Берлинде Елбасы туралы кітаптың тұсауы кесілді
Берлинде Елбасы туралы кітаптың тұсауы кесілді
2 жыл бұрын 748 baq.kz

Германияның астанасы Берлин қаласында Махмұт Қасымбековтің неміс тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» деп аталатын кітаптың тұсаукесері өтті деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі. 

Бұл кітапты Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-ғұмырнамалық зерттеудің алғашқы тәжірибесі деуге болады. Мұнда оның қарапайым ауылдағы жасөспірім кезінен бастап, ұлт көшбасшысына дейінгі өмір жолы баяндалады.

Басылымда басты назар Н.Ә.Назарбаевтың саяси өмірбаянына аударылған, ол Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырлар аралығындағы дамуы кезінде болып өткен драмалық және әдеттен тыс оқиғалар мен процестердің аясында берілген.

Ауқымды мұрағат материалдарының негізінде әзірленген өмірбаян Қазақстанның ең бертінгі тарихы бойынша елеулі құжаттама көзі болып табылады. Кітапта фотосуретпен безендірудің бай материалдарымен бірге, жеке құжаттардың түпнұсқаларымен теңдес көшірмелері алғаш рет ұсынылады. Ал мұның өзі оқырманның суреттелетін оқиғалар ауанына толығырақ қанығуына септігін тигізеді.

Бұл басылымға оның авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков екені туралы дерек ерекше құндылық береді, ол көп жылдар бойы мемлекет басшысының тікелей қарамағында қызмет атқарып, президенттік институтты зерттеумен кәсіби тұрғыда айналысып келеді.

Оның ғылыми және шығармашылық қорында президенттік институтқа, Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметіне арналған ғылыми монографиялар, оқу құралдары, көп томдық басылымдар, публицистикалық жинақтар, көптеген мақалалар бар.

Қазақстан Президенті туралы ғұмырнамалық кітаптың 2012 жылы жарық көрген сәтінен бастап, тек Отанымызда ғана емес, шет елдерде де қызығушылық тудыруы кездейсоқ емес. Қысқа мерзім ішінде ол орыс, ағылшын, араб және венгр тілдеріне аударылып, жарық көрді.

Кітаптың венгр тіліндегі нұсқасы Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігінің қолдауымен жарық көрді. Оның Берлин-Бранденбург ғылым академиясының ғимаратында өткен тұсаукесеріне неміс тарапынан Германияның көрнекті мемлекет қайраткері, ГФР-дің бұрынғы экономика министрі Михаель Глос, Бундестаг депутаты, «Германия – Орталық Азия» парламенттік тобының төрағасы, Қазақстан – Германия қоғамының төрағасы Манфред Грунд, Берлин-Бранденбург ғылым академиясының президенті Гюнтер Шток, белгілі неміс саясаттанушысы Александр Рар, сондай-ақ ғалымдар, сарапшылар, Қазақстаннан қоныс аударған немістер Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, Германиядағы қазақ диаспорасының өкілдері, журналистер мен студенттер қатысты.

Қазақстан тарапынан кітаптың авторы Махмұт Қасымбеков, ҚР Германиядағы Елшісі Болат Нүсіпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары Бақытжан Темірболат, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Несіпбек Айтұлы қатысты.

Кездесу жылы әрі сенімді пікір алысу жағдайында өтті. Таныстырылымға қатысушылар Қазақстан басшысы туралы неміс тілінде жарық көрген кітап екі елдің жақындаса түсуі орайындағы тағы бір нақты қадам деген ортақ пікірде болды.

Берлинге іс-сапары барысында Махмуд Қасымбеков Германия Федералдық Үкіметінің Орталық және Шығыс Еуропаның елдер бойынша Уәкілі Корд Майер-Клодтпен және ГФР бұрынғы экономика министрі Михаель Глоспен екіжақты кездесулер өткізді. Неміс тарапы Елбасының "Нұрлы жол" Жолдауының мақсаттары мен талаптарына жоғары баға беріп, Германия үшін Орталық Азия аумағындағы Қазақстаның стратегиялық маңызын айрықша назар аударды. Сол күні Махмуд Қасымбеков неміс тілшілеріне берген сұхбатында тәуелсіздік жылдары ішіндегі Қазақстан дамуының негізгі бағыттарына тоқталып, егемен Қазақстанның қалыптасуы мен өркендеуіндегі Елбасының көшбасшылық рөлін ерекше атап өтті.

0 пікір