17 жасында миллионер болған қазақ баласы (сұхбат)
17 жасында миллионер болған қазақ баласы (сұхбат)
7 жыл бұрын 3511 zamana.kz Сұхбаттасқан: С. КЕНЖАЛИЕВА

Қазақта «Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу!» деген әдемі, мән-мағынасы зор сөз бар.

Жас кәсіпкер, бүгінде бірнеше саланы игеріп отырыған Арман Тосқанбаевты ата-анасы осы қағидаға сүйеніп тәрбиелеген. Яғни, оны ештеңеден шектемеген. Қайда барамын, не істеймін десе де ерікті баланың өзіне берген. Соның нәтижесін бүгінде Арман баршаға көрсетіп келеді. Бүгінде оның жасыл технология өндіретін, отандық сағаттар шығаратын компаниялары бар. Өзінің жеке шаруа қожалығын және Жас кәсіпкерлер ассоциациясын басқарып отыр. Таяуда ол біздің газеттің оқырмандарына кәсіпкерлікке қатысты кеңестер берді.

17 жасында 1 миллион теңге табыс тауыпты.

Арман, бізге өзің жайлы айтып берші. Бай-бақуатты отбасынан шыққан балаға ұқсайсың...

– Мен Қарағанды облысының Майқұдық ауданында дүниеге келгенмін. Тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Анам – Алмагүл, әкемнің есімі – Айдос. Ол кісілер қарапайым шаруамен айналыс­қан, анам аспазшы-тұғын, ал әкем түрлі салада еңбек етті. Бір сөзбен айт­қанда, бай-бақуатты өмір сүрдік деп айта алмаймын. Жоқшылықты да көрдік. Ол кісілердің тапқан табысы күнкөрі­сімізге жетпейтін кездерді де бастан өткердік. Сонда 4-ші сыныпта оқып жүргенде елмен бірге темір-терсек өткізіп, ата-анама көмектесетінмін. Қазір ойласам, бизнеске деген қабілетім сол кезде пайда болған екен ғой.

Ал 6-шы сыныпта оқып жүргенде мені «Мен неге талантсызбын?», «Неге мен бір салаға ден қойып, соны меңгермеймін» деген ой мазалай бас­тады. Содан не керек, мектептегі Жадыра Мұратханқызы деген информатика пәнінің мұғалімі маған көмек қолын созып, компьютердің тілін меңгеруге мүмкіндік берді. Компьютерлердің ана жерін бір, мына жерін бір шұқылап жүріп, оның тілін тез тауып алдым. Соның арқасында мұғалімдердің, сыныптастарымның компьютерлерін жөндеп беретін дәрежеге жеттім. Олар ақысына 200, 500 теңге береді. Ол кезде бұл ақшаның кәдімгідей құны бар еді. Міне, осылайша мен мектеп қабырғасында жүргеннен ақша таба бастадым.

10-сыныпта өз бизнесімді бастадым, яғни, компьютер сататын орталығымды аштым. Ол кезде «Валют-Транзит банк» банкротқа ұшырап жатты. Мен оның компьютерлерін 4 мың теңгеден сатып алдым да, жөндейтінін жөндеп, істейтін бөлшектерін құрастырып, бір компьютерді 20 мың теңгеден сататын болдым. Ол үшін таңғы 6-да тұрып, қалада хабарландыру жабыстырамын. Онда компьютердің фотосы, сипаттамасы, бағасы, байланыс телефондары жазылып тұрады. Сол арқылы біраз адамдар хабарласты. Аптасына 4-5 компьютер сатып, айына 100-150 мың теңге тауып жүрдім. Осылайша 17 жасымда ең бірінші бір миллионымды таптым. Оны қалай санағаным әлі күнге дейін есімде…

Оқу қайда қалды? Жоғары білім алмадың ба?

– 11-сыныпты бітірген жылы тест­тен нашар балл жинап қалып, университетке түсе алмадым. Сондықтан, тағы бір жылымды компьютер сатуға арнадым. Келесі жылы Ресейдің Томск қаласындағы университетке «Ұшу динамикасы мен ракета құрастыру» факультетіне грантқа түстім. Ол жақта да босқа жүрмей, достарыммен бірге бизнеспен айналыстық. Яғни орман шаруашылығымен айналысатын бір қытай жігітпен серіктес болдық.

Бірақ, мен әлгі жоғары оқу орнын аяқтамадым. Себебі, оқып жатқан мамандығым маған түк те қызық болмады. Содан Қазақстанға келіп, консалтингтік жұмыстармен айналыстым. Кейіннен «Интертел» деген компанияға техник болып жұмысқа тұрдым. Бір жылдан кейін техникалық директор, директордың міндетін атқарушы қызметіне дейін көтерілдім.

Балаға шектеу қоймау керек дейді

Сонда ата-анаң: «Балам, мұның не? Диплом алмайсың ба?» деген жоқ па?

