Шиғалық мемлекеттер бір-бірін қолдаудан қалып барады
Шиғалық мемлекеттер бір-бірін қолдаудан қалып барады
5 жыл бұрын 4306 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Осыдан бір апта бұрын Тегеран қаласында Ирак президенті Бархам Салих пен Иранның рухани көшбасшысы аятолла Әлі Хаменей кездескен. Иран мен Ирак шиғалық мемлекеттер. Бұдан бөлек, аумағы бір-бірімен шектескен көрші елдер. Иран үшін Ирактың орны бөлек, экономикада болсын, геосаятта болсын, т.б. екі елдің аймақтық мүддесі бір арнадан табылғанымен көптеген мәселелер бойынша келіспеушіліктер туындап жатады. Мәселен, АҚШ билігі Ираннан Ирак аумағындағы әскери құрылымын қарусыздандырып, таратуды талап етіп отыр. Ирак басшысы тек аятолламен кездесіп қоймай әріптесі Хасан Руханимен де жолығып, екі жақты экономикалық байланысты жандандыру маңыздылығы мен қажеттілігіне тоқталды. Хасан Рухани өз кезегінде Иран мен Ирак арасындағы өзара сауда-саттық айналымын 12 млрд доллардан 20 млрд долларға дейін арттыруға болатынын мәлімдеді. Ол ол ма, Иранның жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әлі Шамһани Ирак басшысымен кездескенде: "АҚШ пен аймақтағы кейбір реакциялық елдердің (Саудияны меңзегені - ред.) екі елдің арасына от салуды көздеген арандатушылық әрекеттері құрдымға кетеді",- деп мәлімдегенімен Ирак делегациясы осы сапарында сауда-экономикалық келісім-шарттарын бекітуге асықпады, тіпті, бұл тақырыпты қозғамады да. Тек Иранның Ирактағы содырлармен соғыста қолдау көрсеткеніне алғыс білдіруден ары аспады. Ирактың делегациясының құрамында екі елдің арасындағы экономикалық, мәдени байланысқа тікелей жауапты бірде-бір министрдің болмауы да көп нәрсені аңғартып берді. Ең қызығы, қараша айының 18-і күні Ирак басшысы Ираннан бірден Иранның аймақтағы басты бәсекелесі Саудияға сапар шеккені болды. Саудияға сапарында Ирак басшысының атқосшысы болып Ирактың сыртқы істер министрі Мұхаммед Әлі Хакім, экономика министрі Салех Абдулла және өзге де жоғары лауазымды тұлғалар ерді. Америкалықтарға Иран мен Ирактың жақындасқаны ұнамайды. Ирак билігіне Ираннан газ бен электр энергиясын импорттауды тоқтатуға 45 күн мұрсат беріп отыр. Десе де Ирак билігі АҚШ-тан Иранның газы мен электр энергиясын дәрі-дәрмекке, азық-түлікке айырбастауға рұқсат сұрамақ. Ал Ирактың мұнай министрі Таер Ғабдан өзінің алғашқы баспасөз мәслихатында Иранның Киркус кен орнынан мұнай экспортын біртіндеп (күніне 30 мың баррелден) азайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Ирактағы Иранның ықпалы әлсірегенін көрсететін мына факторға да назар аудармай тұра алмайсыз; Alustakilla талдау орталығының соңғы жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Иранды қолдайтын ирактық шиғалар қарасы күрт кеміп кеткен: 2015 жылы 88%-дан 2018 жылдың күзінде 47%-ға дейін азайған. Бұл аралықта Иранды қолдамайтын шиғалар үлесі 6%-дан 51%-ға артқан. Иранды сенімді серіктес ел санайтын шиғалар үлесі 76%-дан 43%-ға кеміген. Ал Иранды сенімді серіктес ел ретінде санайтын шиғалар қарасы 24%-дан 55%-ға артқан. Ирактағы шиғалар Иранды Ирак тәуелсіздігіне қатер төндіретін ел санайды: олардың қарасы 2016 жылы 25%-дан 2018 жылы 58%-ға дейін артқан. Иран билігі Ирактағы нарығын жоғалтып келеді. Бүгінгі таңда Иран Ирактағы нарқтың 13%-на ғана ие, ал Саудия 25%-ға, Түркия 18%-ға, қытай 17%-ға ие болып отыр. Иранның ұлттық экономикасы Ирак тауарына көп тәуелді: санкция астында қалған аталған елге сырттан келетін экспорттың 21%-ы Ирактың үлесінде. 

0 пікір
Мұрағат