1 литр су 1000 км-ге жетеді. Отандық өнертапқыш сутекті генератор ойлап тапты
1 литр су 1000 км-ге жетеді. Отандық өнертапқыш сутекті генератор ойлап тапты
4 ай бұрын 453 Роза Ысқақ Фото: Шыңғыс Қаппаров

Автокөлігіңіз жанармаймен емес, газбен емес, тіпті,  электрмен де емес, кәдімгі сумен жүрсе, таңғалмаңыз. Себебі, отандық профессор бензинді сумен алмастыратын сутекті генератор ойлап тапты.  Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Қазақстандық ғалым бензинді 40%-ға үнемдейтін әрі атмосфераға ешқандай зиянды зат шығармайтын бұл қондырғыны патенттеп алды. Экологиялық таза әрі халықтың ақшасын үнемдейтін сутекті генератордың тиімділігі мен біз білмейтін пайдасы жөнінде осы өнертабыстың авторы, патенттің иесі – Халықаралық Экология Академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Мұсағали Дуамбековпен арнайы сұхбаттасқан едік. 

WhatsApp Image 2019-11-29 at 13.32.08.jpeg

– Мұсағали Сәрсенбайұлы, өзіңіз бастаған бір топ өнертапқыштардың тынымсыз ізденісінің нәтижесінде сутекті генераторды іске қостыңыз. Жанармайға кететін шығынды екі есеге азайтатыны рас па? Жаңа қондырғы сынақтан сүрінбей өтті ме? 

– Мен өзім жеке басым үш авторлық жаңалық аштым және 7 патентім бар. Сол патенттердің бірі – осы сутекті генератор. Былтыр күз айында осы генератордың патентін алдық. Бұл бір топ азаматтардың, ғалымдардың және өнертапқыштардың істеген шаруасы. Үш жыл бойы айналысып нәтижеге қол жеткіздік. Қара жәшікте су жиналады, ол қысыммен шығып электролизерға барады. Таза сутегінің газы кері клапан және құрғатқыш арқылы мотордың негізгі бөлігіне барады. Бұл қондырғының маңызды бөліктерінің бірі – компьютерлік бөлігі. Бұл двигательдің ішінде бензин мен сутегі мөлшерінің тепе теңдігін қамтамасыз ететін блок. Негізгі отын жанармайға 40-60% пайыз сутегі қосылады. Осындай экологиялық талаптарға сай және халықтың ақшасын үнемдейді. Сутекті қозғалтқыштың басты ерекшелігі – ол дыбыссыз жұмыс жасайды және атмосфераға ешқандай зиянды зат шығармайды. 

Жалпы, осы мәселемен соңғы үш жылда айналысып жүрдім. Небір түрлі нұсқаларын дайындадық. Генератордың басты мақсаты - электролизермен судан тоқты өткізіп сутегі газын алу. Кәдімгі автомобильдің аккумуляторына екі жерден құрғатқыш арқылы көліктің жану камерасына барады да бензинмен бірге араласып жанады. Автокөлік тек қана сумен жүрмейді, жартысы бензин немесе дизель отыны, екінші қоспа ол сутегі газы. Жанармай мен газбен жүретін немесе тек газбен бірге қосып жүретін автомобильдер бар ғой. Ал, біздікі соған ұқсас, бірақ газдың орнына сутегі газы пайдаланылады. Автомобильдің мотор бөлігінің (отсек) ішіне қойылады да сол жерден ол бірден газ болып шығады. Жану камерасына барып, жану процесіне қосылады. Негізі, бүкіл процесс сол мотор отсекінің ішінде жүретін шаруа. Әртүрлі нұсқаларын көрдік. Электролизерді квадрат түрінде дайындадық, цилиндр пішінінде, биігін де, ұзынын да, қысқасын да небір нұсқаларын пайдаланып көрдік. Нәтижесінде өзімнің жеке автокөлігім 2004 жылғы Тойота Камри жапондық көлікке орнаттым. Қазір жүріп жүргеніме бір айдан асты. Электролизердің қалыңдығы, яғни, әртүрлі пластинкалардың саны автомобильдердің қуатына байланысты. Тот баспайтын металдан жасалынады. Сол пластинкалардың саны көп болады. Сондықтан қазіргі нұсқамызда 50 пластинкалық электролизерді пайдаланып жатырмыз. Енді басқа көлік түріне қою үшін біз әлі зерттеуіміз керек. Көлемі үлкен джип машинаға орналастыру үшін 50 емес, 150 -180 пластинка қойылуы мүмкін. Бүгінде осының бәрін зерделеп, сынап жатырмыз. Тек қана 2000-2400 см3 көлеміне сай вариантын дайындадық.  

