Киберқауіпсіздік шығыны артып келеді
Киберқауіпсіздік шығыны артып келеді
5 жыл бұрын 2981 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Технология жетілген сайын бұл салада түрлі қылмыстар өршіп барады. Сондай қылмыстардың бірі – кибершабуыл. Оның алдын алу үшін киберқауіпсіздік шаралары қолға алына бастады. Өткен жылы әлем бойынша киберқауіпсіздік шығыны 37 млрд долларға жеткен. Бұл шығын алдағы жылы артпаса, кемімейді. Бұл жайында Canalys компаниясының есебінде айтылған. Canalys компаниясының келтірген дерегіне қарағанда, 2018 жылы киберқауіпсіздік шығыны оның алдындағы жылмен салыстырғанда 9%-ға артқан. Айта кететіні, киберқауіпсіздік шығыны компаниялардың ақпараттық технология саласындағы жалпы шығынның шамамен 2%-ын құраған. Мамандардың болжамы бойынша 2020 жылы әлем бойынша киберқауіпсіздікке жұмсалатын шығын 42 млрд доллардан асып түседі. Ал еліміздегі киберқауіпсіздікке келсек, өткен жылы ірі кен өндіруші компаниялар 1 млн доллардан аса қаржы шығындаған. Өткен жылы ақпараттық технологияларды басқару саласындағы менеджер әрі EY өкілі Руслан Исмағұловтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда кибершабуыл 10 мың теңгеге бағаланған, алайда, оның салдары 100 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Кибершабуылдың салдары тек ақша жымқырумен ғана шектелмейді, хакерлердің қарақшылық әрекетінен бизнес орасан зор шығынға батпақ. Жалпы алғанда хакерлердің әрекетінен күллі әлем орташа есеппен алғанда 600 млрд доллардан аса шығын көреді екен. Жыл сайын. Бұл жайында McAfee антивирус компаниясының және стратегиялық халықаралық зерттеулер орталығының бірігіп жүргізген зерттеу нәтижесінде айтылған. Десе де сарапшылар киберқылмыскерлердің қарақшылық әрекетінен келетін шығынды нақты әрі дәл анықтау өте қиын екенін алға тартып отыр. Өйткені, компаниялар мұндай ақпараттарды жария қылмай жасырын ұстағанды жөн көреді. Әдетте компаниялардың кибершабуылдан шегетін шығынын алты негізгі санат өлшем бойынша анықтайды: интеллектуалды меншік шығыны, кибершабуылдың салдары мен зардаптарын жою шығыны, бизнес-ақпарат шығыны, IT-жүйесі қызметінің тоқтауынан келетін шығын, жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ақысы, сондай-ақ, кибершабуылдан компания репутациясына тигізетін әсерінен болатын шығын. Десе де кибершабуылдан келетін шығынның қаншалықты екенін мынадай салыстырумен түсіндіріп көрелік: мәселен, АҚШ-тағы автожолдарда орын алып жататын жол-көлік апатынан жыл сайын 99-170 млрд доллар шығын келіп жатады. Яғни, бұл санды жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,7-1,2%-ды құрайды. Ал кибершабуылдан келетін шығын жылына 24-120 млрд долларға жетеді. Яғни, жалпы ішкі өнімнің 0,2-0,8%-ын құрайды. 

0 пікір
Мұрағат