– Жоқ, ол кісілер менің әр шешіміме құрметпен қарайтын. Бала күнімнен маған шектеу қоймаған. Негізінде әрда­йым ата-ананың айтуымен, қадағалауымен жүрген баланың ой-өрісі, таным-түсінігі жақсы дамымайды. Өз бетінше әрекет ете алмайтын адам болып шығады.

Жалпы, мен бала сабақты тек «4» немесе «5» деген бағамен оқу керек, «Балам, жақсы оқы, жақсы оқу орнына түсіп, қалайда диплом ал!» деген қағиданы ұстанатын адамдарды онша түсін­беймін. Баланы әу бастан қай салаға икемі бар, қандай мамандықты таңдайды, тек соған ғана бейімдеу керек. Баланы тек бүгінгі күннің талабына, қажеттілігіне қарай бейімдемеу керек, алдағы 10-15 жылда елдің жағдайы қандай болады, қандай салаға мамандар қажет болады, сол жағын ойластыру керек.

Сондай-ақ, ақыл-есі бүтін әрбір жоғары сынып оқушысы немесе студент өзіне: «Менің қолымнан не келеді?» немесе «Мені қандай шаруа қызықтырады?», «Ертең мен кім боламын?» деген сұрақ қоюуы керек. Сосын сабақтан тыс уақытта өзін қызықтыратын бір салаға бейімделуі тиіс. Мәселен, сіздің бет әрлеуге икеміңіз бар ма, онда көп уақыт өткізбей арнайы курсқа жазылыңыз. Ерінбей соның қыр-сырын мең­геріңіз. Сонда университет бітіргенде негізгі мамандығыңызға қоса тағы бір саланы игеріп шығасыз. Бүгінгі уақыт жалқауларды жағаға шығарып тастайды. Жалқаусың ба, ештеңеге қызықпайсың ба, онда сенің ешкімге керегің болмай қалады.

«Мен мынадай болар едім, әттең таныс жоқ», «Істейін десем жұмыс жоқ» дейтін жастар көп қазір. Соларға қандай кеңес берер едің? Қазір не нәрсеге сұраныс бар, немен айналысса болады?

– Тамыр-танысқа арқа сүйеген адам ешқашан алысқа бармайды. Мейлі, бүгін көмектесер, ертең де қол ұшын берер, бірақ арғы күні ол сізден құтылғысы келіп тұрады. Себебі сұраншақ адамды ешкім жақтырмайды. Сондықтан, әрқашан тек өзіңізге сеніңіз. Жұмыс жоқ па, онда өзіңіз жұмыс орнын ашыңыз. Кәсіппен айналысыңыз.

Ол – сіз ойлағандай қиын шаруа емес. Бұл жерде ең бастысы – «Мен кәсіпкер боламын!» деп шешім қабылдау. Қалғанының бәрі оп-оңай. Кәсіпті неден бастау керегін білмейсіз бе, онда кәсіпкерлік мектептеріне барып оқыңыз, сұраңыз. Арнайы мамандардан жол көрсетуін өтініңіз. Және ол үшін еш ұялмаңыз.

Бизнесті қарызға ақша алып бастамау керек.

Ал сонда алғашқы қаражатты қайдан алады? Онсыз бизнес бастау мүмкін емес шығар?

– Әрине, бизнесті бастауға жеткілікті қаражатың болса жақсы. Ал болмаса ше? Мұндайда адамдар таныстарынан қарызға ақша алады. Міне, осы жерге келгенде көп кәсіпкер сүрініп жатады. Неге? Себебі, әр адам бизнесті бастағанда оның қыр-сырын жете түсіне бермейді. Бір сөзбен айтқанда, оның бизнес туралы білімі болмайды. Нәтижесінде ақшаны мақсатсыз жұмсап, банкротқа ұшырайды. Яғни, не ашқан кәсібі жоқ, қарызға белшесінен батады.

Ендеше, мұндай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек?

– Егер сіз қандай да бір іспен шұғылданғыңыз келсе, онда ойланыңыз. Мәселен, бизнесті бастауыңыз үшін сіз әлдекіммен уақытша серіктес болуыңыз керек шығар. Яғни сіз өндіресіз, ал ол кісі оны өткізуге қол ұшын беруі мүмкін. Немесе «бартер» деген бар. Яғни, сіз оның бір шаруа­сын тындырып бересіз, есесіне ол сіздің бизнесіңіздің өсіп-өркендеуіне қол ұшын береді.

Жаңа айтып өттім ғой, қосымша курстарға қатысу керек деп. Мәселен, егер сіз шаштараз мамандығын меңгерген болсаңыз, онда 2-3 ай әлдекімнің қарамағында жұмыс істеңіз. Егер сіз мықты маман болсаңыз, онда бұл тірліктен айына 300 мың теңгеге дейін табыс таба аласыз. Осылайша тап­қан ақшаны жинай отырып біраз уақыттан соң өзіңіздің жеке әсемдік салоныңызды ашып алсаңыз болады. Қысқасы, бизнесте тек ойлай білу керек.

Ерекше үлгідегі сағаттар шығаруда.

Өзің басқарып отырған салаларға тоқталсақ...