Бүгінгі күні үш автомобильге қойылды. Оның біреуі Нұр-Сұлтанда, Алматыда және тағы біреуі Шымкентте. Сондықтан бұл процесс әлі де зерттеліп жатыр. Көп адамдар сұраныс білдіріп, бізге де қойып берсеңіздер деген ұсыныстарын айтып жатыр. Әзірге олардың тек қана аты-жөндерін, байланыс нөмірлерін жазып алып жатырмыз. Бұл қондырғының құнын шамамен 250-300 мың теңгеге бағалап отырмыз. Әзірге оны қойып беруге мүмкіндігіміз жоқ. Шамамен республика бойынша 150 адамдар бізге сұраныс жасап жазылып, тіркеліп қойды. 

Мақсатымыз – зауыт ашу 
– Неге мүмкін болмай тұр?

– Ол үшін бізге зауыт керек. Пластинкалардың бәрін кесіп-тесіп, оның бәрін тот баспайтын темірден, штуцерлер түсті металдардан токарь станогымен жонылып жасалынады, ал жинау үшін электр жүйесі, компьютері бар, кері кететін пластмасс клапандары бар оның бәрін орналастыру қажет. Біз қазір немістің бір компьютерлік блогын пайдаланып отырмыз. Оңтүстік Кореядан кері кететін клапанды, яғни дайын қондырғысын алдық. Сондықтан осының бәрін өзіміз өндіріп шығаруымыз керек. Сол үшін бізге бір шағын зауыт керек. Сонан соң барып, адамдардың тапсырыстарын алуға мүмкіндік болады. Ізденудеміз. Астана Халықаралық қаржы орталығына барып ұжыммен сөйлестік, Халықаралық "жасыл" технологиялар орталығының кешелі бері конференциясына қатысып, пікір алмасып, талқылаудамыз. Жақсы идея деп айтып жатыр. Бензинді 40%-ға үнемдейді. Ауаға шығаратын зиянды ластағыш заттарды 80%-ға дейін азайтады. Бұл дегеніміз – экологиялық таза өнім.

Өмірдің қажеттілігінен туындады
– Елорда тұрғындары көк түтінге тұншығып жүр. Ірі қалаларда көлік ағынының 60%-дан астамы жекеменшік автомобильдердің үлесінде деген дерек бар. Қаланы түтіннен тазартуға қаншалықты үлес қосады? 

– Әсіресе, Астана, Алматы және Шымкент қалаларына өте қажетті. Себебі күн суытқалы бері қаланың қазандығы бар күшпен жұмыс істеп тұр, көмір, пеш жағып, қала тұрғындары көк түтінге тұншыққан. Оның үстіне автомобильдер де өз үлесін қосып жатыр. Сондықтан нағыз қоршаған ортаға ешбір зияны жоқ, экологиялық таза транспорт керек. Қаладағы көліктер, автобус бен таксилерді сутегіне ауыстырсақ, кәдімгі қаламыз таза болады деген үміттеміз.

Бұл енді өмірдің қажеттілігінен туындап отырған дүние. Осы мәселемен соңғы 3-4 жылда айналысқан кезде байқадым, жалпы бүкіл автомашиналарды газға ауыстыруға болады. Алайда, газ да бұл проблеманы түбегейлі шешпейді. Себебі газдан да ластағыш заттар бөлінеді. Ең тиімдісі әрі пайдалысы – сутегі екеніне көз жеткіздік. Бұл тарихта белгілі дүние. 

