«SAFI» – қажеттіліктен туындаған жоба
«SAFI» – қажеттіліктен туындаған жоба
2 жыл бұрын 1932 muslim.kz
Исламдық қаржы маманы, кәсіпкер Едіге АЛПЫСБАЙ мырзамен сұқбат.

– Едіге мырза,  халық сізді Ислам қаржы саласының білгір маманы ретінде таниды. Қандайда бір банктің ресми өкілісіз бе, әлде осы сала бойынша кеңесшілік қызмет көрсетумен айналысасыз ба?

- Расымен де, Ислам қаржы маманы деп танитындар мені, көбінесе, банк қызметкері ретінде қабылдап жатады. Пайызсыз несие бересіздер ме? Оны қандай шарт негізінде алуға болды? деген сауалдармен жекелей де байланысып жататындар бар. Негізінде, мен Малайзиялық «Amaniadvisors» (Амани Эдвайзорс) деп аталатын консалтинг компаниясының ресми өкілімін. Оның әлемнің тоғыз мемлекетінде өкілдігі бар. Бірер жыл бұрын Астана қаласында ТМД бойынша өкілдігі құрылған болатын. Содан бері мен Басқарушы директор қызметін атқарамын. Бұл компания Ислам қаржы нарығы бойынша, Ислам банктерінің құрылуына, әрі осы бағытта құнды қағаздар шығаруға қатысты жан-жақты ақыл-кеңестер берумен айналысады. Сондай-ақ, сол нарықтан инвестиция тартуға, оның қажетті шарттарын орындауға байланысты қосалқы ақыл-кеңес қызметтер де көрсетеді. Біздің біздің қызметті көп тұтынушылар негізінен мемлекеттік коипаниялар немесе Ислам қаржы нарығынан инвестиция тартқысы келетін ірі кәсіпорындар.

– Бұл сіздің негізгі қызметіңіз бе?

– Маман ретінде атқаратын қызметім осы. Бірақ бұдан бөлек бірер жобамыз бар. Оларды қатар дамытуға да күш жұмсаймын.

– Ол қандай жоба екенін айта отырсаңыз?

– Мен жаңа айтқанымдай, мамандығым халықаралық қаржы нарығына тікелей қатысы болғанымен, жастайымнан шығармашылыққа бейім, ұлттық өнер мен дәстүрге жаным жақын боп өстім. Сол себептен қашан да бизнес пен шығармашылықты біріктіруге тырысатынмын. Соған лайық жобалармен айналысуды көздейтінмін. Қазір осы негізде ашылған «қазақша ойлайтын» жарнама агенттігіміз бар. Енді қазақ тіліндегі бейне контенттерді толықтыруды көздейтін арнайы студия ашу жұмыстарына кірістік. Бұдан сәл бөлек, таза коммерциялық бағытта ашылған «Safi»Ислам галереясы деп аталатын әдемі дизайнмен жасалған діни картина, сувенир сынды сыйға тарту ететін сапалы бұйымдар сататын дүкендер желісіміз бар. Елжас Маратұлы атты досымыз екеуіміз бұл жобада серіктеспіз.

– Мұндай жоба қайдан ойларыңызға келді?

– Құдайға шүкір, бүгінгі таңда халқымыздың, әсіресе жастардың дінге деген көзқарасы күннен күнге артып келеді. Әр мұсылман баласы үйінде, офисінде Құран аяттары жазылған әдемі, сапалы дүниелердің тұрғанын қалайтыны жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда, бұл сала қажеттілік тудырып отыр. Бірде жақын танысыма аят жазылған картина сыйға тартайын деп бүкіл Алматына шарлағаным бар. Бірақ көңілімдегі сапалы дүниені таппадым. Сосын бұл саланың қажеттілік екенін біліп, осы жобаны қолға алдық.

– Кәде сыйға арналған заттардың қатары мұсылмандық сипатпен толығып жатқаны қуантарлық екен. Кім өндіреді, қайдан әкелесіздер?

– Біз өз өнімдерін әлем елдеріне тарататын Түркияның ең ірі үш өндіруші компаниясымен тығыз байланыс орнаттық. Олар жасайтын ең бағалы заттарды, мүмкіндігінше біздің елдің танымы мен талғамына сай таңдап әкелеміз. Онда кереге картиналары, сонымен қатар сан алуан сувинирлер мен статуэткалар және өзге де кәде сый заттарына толы Ислам галереясы бар. Біз ұсынып отырған барлық картиналар мен сувенирлер мысыр және «суваровски» тастарымен көмкерілген. Келешекте, дүкен сөрелерімізді отандық және шетелдік қолөнер шеберлеріне арнайы тапсырыс беріп, ұлттық нақыштағы бағалы бұйымдармен де толықтыруды мақсатты түрде жүзеге асырмақ ойдамыз.

– Тауарларыңыздың бағасы қалай?

– Дүкенімізге бас сұққан адам өзінің қалтасына қарай ұнаған дүниесін ала алатындай арзан, орташа, қымбат бағадағы дүниелерді ұсынып отырмыз. Бірақ қандай бағада болса да, ең бастысы, әр тауарымыз сапалы, әдемі.

– Сіздер өз бұйымдарыңызбен еліміздің қай өңірлерін қамтамасыз етіп отырсыздар?

– Біздің бұйымдарды сататын дүкендеріміз қазіргі таңда Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында ірі сауда орталықтарында жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан ашуды да жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, тұтынушыларымыз «safi.kz» атты сайтымыз арқылы да өзіне ұнаған өнімді таңдап, кез келген қаладан тапсырыс беруіне болады. Осы ретте айта кетейін, алғашында біздің заттарды тұтынушылар бізді «Үйтұмар» деген атпен танитын еді. Әдетте жасалатын сый-сыяпаттар шын көңілмен ұсынылатын болғандықтан, атауымызды да мөлдір, таза, тұнық деген мағына беретін «Safi» деген ықшамды атқа өзгерттік

– Әңгімеңізге рақмет! 

0 пікір