Астанада мәуліт кеші өтті (фото)
Астанада мәуліт кеші өтті (фото)
8 жыл бұрын 4204

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен мүбәрак мәуліт мерекесінің құрметіне рухани кеш өтті. Кешті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы құттықтау сөз сөйлеп ашты. Ержан Малғажыұлы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірінен аз кем сөз қозғап, күллі мұсылман жамағатын мәуліт мерекесімен құттықтады.

Аталған кешті танымал актер Әділ Ахметов жүргізді. Кеш барысында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ҚМДБ «Хикмет» телерадиостудиясы ұйымдастырған тарихи-танымдық деректі фильмдер байқауының қорытындысы жарияланды. «Бақорда» студиясының Қалжан Ахун туралы деректі фильмі бірінші орын алды.

Одан соң Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ермек Аманшаев құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде діни мерекелердің деңгейінің жоғарылап келе жатқанын тілге тиек етті. Астана қаласы әкімінің діни басқармаға бас қаладан оңтайлы ғимарат қарастырып жатқанын, діни қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің бір шешімін табатынын айтты.

Айта кетер тағы бір жайт, билеттен түскен қаржы түгелдей қайырымдылыққа жұмсалатыны айтылды. «Өнер қырандары» театры «Шүкіршілік», «Сағыныш» қойылымдары арқылы жиналған жұртқа үлкен әсер қалдырғаны анық. Сержанәлі Әлібек, Құрмаш Маханов сынды танымал әншілер иләһи әндер орындаса, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы «Мәулітке арнау» термесін тамылжыта орындап берді.

Кеш соңында ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмір жолынан сыр шертетін мәуліт жыры қазақ тілінде орындалды. Ол жырды Жұманазар Садырханов пен Арман Ғабдуллин медресе шәкірттерімен бірге нақышына келтіріп айтқанын халықтың қошеметінен байқадық. Жырға қосылып жиналған жұртшылық Пайғамбарымызға (с.а.у.) арнап салауат айтты.

Ел астанасынан басталған мәуліт мейрамы еліміздің басқа аймақтарында жалғасатын болады. 

 

1 пікір
  • Әссалаумағалейкум,мәліт күні мүбәрәк болсын.Осы кештің видео ролигі барма екен?
    8 жыл бұрын
Мұрағат