"Мүмкіндігіңді жасыр, өзіңді тасада ұста" бағдары өз-өзін қаншалықты ақтады
"Мүмкіндігіңді жасыр, өзіңді тасада ұста" бағдары өз-өзін қаншалықты ақтады
6 жыл бұрын 3548 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті
Ұзақ жылдар бойы Қытайдың сыртқы саясаты «таогуан янхуэй» - "мүмкіндігіңді жасыр, өзіңді тасада ұста" деп аталатын бағдардан ауытқымай келді. Бұл тактика өз-өзін ақтады десе де болады. Алыстан көздеп, ақырын жүріп, анық басатын қытай саясаты кейінгі кезде ғана ғой белсенді әрекетке көшкені. Оның өзінде қолында шоғырланған мол капиталын әлем нарығына шығару үшін, яғни, өзге аумақта мүддесін қорғау үшін, амал жоқ, белсенді әрекетке көшуіне тура келіп отыр. Олай етпесе, әлемдік нарықтағы үлесінен қағылмақ. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, 2018 жылы Қытай АҚШ бастаған сауда соғысында өз әлеуетін көрсетуіне тура келіп отыр. Шабуылды алдымен бастаған басқа ел. Тойтарыс беру керек болғандықтан үнсіз қалу мүмкін емес еді. Жақша ішіне алып айта кетеріміз, биыл тұңғыш рет Қытай жетекшісі Ресей Федерациясы президентін "шаң қаптырып кеткен" - әлемдік тұлғалар мен ауқаттылардың рейтингісін түзуді дәстүрге айналдырған Forbes тізімі бойынша. The World’s Most Powerful People жаһандық рейтингте ең ықпалды тұлғалардың, дәлірегі, салмағы ауыр саясаткерлер арасында көш бастаған Си Цзиньпин түптеп келгенде кезінде қытай реформасының атасы Дэн Сяопин сызып беріп кеткен «таогуан янхуэй» бағдарынан ауытқымайды. Өйткені, бұл бағдар өзінің өміршеңдігін, өзектілігін талай рет дәлелдеп берген болатын. Тарихқа сәл шегініс: Қытай АҚШ-тың әлемді жеке-дара билеп-төстеуіне жол бермесі үшін КСРО-мен жақындасуға күш салған ел. Алайда, КСРО күйреген соң Қытай бірден саяси белсенділігін тыйып, табаны күректей 20 жыл бойы халықаралық саясатта үнсіз қалды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі, ядролық держава, өркендеген экономикасы бар ел бола тұра өз-өзін тежеп ұстады. Тек өзінің іргесіндегі әрі тікелей мүддесі бар Оңтүстік-Қытай теңізіндегі, Тайвандағы жағдайларда ғана АҚШ-тың килігуіне жол бермесі үшін айбат шеккені болмаса. Ал қалған жағдайларда, мәселен, Саддам Хұсейннің диктаторлығы, Иранның ядролық бағдарламасы, т.б. өзіне қатысы шамалы халықаралық талас-тартыста тасадан бақылаудан ары аспады. Былайша айтқанда, АҚШ бастаған батыс елдерінің халықаралық саясаттағы қадамдарына іштей наразы болғанымен бейтарап қалды. Бұл бейтараптық өз кезегінде Қытайдың ішкі мәселесін, айталық кедейлікті жою, экономиканы дамыту, т.б. шешіп алуына мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қытай аса ірі жетістіктерге қол жеткізді. Мол капиталын айналымға жіберу үшін өз аумағынан тыс жерлерде мүддесін қорғауы тиіс. Ендігі жерде Қытай қол қусырып, қарап отыра алмайды. 
0 пікір
Мұрағат