Тағы бір ел аспанға шар ұшыруға тыйым салды
Тағы бір ел аспанға шар ұшыруға тыйым салды
5 жыл бұрын 5187 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Гибралтар билігі ел аумағында мұхит суын ластап, теңіз жануарларына қатер төндірмесі үшін шар ұшыруға тыйым салды. Бұл жайында ЕуроПлюс ақпарат көзі хабар таратты. Пиреней түбегінің оңтүстік бөлігінде орын тепкен Гибралтарда ұшырылған шар Атлант мұхиты мен Жерорта теңізін жалғайтын бұғаз маңындағы суға тап болады. Ол өз кезегінде қоршаған ортаға орасан зор зиян шектіреді. Әуеге ұшырылған шардан және ыдырап жойылуы ғасырларға созылатын пластиктерден ең алдымен тасбақалар, құстар, балықтар зардап шегеді. Шар мен пластикті азық еткен теңіз жануарларының асқазаны бітеліп қалатындықтан аштан қырылып жатады. Аумағы 6,8 шаршы шақырымды алып жатқан Гибралтар билігінің әуеге шар ұшыруға тыйым салуына жыл сайын Ұлттық күні мерекесі кезінде аспанға 30 мың ақ және қызыл шар ұшырылатыны себеп болған. Яғни, Гибралтар халқының санымен бірдей шар ұшырылады. Десе де соңғы он жыл ішінде экологиялық белсенділер дәстүрге айналған мұндай шараға тыйым салуды талап етіп келеді. Нәтижесінде 2016 жылы жаппай шар ұшыруға тыйым салынды. Енді билік тарапы жеккелеген тұлғаларға да шар ұшыруға тыйым салатын түзетуді заңға енгізді.Сөз орайы келгенде айта кету керек, АҚШ-тың, Ұлыбританияның және Австралияның кей аймақтарында аталмыш тыйым бұрыннан бар. 

0 пікір
Мұрағат