«Жасыл» энергияның қатері қандай?
«Жасыл» энергияның қатері қандай?
9 ай бұрын 1463 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Егер біз сақтық шараларын қабылдамасақ, таза энергия өндіру саласында жұмыс істейтін компаниялардан төнетін қауіп жер қойнауынан қазба байлықты өндірумен айналысатын компаниялардың «кінәсінен» орын алған экологиялық апаттардан кем соқпайтын болады. Жаңғыртпалы, «жасыл» энергия біз ойлағандай соншалықты қауіпсіз дей аласыз ба? Табиғатта әр құбылыстың өз кезеңі мен шегі болады. Жаңғыртпалы қуат көзін өндіру, айналып келгенде, қазба байлықты өндіру салдарынан пайда болған қатерден асып түспесе, кем түспейтініне кім кепілдік бере алады? Бұл мәселенің бер жағы ғана: түбін үңгісең, бұдан да сорақысына кез болуыңыз мүмкін. Сонымен, «жасыл» энергия соншалықты мінсіз бе? Әдетте жасыл энергия дегенде, көз алдымызға қоршаған ортаға еш зияны жоқ, экологиялық жағынан таза жаңғыртпалы энергия көздері келеді. Күн мен жел энергиясын өндіру бір қарағанда зиянсыз көрінуі мүмкін. Алайда, нақтысында олай емес – табиғаттағы әр құбылыстың өз кезеңі мен шегіне нұқсан келтіретіні былай тұрсын, жаңғыртпалы энергия көздерін өндіруге қажетті инфрақұрылымды салудың өзі жойқын салдарымен орасан зор залал келтіруі ықтимал. Естеріңізде болса, кезінде жазғанымыздай, «Экологиялық қауіпсіз жобалардан да жануарлар қырылып жатыр» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/arturli/januarlar-alemi/ekologiyalyq-qauipsiz-jobalardan-da-januarlar-qyrylyp-jatyr-10508/#gsc.tab=0) деген жазбамызда мынадай жолдар бар: Жаңғыртпалы энегрия көздері қоршаған ортаға зиян келтірмейді деген түсінік өз мәнін жоя бастады. Десе де ауаны, суды ластап отырған энергия көздеріне қарағанда, әлбетте, жаңғыртпалы энергия көздерінің қоршаған ортаға тигізер залалы аздау. Мәселен, қоршаған орта мен экологияға барынша қауіпсіз энегрия көздеріне көшіп жатқан скандинавиялық елдер, соның ішінде, Швеция жел энергиясын белсенді пайдалана бастады. Алайда, желден энергия өндіретін генераторлар жемін түнде аулайтын жарқанаттардың қырылуына себеп болып отыр. Осыған байланысты шведтердің энергетикалық және табиғатты қорғаумен айналысатын мемлекеттік агенттіктер очсы бағытта арнайы зерттеу жүргізіп көрген екен. Нәтижесі мамандар мен экологтарды алаңдатып отыр: генератордағы әрбір «пропеллер» күніне орта есеппен алғанда 10-15 жарқанаттың өліміне себеп болады екен. Әдетте жарқанаттар мұншалықты көп қырылмас па еді, егер қорегі болып табылатын жәндіктер айналып тұратын генератор "қанатына" үйір болмағанда. Осы зерттеуге қатысқан Лунда университетінің орнитологы Мартин Грен (Martin Green) "желдиірменнен" жарқанаттардың да тұқымы құрып кетуі мүмкін екенін ескертіп отыр». Мұндай фатілер көптеп кездеседі. Мысалы, Айванпа – Калифорния штаты аумағындағы Мохабе шөлінде салынған, әлемдегі ең ірі концентрациялық күн энергиясы стансасын (CSP) алайық. Бұл аумақта 350 мың айна-гелиостат орналасқан. Қуаттылығы 392 МВт-қа жетеді. 