Жапондар түріктерді жұмысқа алудан бас тартып отыр
Жапондар түріктерді жұмысқа алудан бас тартып отыр
5 жыл бұрын 3153 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын "Жапония гастрабайтерлерге есігін айқара ашатын болды" деген тақырыппен хабар таратқан екенбіз. Бұл жолы айтар сөзіміз осы тақырыппен тікелей байланысты болғандықтан әрі өздеріңізге кеңінен түсінікті болуы үшін, ерінбесеңіз, тағы бір оқып шығыңыз: 

Күншығыс елінің парламенті екінші дүниежүзілік соғыстан кейін  қолданысқа енген ел аумағында шетелдік жұмысшылардың еңбегін пайдалануға қатысты тыйымның күшін жоятын шешім қабылдады. Бұл жайында Japan Times ақпарат көзі хабар таратты. Жапон билігі алдағы бес жыл ішінде шетелдік 340 мыңнан аса жұмысшының еңбегін пайдалануға бел буып отыр. Шетелдік жұмысшылар аталған ел экономикасының 14 саласында пайдаланылады: ауыл шаруашылығы, құрылыс, өздігінен жүріп-тұруы қиын науқастар мен қарттарды бағып-қағу, кеме құрастыру, т.б. Аталмыш ел билігінің мұндай қадамға баруына соңғы бірнеше жыл қатарынан халықтың қартаю процесі итермелеген. Науқастар мен қарттарды күтіп-бағатын адамдарға деген зәрулік бар. Десе де осы уақытқа дейін туристер мен іскерлік сапармен келгендерден өзгелерге есігін аша бермейтін арал мемлекет шетелдік еңбек мигранттарына мынадай шарттар қойып отыр: жапон тілін міндетті түрде білу, отбасын өзімен бірге ертпеу. Жеңілдігі: визаны бес жылға бір-ақ береді. Ал білікті мамандар үшін аталған шарттар мен талаптар жұмсартылған: мерзімсіз виза аштырып беріп қоймай, отбасын елге әкелуге рұқсат етеді. Туу көрсеткіші төмендеген елдегі қарттар саны рекордтық деңгейге жеткен: 65 жастан асқандар қарасы ел тұрғындарының 28 пайызын құрап отыр. Ал туу көрсеткіші бір әйелге шаққанда 1,4 баладан аспайды. Бала тууға қабілетті әйелдердің жан басына шаққанда олардың бала туу әлеуеті 2,1-ге дейін жетеді. Жыл сайын күншығыс елінің тұрғындары шамамен 500 мың адамға кеміп отыр. 

Бұл ақпаратты неге қайталап беріп отырмыз деген сауалға келсек, Жапония билігінің жұмыс визасы бойынша елге кіргізетіндер арасында түрік азаматтары қамтылмаған. Яғни, күншығыс еліне азаматтары жұмыс іздеп келетін мемлекеттер тізіміне Түркияны енгізбеген. Жапониядағы виза жүйесіне енгізілген өзгерістерге байлагысты биыл, яғни, 2019 жылдың сәуір айынан бастап 500 мыңға дейін шетелдік жұмысшы күші тартылады. Бұл жайында Anadolu ақпарат агенттігі хабар таратты. Жапон билігінің түрік азаматтарын алалаған бұл әрекеті өз кезегінде түрік дипломаттарының наразылығын тудырды. Осыған орай Түркияның сыртқы істер министрлігінің өкілі Хами Аксой бұл жағдайдың екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық ынтымақтастығына сызат түсіріп, сына қағатынын мәлімдеді. Жапония билігінің түріктерді неге аталмыш тізімге енгізбегенін түсіндірмеді. Алдағы уақытта екі елдің қарым-қатынасының негізгі аспектілеріне тоқталамыз.  

0 пікір
Мұрағат