– Менің бизнесте 10 жылдық тәжірибем бар. Сондықтан, қандай да бір салада табыс бар екенін көрсем, қорықпай кірісіп кете беремін. Қазір жасыл технологиядан өзге, патриоттық «Отан» қолсағаттарын шығарып жатырмыз. Ашылғанына бір жылдан асты. Қазір 6 түрлі сағат шығарамыз. Ең алғашқысы – «Отан» сағаттары.

Бұл идея қайдан келді? Бірер жыл бұрын бір бизнесім банкротқа ұшырады. Жаңа идея керек болды. Сонда «Еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл. Осыған байланысты неге патриоттық сағат шығармасқа?» деген ой келді де, отырып алып сағаттың дизайнын сыздым. Сосын оны әлеуметтік желілерде жариялап, адамдарға ұсыныс жасап көрдім. Көп адамдар сатып алатындықтарын айтып, пікір білдірді. Осылайша алғашқы 100 сағат 2015-жылдың желтоқсан айында шықты да, бір айда толық сатылып кетті. Ал «Президент» қолсағаттары толығымен Маямиде құрастырылады. Алғашқыда «Отан патриоты» сағаттарын қажетті бөлшектерін Еуропадан алып келіп, Қарағандыда жинадық. Кейін оларды да Еуропада құрастыруға жібердік. Сағаттар швейцариялық, жапониялық механизммен жұмыс істейді. Әйнегі сапфир, қалыбына алтын жалатылған. Менің ойымша, мемлекеттік рәміздер бейнеленген сағаттардың сапасы төмен болмауы керек.

Бұйыртса, 2017-жылы Ресей мен Түркияның нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Оған көмектесетін серіктестер де тауып қойдық. Ол үшін Ресей мен Түркияның елтаңбасын сағатқа саламыз. Бұл үрдіс әлем бойынша әлі дамымаған, ондай сағаттар көп емес.

Тауарды өндіріп, оны импорттауға бейімделу керек.

Қазір жастарға қандай іспен айналысқан тиімді?

– Қазақстанда импорт өте жақсы дамып келеді. Бірақ, оған ешкім кірісіп жатқан жоқ. Елімізде бос салалар өте көп. Неге тауық етін мұхиттың ар жағындағы Америкадан, қой етін Қытайдан әкеледі? Неге ІT-технология­лар мен киімдер шетелден келеді? Соны елімізде дамытып, өндіруге де болады. Қазір Ресейдің нарығы ашық. Оларға бұрын Еуропадан заттар әкелінсе, қазір жауып тастаған. Сондықтан, Қазақстаннан сол жаққа шығуымызға болады. Менің болжамым бойынша алдағы бес жылда импорт­тық өнімдердің орнын басатын бизнестер дамитын болады.

Мысал үшін, қазір бәрімізге таныс қол жуатын құрылғыны (смеситель) алып қарайық. Бүгінде оның сан түрі шығарылуда. Бірақ, өздігінен су ағызатын, сезімтал түрі сұранысқа ие боп тұр. Соның қалай жасалғанын зерттеп қарасаңыз, оп-оңай. «Датчигін» алдыртып, өз елімізде де құрастыруға болады. Міне, осындай шеттен келіп жатқан тауарлардың баламасын өзімізде жасап, оны таратумен айналысу керек.

Баланың қандай болмағы ата-анаға байланысты.

– Заманауи болуды қымбат бағалы телефонмен, көлікпен немесе соңғы үлгідегі киім-кешекпен өлшейтін қатарластарыңды көріп жүрген шығарсың. Оларға қарап не айтар едің?

– Өте орынды сұрақ. Балаларына «Айфон» сатып әперіп, онысын «Балам қатардан қалмасыншы», «Қайтем енді, қоймай алдыртты» деп ақтап шығатын ата-аналар да күн санап артып келеді. Мен сол кісілерге, яғни, ата-аналарға былай деймін: Тұрмысқа, өмірге қажетті заттардың екі түрі болады, бірі – актив, екіншісі – пассив заттар. Әлгіндей «Айфон», машина секілді заттардың бәрі – пассив. Яғни, ол табыс әкелмейді, керісінше, жылдан жылға табысыңызды кемітеді. Машина да солай, алған сәттен бастап оның құны түседі, жөндеуіне, басқа да қажеттілігіне қаржы жұмсайсыз. Сондықтан, аяқтан нық тұрып кеткенше ондай заттарды алудан аулақ болу керек. Қаражатыңызды балаңыздың біліміне салыңыз. Білім – тозбайды, керісінше, миллиондап табыс табуға жол ашады.

Егер сіздің балаңыз болашақта кім болатынын білмесе, жасы 25-ке келгенше бір істің көзін таппаса, оған ата-ана кінәлі. Себебі, олар баласына кішкентайынан еңбектің наны тәтті екенін, еңбек еткен адамның қор болмайтынын құлағына құйған жоқ. Айтқанын істеп, сұрағанын әперіп өсірген деп түсінемін.

Кеңестеріңе рахмет, Арман. Ісің алға баса берсін!

0 пікір
Мұрағат