2014 жылдың ақпан айынан бері электр тұтынушылары оның игілігін көріп келеді. Десе де экологтар мен аталмыш станса мамандары құстарды құтқару шараларын іздестіріп жатыр. Жатпай-тұрмай. Мәселе аталмыш стансанығ орналасқан орны мен құрылымына байланысты өрбіген еді: мұнда фотоэлектр панелдері кеңінен қолданылады. Күн шуағын аулау үшін станса жалпы ауданы 12,9 шаршы шақырымды алып жатқан алып айнаны пайдаланады. Биіктігі 40 қабатқа жететін үш мұнараның ұшар басындағы қазандықтар концентрациялық күн сәулесін «шоғырландырады». Мұндағы проблема сонда – айнаға шағылысқан сәуле жәндіктерді магниттей тартады. Бұл өз кезегінде жемтік іздеген құстардың назарын аудармай қоймайды. Құстар концентрациялық сәулеге тап болғанда санаулы секунд ішінде жанып кетеді. Ең қынжылтатыны – аталмыш станса құстардың көшіп-қонатын дәлізінде, дәлірегі, Тынық мұхиты дәлізінің бойында орналасқан. Федералды биологтардың есебі бойынша жылына аталмыш стансаның кесірінен 6000-нан аса құс қырылады екен.

Сондай-ақ, «Қытай амалдың жоқтығынан геотермалды энергияға көшеді» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/qytai-amaldyn-joqtygynan-geotermaldy-energiyaga-koshedi-8907/#gsc.tab=0) жазбамыз арқылы да бұл төңіректі жаңғыртпалы энергия көздерінен төнетін қауіптің быр парасын шетжағалап айтып өткенбіз. Десе де жаңғыртпалы энергия көздеріне көшу жаһандық жылыну және климат өзгерістері орын алған бүгінгі таңда көкейтесті мәселеге айналып шыға келді. Яғни, аталмыш энергия балама көздерін пайдалануды жақтаушылардың десі басым болып тұр. Десе де The Foreign Policy мерзімді басылымында жарық көрген мақаласында Джейсон Хикель есімді автор жаңғыртпалы энергия көздерінің инфрақұрылымының құрылысы табиғатта сирек кездесетін металдар өндірісін күрт арттырып, әлеуметтік шығындармен қоса экологиялық проблемалар тудыратынын алға тартып отыр. 2017 жылы Бүкіл әлемдік банк жаңғыртпалы энергия көздері туралы жан-жақты талқыланған, сараланған, зерделенген есебін ұсынды. Онда жаңғыртпалы энергия көздеріне көшу үшін күн және жел инфрақұрылымына қанша табиғи ресурс кететіні келтірілген. 2050 жылы шамамен жылына 7 тераватт таза энергия (бұл әлемдік экономиканың жартысын қамтамасыз ете алады) алу үшін 34 млн метрикалық тонна жез, 40 млн тонна қорғасын, 50 млн тонна цинк, 162 млн тонна қалайы және кем дегенде 4,8 млрд тонна темір керек екен. Бұл естен тандыратын көрсеткіш. Мәселен, неодим – жел құбырын жасауда қажетті аса маңызды элементтің қазіргі деңгейіне қарағанда 35%-ға арттыру қажет болады. Жел энергия көзінің инфрақұрылымы үшін. Күн батареясының өндірісі үшін аса маңызды саналатын күміс өндірісінің қазіргі деңгейін 38%-ға арттыру қажет болады. Күміс демекші, осыдан аттай 9 ай бұрын «Адамзат ұдайы тұтынатын негізгі қазба байлықтардың қоры қаншаға жетеді» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/arturli/adamzat-udaiy-tutynatyn-negizgi-qazba-bailyqtardyn-qory-qanshaga-jetedi-11214/#gsc.tab=0) және «Ширек ғасырға жетпей қандай аса маңызды пайдалы қазбалар мүлдем таусылады» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/arturli/shirek-gasyrga-jetpei-qandai-asa-manyzdy-paidaly-qazbalar-muldem-tausylady-11174/#gsc.tab=0) сайтымыздың жаңалықтар бетінде жарық көрген жазбамызда «Күміс Қоры: 20 жылp>

Күміс тек сән үшін зергерлік бұйымдарды жасауда ғана қолданылып қоймайды, сонымен қатар, осы заманғы технологияға керекті ең негізгі металдардың бірінен саналады. Нақтырақ айтқанда, ол фото-электрлі панелдер өндірісінде қолданылады. Күн энергиясын алу үшін. Жаһандық жылыну мен климаттық өзгерістерге себеп болып отырған қазба отын шикізатынан адамзат бас тартатынын ескерсек, алдағы уақытта жаңғыртпалы энергия көздеріне жаппай ұмтылатындықтан күміске сұраныс артатын болады»,  деп жазыппыз.

