Түрік киносына түсіп жүрген жалғыз қазақ
Түрік киносына түсіп жүрген жалғыз қазақ
2 жыл бұрын 1451

Түркияның кинематография саласында еңбек етіп жүрген қандасымыз Баһадүр Хәкім отандық кино өнеріне өз үлесін қоспақ ниетте. Түрік көрермендері арасында әжептәуір танымалдылыққа ие болып, бедел жинаған қазақ азаматы осы күні «Атажұрт жолында» атты ірі жобаға кірісіп жатыр. Шетте жүрген қазақ баласының тарихи отанына оралуы туралы деректі фильмді осы елдің бас телерадиокомпаниясы да қаржыландырмақ.

Баһадүр қазір «Ulan Istanbul» сериалына түсіп жатыр. Жаңа картина енді ғана басталса да, телекөрерменнің көңілін баураған комедиялық түсірілімде қандасымыз Қытай аспазшысының рөлін сомдайды. Тек бұл жобада емес, қалған киноларында да Баһадүр жапон, кәріс және қытай азаматтарының рөлін ойнаған. Түркиядағы жалғыз қазақ актерінің шеберлігін елдің танымал режиссерлары жоғары бағалап отыр. «Осы рөлді сомдап беретін адам таба алмай жүргенмін. Түркияда қытай актері жоқтың қасы. Кейін бірнеше режиссер маған Баһадүрді алуға кеңес берді. Қазақ баласының бойындағы талантты бірден байқадым. Сериал рейтингісінің жоғары болуына оның қосқан үлесі аз емес. Қазір тіпті Түркияда Баһадүрдің фанаттары клуб құрып алған» - дейді «Ulan Istanbul» сериалының бас режиссері Мұрат Өнбул. Қазір Баһадүр «Атажұрт жолында» атты тележобаны қолға алды. Деректі фильмнің сценариін жазып, түсірілімге дайындалуда. Бұл ой оған атамекенге деген сағыныштан пайда болған. Түріктің бас телерадиокорпорациясы қаржыландыратын фильмде шетте жүрген қазақ баласының атажұртқа оралуы көрсетіледі. «Негізгі атажұртым Шығыс Қазақстан облысы. Бір жылдары қазіргі Астананы да мекен еткенбіз. Семей, Өскемен одан кейін, Қытайға өтеміз. Қытайда Алтай және Тарбағатай өңірін паналадық. Қиын-қыстау жылдары Гималай тауынан асып, одан кейін Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға келдік. Қазір талай қазақты сенделткен көш туралы да жоба жасасам деп жүрмін дейді қазақ актері Баһадүр Хәкім. Баһадүрдің арманы – қазақ киносындағы басты рөлдердің бірін сомдау. Сондай-ақ қандасымыз қазақ актерлерін Түрік еліне кеңінен танытып, Қазақстанда кино саласының өте қарқынды дамып келе жатқанын көрсеткісі келеді.

P.S. Ол бірде қытай, бірде жапон, бірде өзбек кейпіне енеді. Әсілі, түріктердің киноларынан өз қандасымызды тани алмас ек. Моңғол тектес сипатының арқасында талай картинаға түсіп, Түркияда танылып үлгерді. Ол қатысқан фильмдерді тізбелеп көрейікші… «Акация аялдамасында» Вангтің, «Бетперделі бес кісі» фильмінде АҚШ әскерінің, «Қалтарыстағы көшелер» телехикаясында өзбек мафиясының рөлін, «Америкалықтар Қаратеңізде» фильмінде Ли Тинг атты агенттің рөлін сомдады. «Г.О.Р.А» фильмінде жапон Мехметті және «Ала көлеңке қараңғылықта» Тактук, «Нәпақада» Ванг Ли рөлдерін ойнайды. Тіпті, әйгілі Араштың бейнебаянына да түсіпті. Былтыр күзде ғана жарыққа шыққан «Екі дос» фильмінде қандасымызға басты рөл бұйырған. Мұнда да қытайлық кәсіпкер рөлінде. 

1 пікір
  • Осы жобага коршилес Озбек, Туркимен, Иран жане Кытайдан келген кандастар да бас косып пикир алмасса еди, биздин де аталарымыздын басынан киын кыстау замандар откен. Сол ушин биликти тарихшылармен кенесип, кателер жибермей кино тусирсе инша Алла ойдагыдай болар.
    2 жыл бұрын
Мұрағат