Балыққа да ауа керек...
Балыққа да ауа керек...
8 жыл бұрын 3694

Солтүстік Қазақстан облысында өзен-көлдерді оттегімен байыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғат жанашырларының айтуынша, су маржандары қалың қар мен мұздың астында қалған. Бұл олардың тыныс алуын қиындатып жіберіпті. Әсіресе таяз көлдерде ауа аз. Жазда жағаға жоламайтын балықтар қыста осындай ойықтарға жақындайды. Мұз бен қардың қалыңдығынан олардың тынысы тарылады. Сондықтан табиғат пайдаланушылары көлдің қатқан қабатын тесіп, оттегі қорын байытады. Александр Улитин, қорықшы: - Өз балығымызды көбейтуіміз керек. Бұл – экологиялық таза өнім. Дәмі де ерекше. Сондықтан көлдерді оттегімен байытып жатырмыз. Лебяжі – таяз көлдердің бірі. Тереңдігі – 3,5 метр. Бүгінде мұнда дөңмаңдай, тұқы, мөңке, алабұға секілді бағалы балықтар мекен етеді. Олар тұншығып қалмау үшін жүздеген ойық ойылады. Жалға алушылар мұзды ойып, оларға осындай қап-қап сабан-қамыс тығып кетеді. Бұл ойықтың қатып қалмауына және ауаны өткізуге мүмкіндік береді. Табиғат жанашырларының айтуынша, жерге жарты метрге жуық қар түссе, өзен-көлдерде 70-80 сантиметр мұз қатады. Бұл ондағы оттегі қорын азайтып жібереді. Жаслан Сәулембеков, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы: - Оттегімен байыту жұмыстары жүргізілмеген жағдайда көктем келісімен, күн жылыған уақытта балықтардың тұншығуы мүмкін. Сол себепті де барлық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда өңірде балық шаруашылығын дамытатын 400-ге жуық су айдыны бар. Олардың жартысынан астамы жалға берілген. Қалғаны мемлекет қамқорлығында.



 

0 пікір
Мұрағат