Кәріс ғалымдары тазды емдеу тәсілін тапты
Кәріс ғалымдары тазды емдеу тәсілін тапты
2 ай бұрын 657 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Оңтүстік кореялық дәрігерлер май тініндегі діңгекті жасушадан бөлінетін ақуыздан алынған құрал арқылы тазды емдеу тиімділігін клиникалық зерттеуден өткізді. Бұл жайында ресейлік РИА Новости ақпарат көзі хабарлады. Бұл бағытта жүргізілген зерттеу нәтижесі Stem Cells Translational Medicine мерзімді басылымында жарияланды. Май тінінің діңгекті жасушасы жасушаның өсуіне әрі дамуына көмектесетін бірнеше өсу гормонын бөледі. Белгілі болғандай, кейбірі гепатоциттің өсу факторы, тамыр эндотелиясының өсу факторы, өсудің инсулин тәрізді факторы, тромбоциттің өсу факторы секілді өсу факторымен байланысты шаштың қалыптасуы мен өсуі кезінде түк фолликуласы көлемінің артуына ықпал етеді. Пусан ұлттық университетінің ғалымдары май тініндегі діңгекті жасушадан алынған экстрактінің андрогендік алопецияны (тұқым қуалайтын, я болмаса экологиялық зиянды факторлардың әсерінен немесе гормоналдық ауытқудан орын алатын, 50 жастан асқан әлемдегі ерлердің жартысынан көбісінде кездесетін, кеңінен тараған таз ауруының бір түрі) емдеуде көмектесетінін анықтау үшін тәжірибе жүргізіп көрген екен. Андрогендік алопеция адам денсаулығына қауіп төндірмесе де ол адамның психологиялық жай-күйіне теріс әсерін тигізеді, стреске себеп болады. Шаштың түсуін тоқтату үшін қолданылып жүрген бірнеше дәрі-дәрмек болғанымен либидо, эректиалды дисфункция  тудыратын кері әсері бар. Түсінікті тілмен айтқанда, адамның төсек қатынасындағы жыныстық белсенділігін басып тастайды. Сол себепті, ғалымдар адамға еш кері әсері жоқ емдеу жолдарын іздестіріп жатыр. Май тініндегі діңгекті жасуша пусан жоғарғы оқу орнының зертханасында жиілігі төмен ультрдыбыстық толқынның көмегімен діңгекті жасушаның мембранасын бұзу арқылы алынды. Пусан ұлттық университетінің биомедицина ғылымы мен технологиясы конвергенциясының  ғылыми-зерттеу институтының және Отбасы медицинасы емханасының дәрігері Санг Йоуп Ли (Sang Yeoup Lee) жетекшілік еткен бұл бағыттағы тәжірибеге 38 пациент қатысты – олардың 29-ы ер адам, тоғызы – әйел адам. Андрогендік алопециядан зардап шегетін оларды екі топқа бөлді. Екі топтың біріндегілерге күніне бір уақ бас терісіне құрамында май тініндегі діңгекті жасуша кездесетін экстрактіні жақты. Ал екіншісіне плацебоны қолданды. Арада 16 апта өткенде діңгекті жасуша қолданылған пациенттер шашының саны көбейіп, фолликул диаметрі артты. Кәріс ғалымдары өздері ашқан жаңалықтың тиімділігі мен қауіпсіздігіне толық көз жеткізу үшін алдағы уақытта әр түрлі жастағы әрі әлеуметтік жағдайы әр түрлі тұрғындарға толыққанды зерттеу жүргізетін болады.

0 пікір
Мұрағат