Саудия билігі шектен шығып барады: Катарды аралға айналдырмақ, терроризмді желеу етіп
Саудия билігі шектен шығып барады: Катарды аралға айналдырмақ, терроризмді желеу етіп
6 жыл бұрын 4877 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше ай бұрын Катарды террористерге дем берді деп айыптаған бірқатар араб елдері, атап айтқанда, Саудия, Мысыр, Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктері аталған елмен ат құйрығын кесіспесе де арадағы дипломатиялық қатынасты үзген болатын. Катармен кез келген әріптестік пен ынтымақтастыққа байкот жариялаған да еді. Бұл аздық еткендей, енді Саудия билігі тұтас бір мемлекетті әлемнен мүлдем оқшаулап тастағысы келеді. Бұл Катардың ішкі ісіне қол сұғумен, тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне қатер төндірумен бірдей оғаш әрекет. Былайша, әлдінің әлсізге тізе батыруы еді. Бұл халықаралық нормаларға қайшы. Нақтырақ айтқанда, Саудия өз бас пайдасын ойлап, Катардың келісімінсіз арадағы шекарада канал қазуды жоспарлап отыр. Осылайша, осынау шағын елді аралға айналдырмақ. Дәлірегі, туристерді тарту үшін саудиялық инвестициялық одақ құны 2,8 млрд долларға бағаланып отырған аталған жобаны жүзеге асырмақшы. Ені 200 метрлік, тереңдігі 15-20 метрге жететін, ал ұзындығы 60 шақырымға созылатын канал қазу жұмысы ары кеткенде бір жыл ішінде орындалады. Тарқатып айтқанда, каналдың жағасында жағажайлар мен айлақтар, кеме компаниялары орналасады. Ал Катардың қалған шекарадағы құрлық бөлігінде Саудияның әскери базасы орын тебеді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, арыны қатты Саудияның тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман кезінде Катарды санкция астында қалған Кубаның деңгейіне түсіретінін мәлімдеген болатын. Тақ мұрагері арал-мемлекеттің (Кубаның) кебін кидірмек болған Катардың көресіні әлі алды секілді. Өйткені, бұл каналға тек Саудия тарапы ғана иелік етпек. 

0 пікір
Мұрағат