Осыдан 100 жыл бұрын сутегі қондырғысын ойлап тапқан небір түрлі авторлар бар. Біз олардың бәрін зерттеп, зерделедік. Біреулердікі атылып, жарылып та кеткен екен, біз қондырғының кәдімгі өндірістік вариантын ұсынып отырмыз. Бізде жарылуға мүмкіндік бермейтін кері кететін клапан бар, сутегіні мөлшерлеп отыратын компьютер бар. Компьютерлік блок отынды бөліп тұрады, ал бензин немесе дизель отыны мен сутегінің екеуінің пропорциясын дұрыс реттеп отырады. Сондықтан осылай жетілдіру үстіндеміз. Әлі де кемшілік тұстарын жойып, сапасын арттыратын ойымыз бар. Мысалы, өзім жүргізіп жүрген автомобильде электр жүйесіне күш түспесін деймін де тетік бар "выключатель" соны басып іске қосамын, ол мотор "отсегінде" орналасқан. Енді ойлап отырмыз, сол қондырғының тетігін салонның ішіне енгізу керек. 

WhatsApp Image 2019-11-29 at 13.32.07 (1).jpeg

1 литр су 1000 км-ге жетеді 

– Бастан кешкен соң жақсы білемін. Тот баспайтын металдан жасалынған кішкентай күбіше, яғни "бачокқа" 1 литр су құйылады. Ал 1 литр су 1000 км-ге жетеді. Белгілі бір мөлшерін көрсететін датчик (деңгейін қадағалайтын аспап) жоқ. Қызыл жанғанда, жанармай таусылғанын білеміз. Сол сияқты өткенде қарасам, машинама сутегі келмей тұр. "Не болды?" деп жәшікті ашып қарасам ішінде су жоқ екен. Бітіп қалған екен. Су ол тегін дүние ғой. Сөйтіп, суды құйдым. Сол сәтте мынаған да бензиннің датчигы секілді қадағалаушы аспап қою керек екен деген ой келді маған. Оны да "салонға" кіргізу керек.       

Күн суытқалы бері көп адам бізге телефон соғып хабарласып айтады. "Бұл су ғой, күн суықта қатып қалмай қалай жүресіздер?" деп. Адамдарда су деген ол мұз. Күн суықта қатып қалады деген бір психологиялық меже бар. Мен оларға минус 30 градусқа дейін қатпайды деп айтамын. Себебі біз судың құрамына белгілі бір қоспа қосамыз, сонда сутегі қондырғысы автомобильдің аккумуляторы сияқты 30-40 градус суықта қатпайды.

Өйткені, оның тығыздығы судың тығыздығынан көп. Күнде "бачоктағы" судың тығыздығын аэрометрмен өлшеп көремін. Оның тығыздығы 1,21 болды. Сынау, зерттеу жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Бірден патентім бар екен, енді барлықтарына салып беремін деген сөз емес.

– Сутегімен жүретін автомобильдер бензин бен газға қарағанда тиімділігі қаншалықты?

– Ауаны сорып алатын инжекторлары бар модельдегі көліктерге тиімді болып тұр. Біз жапондық автомобильдерін де сынап көрдік. Бұрын автомобильге аузы-мұрнын толтырып жанармай құйып, онымен тек 400 шақырым жүргенмін. Қазір мынау сутегі генераторын қойғаннан кейін 600-630 шақырым жол жүремін. 1 литр суды құйып, 600 шақырым жүресің. Яғни, үнемділігі 40%-ға жетеді.

Әкіммен кездестім 

– Өткенде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен осы мәселе бойынша кездестім. Әкімнің қабылдауында болдым. Мен 8 мәселені ол кісіге жеткіздім. Экологиялық парк, қалдықтарды жинау, кәріз жүйесінің қалдықтарын өңдеу, ағаштың қалдықтарын жинап, арнайы алаңдар құру және осы сутегі генераторын да айттым. "Сіз маған қоғамдық көліктің орнын беріңіз, мен соған генераторды орнатайын. Егер жарамаса, шешіп алып тастайды. Одан ештеңе өзгермейді. Ұтылмайсыздар" деп едім ол кісі қолдап, транспорт басқармаларына тапсырма берді. Амандық болса, осы аптада кездесуіміз керек. Қазір Алматы әкімдігінің өкілдігімен де келіссөздер жүргізудеміз.

Елорданың маңында жасыл белес бар. Сол жерге арнайы жасыл алаң жасап, балаларды экологияға тәрбиелеу мен серуендеу мақсатында ашу ойда бар. "Ол үшін Бурабайға бару керек емес" деп. Демалыс күндерін өткізетін алаң құруды ұсынып едік. Қала әкімі Алтай Сейдірұлы "оң бастама" деп, қолдап отыр.

