Әке күні үндістандық кәсіпкер 472 қызынан құттықтау алды
Әке күні үндістандық кәсіпкер 472 қызынан құттықтау алды
8 жыл бұрын 2932 inform.kz

Бүкіл әлемде аталып өтетін Әке күні Үндістанның батысындағы Гуджарат штатының Ахмедабад қаласындағы ғылыми-білім беру, коммерциялық және мәдени орталығынан кәсіпкер Махеш Сауани  бірден 472 қызынан шын жүректен құттықтаулар алды.

Бұл жас әйелдер оның «асыранды қыздары» іспетті, олар бұдан оншақты жыл бұрын әкесіз, панасыз қалып, Махештің қамқорлығына бөленген болатын. Кәсіпкер өзінің ағасы қайтыс болғаннан кейін оның екі қызын қамқорлығына алған еді. Содан бері жетімдерге көз қырын салып жүру оның бұлжымас өмірлік ісіне айналды. Осы жылдар бойы гуджараттық меценат қыздарға материалдық көмек берумен қатар, олардың тұрмысқа шығу тойларын да өткізіп, отбасылық өмірлерін де қағажу қалдырған емес.

Жылжымайтын мүлік, бриллиант сатуда табысқа жеткен, оқу орындары желісін иеленген Махеш Сауани қарапайым шаруа отбасынан шыққан. Оның әкесі Уаллаббхай Ахмедабадқа Рапард ауылынан, Араб теңізі жағалауынан келді.

Қырық жыл бұрын ол алмаз өңдеуді қолға алды, содан кейін бірте-бірте өзінің бизнесін ұйымдастырды. Қазір Сауанидің отбасы бақуатты тұрады, ол қыздардың ұзату тойларына 400 мың рупий бөліп отырады. Биылғы жылдың өзінде ғана ол 216  қызды ұзатты, осы тойларда Махеш олардың әкесінің рөлін атқарды.

Еске сала кетейік, асыраушысынан айырылған үндістандық әйелдердің қызын лайықты түрде ұзатуы аса қиын, адам өміріндегі бұл маңызды оқиға елеулі шығынды қажет етеді, оның үстінде, қыздың жасауын түгелдеп беруі тиіс.

Тағы бір атап өтерлігі, гуджараттық меценат адамдарды діни айырмашылықтарына немесе нәсіліне қарай бөлмейді. Бұл жөнінде мұсылман қызы Нахеда Бану өзінің жүрекжарды пікірін айтты. Ол әкесінен ерте айырылып, панасыз қалған болатын, Махештің көмегімен білім алды және жақында тұрмысқа шықты. «Ол маған әкемнен де қымбат, әрбір қыздың осындай арқа сүйер сенімді тірегі болса, арманы жоқ», - дейді Нахеда Бану.

0 пікір
Мұрағат