Абылай ханның мөрi көрмеге қойылды (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Абылай ханның мөрi көрмеге қойылды (ФОТОРЕПОРТАЖ)
8 жыл бұрын 4088 Bnews.kz Айымгүл ӘБІЛЕВА

Экспозиция негiзгi үш бөлiмнен тұрады: «Ежелгi дәуiр, орта ғасыр және революцияға дейiнгi кезеңдегi Қазақстандағы дәстүрлi құқық пен сот билiгi», «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңiндегi сот-құқық жүйесi» және «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiк жылдарындағы сот жүйесiнiң қалыптасуы мен дамуы».+

«Тарихқа көз жүгiртсек, қазақ сот жүйесi халқымыздың билер сотынан бастау алады. Қасым ханның қасқа жолы, Есiм ханның ескi жолы, Тәуке ханның «Жетi жарғысы» ұлы дала елiндегi сот әдiлдiгiнiң негiзiн қалыптастырды. Қазақ билерi сот iстерiмен қатар, заң шығарушылық, атқарушылық және дипломатиялық қызметтi де қоса атқарып келген болатын. 15-19 ғасырлар аралығында дала соты ауыл билерi, болыстық билер және төтенше билер соты болып үшке бөлiнген. Билер соты қолданған бiтiмгершiлiк рәсiмдер қазiргi таңда медиация институты ретiнде бүгiнгi соттарда да дамып келе жатыр», - деп атап өттi көрменiң ашылуында сөз сөйлеген ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми.

Көрмеге келушiлердiң назарына билердiң қол қойған саяси-әкiмшiлiк құжаттары, олардың хандарға, сұлтандарға, шетелдiк билеушiлерге жазған хаттары ұсынылып отыр. Сондай-ақ, билер мен сұлтандардың ашық далада өткiзген сот процестерiн бейнелейтiн құнды фотоматериалдар қойылған.

Көрмедегi экспонаттар iшiнде 18-19 ғасырда қазақ билерi киген шапан үлгiсi мен олардың төс белгiлерi ерекше көзге түседi.

Сондай-ақ Абылай ханның мөрi көрменi тамашалаушылардың зор қызығушылығын тудырды.

Бұдан бөлек, көрмеде Тәуелсiздiк жылдарындағы отандық сот жүйесiнiң қалыптасуы мен дамуын бейнелейтiн тарихи құжаттар да бар. 1993 жылғы Конституцияның түпнұсқасы және Елбасының қолы қойылған сот жүйесiнiң жұмысы бойынша заңдардың көшiрмелерi ұсынылған.

Барлығы көрмеге 210 фотосурет пен 50 экспонат қойылған. Көрмеге шығарылған экспонаттар, құжаттар, фотосуреттер мен бейнематериалдар Ұлттық мұрағат, Орталық мемлекеттiк мұрағат, Президент мұрағаты мен Елбасы кiтапханасынан жинақталған. Сондай-ақ көрмеге келушiлер Жоғарғы Сот музейiнiң материалдарын да тамашалай алады.

«Қазақстандағы сот билiгi: өткен тарихы мен қазiргi кезеңi» көрмесi Тәуелсiздiк сарайында 7 қазанға дейiн жұмыс iстейдi. 

 
 
 
  
0 пікір
Мұрағат