Бүкіл әлемдік банктің шотқа қағып шығарған есебіне қарағанда  күміс өндірісі жаңғыртпалы энергия көздерінің инфрақұрылымының құрылысы үшін 105%-ға бір-ақ шарықтауы мүмкін. Сондай-ақ, күн батареясының өндірісіне қажетті индий (бұрын жазғанымыздай, әлемдік қоры бері алғанда 5 жылға, ары кеткенде 10 жылға жететін) сұраныс қазіргі деңгейінен үш есеге артатын болады. Нақтырақ айтқанда, аталмыш элемент өндірісі 920%-ға артпақ. Бұдан бөлек, күн шуағы немесе жел болмаған жағдайда электр энергиясының қорын сақтайтын,  ұдайы, яғни, тоқтаусыз қамтамасыз ететін батарея өндірісі үшін 40 млн тонна лития қажет болады. Былайша айтқанда, оның қазіргі деңгейімен салыстырғанда аталмыш өндіріс үшін сұраныс 2 мың 700%-ға артады. Сұмдық емес пе?! Бұл аталған орасан зор ресурс электр мәселесін шешу үшін ғана керек. Бізге, сонымен қатар, қоршаған ортаға зиянсыз саналатын көлік түрлері, мәселен, электромобил өндірісіне қанша ресурс жұмсалатынын да естен шығармау керек, 2019 жылы британиялық ғалымдар тобының Ұлыбританияның климат өзгерісі жөніндегі комитетке жолдаған хатында электромобилдердің экологияға төндірер қатері мен шектірер зияны айтылған. Жақын болашақта әлемдегі 2 млрд-тан аса автокөлікті электромобилмен алмастыратын уақыт келеді. Осыған байланысты электромобил өндірісіне қажетті жез өндірісін қазіргі деңгейіне қарағанда жылына кем дегенде екі есе, ал кобальтты бақандай төрт есе арттыруға тура келеді. 2050 жылға дейін екі млрд-тан аса электромобил өндірілуі керек. Сұранысты қанағаттандыру үшін. Бұл арадағы мәселенің мәнісі, былайша айтқанда, проблеманың түп-төркіні негізгі қазба байлықтың таусылуында жатқан жоқ (сөзсіз, бұл ең басты мәселе), осынау ресурсты шектен тиыс өндіру кезінде қоршаған ортаға орны толмас залал келетіндігінде жатыр. Бұл өз кезегінде онсыз да асқынған экологиялық ахуалды одан ары нашарлатып, адамзаттың өмір сүруінің өзі мұңға айналуы мүмкін жағдайға дейін жетуі ықтимал. Сөз орайы келгенде тағы бір мәрте қаперлеріңізге сала кеткен артық болмас, дәл осы қазба байлықты өндіру экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына, биологиялық әралуандылықтың жойылуына, орман-тоғайдың жаппай оталуына алып келіп отыр. Экологтардың сөзіне қарағанда, әлемдік ресурсты игеру мен өндірудің қазіргі қарқынынан таймасақ, біз қауіпсіз экологиялық шектен 82%-ға асып кетеміз.

0 пікір
Мұрағат