Астанада кәріз жүйесінен шыққан қалдықтарды күніне 260 тонна жерге көміп жатырмыз. Оны біз қиға айналдырып, оны шетелдегідей тыңайтқышқа айналдырып іске жаратып жатқан жоқпыз. Еліміздің басқа қалаларында да дәл осындай ахуал. 

Не түсі жоқ, не иісі жоқ Алланың берген сыйы 

Астана, Алматы қалалары ең ірі әрі ең лас қалалар. Жанымда СТО-ның маманы бар екеуміз күн демей, түн демей жұмыс істедік осы генераторды патенттеп алу үшін. Соңғы үш жылда Астанада қара түнек пайда болды. Алдыңғы жылдары ондай аса байқалмайтын еді. Біз үшін елорда таза қала болатын. Дегенмен, көмірдің және автомашиналардың үлесінен қала көк түтінге оранады. Экологтар да 50% автомашиналардың түтіні дейді.

Бұл сутегінің тағы бір артықшылығы – мұны үйдегі пештерге қоюға болады. Электр тоғы бар үйге осы сутегі генераторын қосып, газдың орнына осыны отын ретінде пайдаланатын нұсқасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. 1 литр су деген жер-дүниеге жетеді, автомобильдің бір "заправкасымен" бірдей. Жеке үйлерге де 1-2 литр суды құйып қойып, тоқты жалғап қойсаң болғаны. Тап-таза, зияны жоқ. Бұл сутегі газы Алланың берген ерекше бір сыйы ғой, не түсі жоқ, не иісі жоқ. Қоршаған ортаға, денсаулыққа зияны жоқ таза дүние. Метан, пропан сияқты зиянды иіс шықпайды. 

Бактерия ойлап тапқан 
– Өзіңіз негізін қалап, басшылық етіп отырған Халықаралық Экология Академиясының бүгінгі беталысы қандай? Қандай игі істерді тыңдырып жатырсыздар?

– Кезінде экология министрінің кеңесшісі болдым. Білімім бар, дәрежем мен тәжірибем жеткілікті болған соң, осы Экология Академиясын аштым. Құрылтайшысы да өзіммін. Біз шәкірттерге білім бермейміз, тек ғылыми жобалармен айналысамыз. Еуразия Ұлттық Университеті мен Агротехникалық университеттің кафедралары бізге студенттерді өндірістік практикаға жібереді. Жылда әрқайсысынан 5-6 баладан алып, оларды үйретеміз. Елдегі таза су, таза тағам стандарттарын біз әзірлейміз. Комитетпен қоян-қолтық жұмыс істейміз.

Мәскеудің 1985-1989 жылдары Құрылыс институтын тәмамдадым. Кандидаттық диссертациямды қорғадым. Авторлық 3 жаңалығым бетон технологиясымен байланысты болды. Бетонның сапасын күшейту, оны тығыздау, қаттылау технологиясына қатысты мәселелерді зерттегенмін. Қолданысқа енгіздім. Кәсіпорында сол технологияны пайдаланады. Кейінгі докторлық жұмысым тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, тауықтың саңғырығы, ірі қараның қиы деген сияқты ауыл шаруашылығы мәселесімен айналыстым.

Құс өндірушілер одағының мүшесімін. Құс фабрикалары айтады, "Мұсеке, менде 10 мың тонна қалдық бар соны қалай пайдаға асырамыз" деп үнемі сұрап жүретін еді. Кейін соны ойланып, биотехнологтармен ақылдасып, оған бактерия жасадық. Сол бактерияға патент алып алдық. Оған қатысты 3-4 түрлі биопрепарат алдық. Құс саңғырығын қайта өңдеуге арналған биопрепарат деп аталады. Сол препарат арқылы тау-тау болып жатқан қиды сумен араластырып, екі-үш аптада шірітіп дайын кәдімгі тыңайтқыш болады. Оның адамға да, табиғатқа да еш залалы доқ. Мәселен, тауықтың қиын өңдемей бірден пайдалануға болмайды. Ол өте зиянды, әрі қауіпті. Небір микробтар мен жасушалар бар. Біздің бактериялар 2-3 аптада зиянды заттардың бәрін жеп қояды. Содан тап-таза, иісі жоқ тыңайтқыш шығарады. 

