екі-үш әріптесім көпбалалы министр. Солар менен "Біз де аламыз ба?" деп сұрайды. Мен "Сіз де заң бойынша аласыз. Бірақ, елдің патриоты ретінде өтінішіңізді бермей-ақ қоятын шығарсыз" деп қоямын қалжыңдап", - деп түсіндірген еді Біржан Нұрымбетов. 

Нұрымбетовтің сөзінше, қазіргі жағдайда отбасы табыс шегіне 100 теңге жетпесе де, 20 мың теңге жетпесе де АӘК алады.

5. Сыйақы түскенде көмектен айырылып қалмау үшін не істеу керек?

Министр сыйақы түскенде атаулы көмектен айырылып қалмау үшін бөлінген қаражат есебін өткізіп отыру керегін айтады.

"Табысы өзгерді ме, азайды ма немесе заң бойынша егер де сіздің табысыңыз келесі кезеңде өзгеріп кетсе, сыйақы алдыңыз мысалы, ол әсер ете ме. Сіз оны 10 күннің ішінде міндетті түрде мемлекеттік органға баяндауыңыз керек екенсіз. Егер 10 күннен асып кетсе қате болып есептеледі. Сондықтан, менің ұстанымым неғұрлым осындай әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде шарттарды, міндеттемелер, есептіктерді көбейтсек, соғұрлым біз халықты да қинаймыз, өзімізге де мәселе туындайды. Сондықтан біз жаңа ұстанымда осының бәрін жойып тастадық. 18 жыл бойы АӘК тоқсан сайын тағайындалып төленетін. Соған көшеміз", - деген еді Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында.

6. Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет пе?

Жоқ, міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, егер сіз құжаттарды уәкілетті органға 20 сәуірде тапсырсаңыз, онда төлемді де толық көлемде бір ай үшін аласыз.  

7. Жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табысы есепке алына ма? 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, АӘК тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшесі есепке алынады. Алайда, министрліктің "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" ҚР Заңына отбасы құрамын нақтылау бөлігінде толықтырулар енгізіп жатқаны айтылады. Осылайша, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни, ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады. 

8. Отбасы табысын жасырса, ақшаны қайтаруы керек пе?

Министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекке қатысты және қаражатты қайтару жөнінде екі мәселе бар. 

"Бірінші жағдай: АӘК тағайындалған кезде адамдар өзінің ресми табысын жасырып қалған болса - ол АӘК заңсыз тағайындалды деп есептеледі. Бұл жағдайда ол қаражатты қайтаруы тиіс. Мәселен, АӘК тағайындалып, төленіп жатқан кезде бір өзгерістер болды делік. Оны заңда былай дейді: мысалы, АӘК-ті ай сайын емес, кейбірде 3 ай қосып төлейтіндер бар. Көбірек болсын, бір ісіңізбен айналысасыз ба, жұмсайсыз ба деген сияқты оймен. Бұл жағдайда АӘК 6 айға, 12 айға тағайындалады. Сөйтіп келесі тоқсанда біздің мамандар оны қадағалайды", - дейлі министр Нұрымбетов.

9. Қанша жастағы балалар АӘК ала алады?

Министрліктің сайтындағы мәліметтерге қарағанда, жңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады.

10. АӘК қалай төленеді?  

Егер отбасының жалпы табысы барлық мүшелерге бөлген кезде 29,698 теңге болатын күнкөріс минимумының 50 пайызына жетпесе, яғни, олар кедейлік шегінен төмен (14 849 теңге) болса, АӘК тағайындалады.

Мысалы, отбасында 6 адам (4 бала), жалпы табысы 100 000 теңге. 100000/6 =16 666; бұл сома кедейлік шегінен асып кетеді, бұл отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды.

Немесе

8 адамнан тұратын отбасы (6 бала), жалпы табысы 80 000 теңге.

80000/8 = 10 000; 14 849 - 10 000 = 4849;

4849х 8 = 38 792 - бұл отбасы үшін ай сайынғы АӘК осындай.

