Ұлттық арнаның трансвиститке төрін бергені қалай?
Ұлттық арнаның трансвиститке төрін бергені қалай?
8 жыл бұрын 6090 qamshy.kz

Қазақ телевизиясына қатысты сын аз айтылып жүрген жоқ. Қанша жерден «Өз қазағымыз ғой, жаман жерін жасыра тұрайық» десек те ондағылар қазақ қоғамына түрлі тосынсый ұсынуын қояр емес. Соңғы уақытта онсыз да арзан күлкі мен шуылдаққа толып кеткен отандық арналардың бірінде, дәлірек айтсақ, Ұлттық арна мәртебесіне ие «Қазақстаннан» бұрын (қазақ телевизиясынан) көз көріп, құлақ естімеген бағдарлама көрдік. Танымал жүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін  «Әйел бақыты» жобасы басқа тақырып таппағандай төрін трансвиститке (жынысын ауыстырған адам) ұсыныпты. Бұл жерде «Төрін ұсынды» дегенді сөздің әдемілігі, тартымды тіркес үшін қолданып отырған жоқпыз. Бағдарламаға қонақ ретінде Қостанайдан қалап алдырған әлгі трансвистит бір өзі бағдарлама жүргізушісі бар, арнайы сарапшы ретінде шақырылған психологы бар, уролог-андрологы бар, Ұларбек Нұрғалымдай ақыны бар, барлығының аузын жауып отырды. Тіпті, Қазақстандағы жігіттердің пәленбай пайызы трансвистит болғысы келеді дегендей статистика айтып, әлек қылды. Бағдарлама ұйымдастырушыларының әлгі «қонақтың» трансвиститтерді психологиялық ауытқуы бар науқасқа теңеген маманға шаптыққанына қарап шақырудағы мақсаты орындалды дей алмаймыз. Телебағдарламалар арасындағы рейтингі жоғары отбасылық бағдарламаға қатысқан әлгі адасқан республикалық эфирден өз мүддесін таратып кетті. Сөйтіп, «Әйел бақыты» артық қыламын деп, тыртық қылды. Ләйлә Сұлтанқызы, телеарна басшылығы қыз-келіншектерге бағытталған бағдарламаға тақырып таппай қиналып жүр дей алмаймыз. Қоғамда әйелдердің, қыз-келіншектердің қаншама қиын тағдырына куә болып жүрміз. Күйеулері құмар ойнайтын, пара алғаны үшін дүниесі тәркіленіп, темір торға тоғытылған әйелдерді жүздеп табуға болады. Бүгінде күйіп тұрған діни экстремизм, радикалдық ағымдардың «жаңалықтары», Конституция мен ел заңдарын мойындауы қиын салафилер арасында кең тарап бара жатқан талақ мәселесі, дін негіздерін қате түсінудің салдарынан қысқа уақыт ішінде қырық байға тиген келіншектер тағдырының өзі біраз әңгімеге арқау болмай ма? «Әйел бақытын» көріп отырып, осындай ойға қалдық. Бағдарлама жиіркеніш туғызатын мұндай негативті електен өткізбей ел назарына ұсынғаны дұрыс болмады. Осы хабарға арнайы шақырылған ақын Ұларбек Нұрғалымұлының «Жағамды емес, кеңірдегімді ұстадым!» дегенінен асып ештеңе айта алмаспыз. Бұлай кете берсе, телеарналарымыздың суицид жасауға оқталып, аман қалғандардың «тәжірибесімен» де «таң қалдыруы» ғажап емес.

Зәуре Тоңболатқызы


5 пікір
  • Азды деген осы...
    8 жыл бұрын
  • Телеарна ашық- шашық қатты кетіп бара жатыр-ау
    8 жыл бұрын
  • ЖАБУ КЕРЕК ОСЫ БАҒДАРЛАМАНЫ,СЕБЕБІ КӨБІНЕСЕ АДАМДАРҒА БЕТІМЕН КЕТУДІ,ОҢБАҒАНДЫҚТЫ НАСИХАТТАЙДЫ.
    8 жыл бұрын
  • ТАҚЫРЫП ТАБЫЛАДЫ ӘЛБЕТТЕ ӘРИНЕ,БІРАҚ ӘҢГІМЕ ОНДА ЕМЕС,ЖҮРГІЗУШІНІ АУЫСТЫРУ КЕРЕК, СОЛ АРНАНЫҢ ЖӘНЕ СОЛ БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТӨҢІРЕГІНЕ ИМАНЫ КӘМІЛ АДАМДАРДЫ ЖИНАУ КЕРЕК,ӘЙТПЕСЕ ҚҰМАР ОЙНАҒЫШТАРДЫ,ПАРА АЛҒЫШТАРДЫ ЖӘНЕ ИМАМДАРДЫ ТЫҢДАМАЙ ЖҮРГЕН САЛАФИТТЕРДІ ОНДАЙ ӨЗДЕРІНІҢ ИМАНЫ ӘЛСІЗ АДАМДАР ЕШҚАШАН ТЫҢДАТА АЛМАЙДЫ.АЛЛАХУ АКБАР.
    8 жыл бұрын
  • Осындайларды жазғырып, әшкерелеудің орнына оларға көңіл бөліп телеарнадан көрсетеді, цензура жоқ, ұлттық-мәдени идеология, яғни халықты кинодағы, жарнамадағы, телебағдарламалардағы жаман ақпараттан қорғау деген сияқты болу керек қой.
    8 жыл бұрын
Мұрағат