Жылына 653 рет «жедел жәрдем» шақыртқан
Жылына 653 рет «жедел жәрдем» шақыртқан
9 жыл бұрын 2745

The Daily Mirror ақпарат көзінің хабарына қарағанда, Ұлыбританияның Бирмингем қаласының тұрғыны (әдеп бойынша аты-жөні айтылмаған – ред.) өткен жылы, яғни, 2014 жылы «жедел жәрдемді» 653 рет шақыртқан екен. Оның 642 шақыртуында дәрігерлер пациентті ауруханаға алып кетуіне тура келетін себеп таппаған. Яғни, пациентті емханаға жатқызатындай оның бойынан қандай да бір ауыр сырқат белгісі байқалмаған. Соның ішінде, «жедел жәрдемді» пациент өзін нашар сезініп тұрғанына байланысты 430 рет шақыртқан екен. Он пайызы – құлап қалғанына шағымданған. Біреуінде басының ауырғанына байланысты шақыртқан. Бирмингемде «жедел жәрдемді» тағы бір тұрғынның жиі шақыртқаны анықталды – 260 рет. Оның 102 шақыртуында пациентті ауруханаға алып кеткен. Соның ішінде 115 шақыртуында пациент кеудесінің ауыратынына шағымданған, 62-де – тыныс алуы қиындаған, ал 38-де – өзін нашар сезінген. Осы елді-мекенде «жедел жәрдемге» өткен жылы 231 рет қоңырау шалған пациенттің басындағы жағдайға келсек, оның 229-да дәрігерлер ауруханаға алып кеткен. Бирмингем қаласы орын тепкен Ұлыбританияның Мидлендс аймағында өткен жылы 30 үй «жедел жәрдемді» 5 мың рет шақыртқан екен. Бұл өз кезегінде депутаттардың наразылығын тудырып, медициналық «жедел жәрдемді» еріккеннің ермегіне айналдырмауды, орынсыз себеппен шақыртқандарға қатаң шара қолдануды талап етті. Халық қалаулылары жалған шақыртудың кесірінен сырқаты жанына батқан, ем алуға шын мұқтаж науқастардың өліміне апарып соқтыруы мүмкін екенін ескертті.    

 

0 пікір
Мұрағат