АӘК алу үшін 2020 жылғы қаңтар айында да құжат тапсыруға болады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев және ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев Шымкент қаласы және Түркістан облысына жұмыс сапары барысында халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне және аудан тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа ережелерін түсіндірді. Бұл жөнінде аталмыш министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Бірінші вице-министр Сайрам ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына барды. Жылқыбаев орталық қызметкерлеріне АӘК жаңа форматта тағайындау мәселелерін азаматтармен алдын ала пысықтауды ұсынды.

«Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. Енді сіздердің негізгі 2 міндетіңіз бар: желтоқсан айына төлемдерді келесі жылға ауыстырмай жыл соңына дейін төлеу және азаматтарға қаңтар айында АӘК тағайындау үшін құжат тапсыруға болатынын және ақпанда әлеуметтік көмек алатынын түсіндіру. Олар жаңа жылдық мерекелерден кейін алаңдап, жұмыспен қамту орталықтарында кезек құрудың қажеті жоқ», — деді ол.

Сонымен қатар, Сайрам ауданында Ержан Жылқыбаев нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында АӘК, грант пен микрокредит алғаннан кейін өз ісін ашқан ауыл тұрғындарымен кездесті.

«Осы адамдардың біреуі шағын бизнесті үйде ашты, біреу мектепке дейінгі білім беру курсын ұйымдастырды. Бұл — мемлекеттің қолдауын пайдалана отырып, отбасының материалдық жағдайын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар, жақсы табыс табуға да мүмкіндік беретін мысалдар. Мен жұмыссыз адамдарды кәсіпкерлікті дамыту үшін жақсы тетіктер көзделген «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына белсенді қатысуға шақырғым келеді. Сонымен қатар, көпбалалы аналарды кіші және шағын бизнеске тарту үшін келесі жылдан бастап кредит беру мерзімі артып, кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме азаяды», – деді Ержан Жылқыбаев ісін жаңа бастаған кәсіпкерлермен кездесу соңында.

Бүгін бірінші вице-министр Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Қала тұрғындарының алдында сөз сөйлеген Ержан Жалқыбаев 12 желтоқсанда ҚР Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдағанын еске салды.

«Заң көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізуді, АӘК көрсету тетіктерін жетілдіруді және табысы аз отбасынан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізуді көздейді», – деді Ержан Жылқыбаев.

Сонымен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

АӘК ұсынудың жаңа тәсілдері мыналарды көздейді:

- әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;

- АӘК тағайындаудың қазіргі шекті критерийін сақтау — отбасының жан басына шаққандағы орташа табыс күнкөріс деңгейінің 70%-ынан кем болуы керек;

- отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшерін жан басына шаққандағы кірістер мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықтау;

- еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту, егер олар жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда АӘК төлеу барлық отбасы үшін тоқтатылады;

- учаскелік комиссиялардың осы процестегі рөлінің күшеюімен отбасының материалдық жағдайына зерттеу жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайту.

Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну аясында 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балалары азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық заттарымен қамтамасыз етіледі, 6 жастан 18 жасқа дейін олар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдары мен мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек ақысыз медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.

Сөз соңында Жылқыбаев заңға сәйкес ағымдағы жылы тағайындалған АӘК жарты жылға тағайындалғаны немесе бір жылға тағайындалғаны маңызды емес, 31 желтоқсанға дейін әрекет ететінін атап өтті. Жұмыс сапары барысында бірінші вице-министр, сондай-ақ, ХҚКО-ға, ХЖҚО-ға және Шымкент қаласының халықты жұмыспен қамтудың мобильді орталығына барады, онда қызметкерлермен қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ, АӘК алғаннан кейін бизнес ашқан қала тұрғындарымен кездеседі. Осындай түсіндіру жұмыстарын 26-27 желтоқсанда Түркістан облысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев жүргізеді.

Естеріңізге сала кетейік, 24-25 желтоқсан аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұкышев Қарағанды облысында АӘК-тің жаңа тетіктерін енгізу бойынша халыққа және Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне түсіндіру жұмысын жүргізді.

Бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңірлерге жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарының, сонымен қатар Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындарына АӘК тағайындаудың жаңа тетіктері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

0 пікір
Мұрағат