2018 жылдан бастап дәрі бағасы біркелкі етіледі
2018 жылдан бастап дәрі бағасы біркелкі етіледі
7 жыл бұрын 2755 naryk.kz Елжан Біртанов

Бүгінде бөлшек сауда желісінде сатылатын дәрі-дәрмектің шекті бағасын бекіту туралы заң жобасы әзірленген. Жоба күзде ҚР Парламентінде таныстырылатын болады. Бұл туралы Үкімет үйінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.

Министрдің айтуынша, халықтың медициналық көмекке жұмсайтын шығынын азайту керек.

«Халықаралық сарапшылар мен денсаулық сақтаудың ұлттық шотының деректері бойынша денсаулық сақтауға жұмсалатын қаражаттың шамамен 40% – азаматтардың жеке шығындары. Бұл тым жоғары көрсеткіш деп есептейміз», – деді Е. Біртанов.

Денсаулық сақтау министрлігі алдымен дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығындарды қысқартуға ниетті. 2016 жылдан бастап ведомство мемлекеттік мекемелердегі дәрілердің бағаларын реттеумен айналысады, дегенмен ведомствоның жекеменшік дәріханалардағы бағаларды реттеуге құқығы болған жоқ.

«Сол үшін бөлшек сауда желісінде сатылатын дәрі-дәрмекке шекті бағаны бекітудің тиісті заң жобасы әзірленді. Заң жобасын оған тікелей қатысы бар – бизнес қауымдастықпен және республика жұртшылығымен талқылау қажет», – деді ведомство басшысы.

Министр 2018 жылдың басында бөлшек сауда желісіндегі дәрі-дәрмекке шекті бағалар белгіленіп, күллі Қазақстан аумағында бірыңғай баға орнатылатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, аталған заң жобасында дәрі-дәрмек сатып алу, оларды дәріханаларға дейін жеткізу жұмыстарын бірыңғай дистрибьюторға жүктеу мәселелері қаралған.

Сонымен қатар, спикер амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ететін бағдарлама туралы да айтып өтті. Бұл бағдарламаға 50 ауру түрі енгізілген. Қазақстанның әрбір азаматы егер қолында емделу туралы хаттамасы болса, тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы. Бұл бағдарламаға республикалық және жергілікті бюджеттен жыл сайын шамамен 90 млрд теңге бөлінеді. Жаңа заң жобасына сәйкес тендер орталықтанған түрде шілде-тамыз айларында өткізілетін болады. Бұл барлық жеткізулердің уақытылы орындалуына, логистика қызметтері бойынша қызмет құнын төмендетуге, сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі мен олардың тізбесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

0 пікір
Мұрағат