Саңыраулар үшін ишара тілінде уағыз айтатын имам
Саңыраулар үшін ишара тілінде уағыз айтатын имам
4 жыл бұрын 2698 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түркияның Мугла провинциясындағы мешіт имамы құлағы мүкіс немесе саңырау адамдар үшін ым-ишара тілін меңгерді. Дәлірегі, Ментеші ауданындағы Акьол мешітінің имамы Ыдырыс Сары мүмкіндігі шектеулі жандарға дінді насихаттау, жеткізу үшін үш ай бойы қоғамдық оқу орнында арнайы курстен өткенін жеткізді. Ол жұма күні ым-ишара тілінде де уағыз айтып жүр. «Алғашында мешіт жамағатына бұл тосын көрінгені рас, алайда, олар мүмкіндігі шектеулі жандардың да жамағатқа қосылғанын көріп, менің бұл қадамымды құптады»,- деген ол аптасына екі мәрте ым-ишара арқылы Құран дәрісін өткізіп жүргенін тілге тиек етті. Негізінде мұндай бастама 2004 жылы көтеріліп, осы бағытта арнайы білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Түріктердің Hurriyet ақпарат көзі хабарлағандай, осыдан он жыл бұрын, яғни, 2009 жылы 40 имам өз еркімен Стамбұл басшылығының денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет департаментінің штаб-пәтерінде аталмыш бағдарлама бойынша дәріс алып шыққан болатын. Олар күніне 10-15 сөздің ым-ишарамен жеткізу тәсілін меңгеріп шығатын. Аталмыш курсты тәмамдаған соң сертификатқа ие болады. Бұдан бөлек, көзі нашар көретін және зағыип жандарға да дінді насихаттау, жеткізу мақсатында Брайл қарпіне оқытатын курстен өткен имамдар бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тек имамдар ғана емес, сонымен қатар, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін әлеуметтік саланың мамандары да, атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер, полиция, дәрігерлер, т.б. өз еркімен ым-ишара тілі мен Брайл қарпін меңгеруге көмектесетін курстан өткен болатын.

 Турецкие имамы-волонтеры

0 пікір
Мұрағат