Жапонияда бір бөлмеге кірсең, 20 жәшік тұрады

Тұрмыстық қалдыққа қатысты енді-енді сары жәшік пен жасыл жәшік деп бөліп жатырмыз. Үйдегі тамақты бөлек жинауды үйрену керек тұрғындар. Қағаз, пластик, темір, ағаш оларды бір бөлек, ал тағам, тамақ қалдықтарын бөлек салу керек. Жапонияда қоқыс бөлмеге кірсең, 20 жәшік тұрады. Халық соған сәйкес қоқыстарын өз орнына салады. Батарейкасын бір бөлек, сымын бір бөлек. Пакетінің өзін апарып бөлек салады. Біз соған келуіміз керек. Қазыр екі, алда кемінде 6 жәшік болу керек, болашақта жапондар сияқты 20 жәшік қоюды үйренуіміз керек. Мәдениетіміз көтерілген сайын, сол жәшіктің саны да арта түседі деп ойлаймын. 

Ақшасын алған, алайда, түк бітірмеген 
– Мемлекет тарапынан қыруар қаражат бюджеттен бөлінеді. "Қайда кетті?" дегенде не тыңдырылған іс жоқ, не нәтиже жоқ. Сол бойы жабулы қазан күйінде қала бермек? 

– "Экотерра" деген жекеменшік компанияға 5 млрд айыппұл салыпты. Олар "мұнайды өңдейміз" деп, Маңғыстау Мұнай-Газдан қалдықтарды алғанда, бірақ оны өңдемей бетін көміп тастай берген. Ақшасын алған, алайда түк бітірмеген. Оны кейін экологтар барып, қазып тексерсе, жәй әшейін көміп тастағаны анықталды. Әр компанияның осы сияқты өздерінің мердігерлер бар. Біз біреудің нәпақасын тартып ала алмаймыз. Иә, дәл солай. Жетібайда болдық. Дер кезінде тексермей, енді қарап жатыр. Қауіпті аймақтар өте көп, отанымызды 4.5 млн тонна мұнай қалдықтары бар,1,5 млн га жерлер ластанған. Мұнай қалдықтарын алып белгілі бір қазандыққа салып, 1 айдың көлемінде бүкіл мұнайын жеп, таза топырақ қылып шығарады. Мұнай қалдықтарын 99%-ға дейін тазалайтын бактерия бар. Өткенде Маңғыстауға барып, осы мәселені ақылдасып келдік. 

"Сіз тірісіз бе, амансыз ба?" деп таңғалады
– Мұсағали аға, болашақта темір тұлпарлар сумен жүрсе, қара алтын – мұнайға деген тәуелділіктен біршама арылатын сыңайлы. Қалай ойлайсыз?

– Тарихта осы сутекті генераторды ойлап тапқан өнертапқыштардың ғұмыры ұзақ болмаған. АҚШ-та, Испания мен Ресейде оны іске қосып әрекет еткен ғалымдар тірі қалмаған. Кейде, достарым мен таныстарым маған хабарласып, "Сіз әлі тірі жүрсіз бе, амансыз ба?" деп таңғалады. Себебі мұнайдан миллиардтаған, триллиондаған пайда көріп отырған компаниялар нарықтағы жанармайға деген сұраныстың кемігенін қаламайды. Сондықтан сутегі газы тиімсіз, "ол қатып қалады, я болмаса атылып кетеді" деген жаңсақ әрі жалған пікір қалыптастыруға тырысып бақты. Олардың мүддесіне қайшы болғандықтан деп ойлаймын. Әйтпесе, көлікті сутегі газымен жүргізу, әлдеқайда тиімді әрі үнемді. Бастысы – денсаулыққа еш зияны жоқ, экологиялық таза.

Біз 40% бензинді үнемдесек, сол 40%-ды көршілес Ресейге 150 тенгенің орнына 250 теңгемен сатайық, себебі Ресейде жанармай құны қымбат. Сол ақшаға өзіміздің өмірімізді, халықтың әл-ауқатын жақсартайық. Не үшін сутегімен бәсекелесеміз? Пайдаға жаратпаймыз ба? Сол қаражатты әлеуметтік салаға бағыттайық. Үнемдеп, шетелге сатайық.

 – Сұқбатыңызға рахмет! Отандық зауыттың ашылуына тілектеспіз!
0 пікір
Мұрағат