Жаһан жаңалықтары: Мұсылман отбасынан шыққан жазушы өзінің атеист екенін мәлімдеді
Жаһан жаңалықтары: Мұсылман отбасынан шыққан жазушы өзінің атеист екенін мәлімдеді
2 жыл бұрын 1043

Өзінің шағырмаларында асыл дініміз бен мұсылмандарды талай рет сын садағына алған Таслима Насрин есімді жазушысымақ әйел тілшілерге өзін «мұсылман» деп атағаны үшін шүйліккен. Өзін атеист санайтын оның мұнан басқа бір басында ел жапсырған «исламофоб», «радикалды феминист» атағы барын айта кету керек. Бангладештен қашып-пысып, 1994 жылдан бері  Үндістанды паналаған ол әлемдік діндерді түкке тұрғысыз етіп сынағаны үшін мұсылмандардың кәрінен қорқып, туып-өскен еліне орала алмай отыр. Десе де, оның мұсылман отбасынан шыққанын ескерген тілшілер жазушысымақ әйелді «мұсылман» деп атауын қояр емес. Соған шамданып, шала бүлінген Таслима Насрин өзін айдай әлемге «атеиспін» деп жариялады. «Мені мұсылман деп атамаңдар, мен – атеиспін. Мен барлық дінді, соның ішінде, индуизмді де сынаймын. Мен үнділердің құдайлары мен рәсімдеріне қарсымын. Мен Гүжараттағы мұсылмандардың қуғын-сүргін көргеніне қарсымын. Мен Банладештегі индустардың қысым көргенін қаламаймын. Мен Германиядағы, Босниядағы және Палестинадағы иудейлер құқығының аяқ асты болғанына наразымын»,- деді ол. Бұл жайында Dhaka Tribune ақпарат көзі хабар таратты.

 

Канцлерге жасалған коллаж шу шығарды

Немістердің таралымы көп танымал Der Spiegel басылымының мұқабасында жарық көрген Германия канцлерінің Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі нацистермен бірге бейнеленген суреті бұқаралық ақпарат құралдарында шу шығарды. Бұл коллаждың қазіргі уақыттағы Еуродақ құрамындағы Германия мен экономикасы тұралаған Грекия арасындағы түйіні көп қатынасқа меңзелгенін көзі қарақты оқырман бірден түсінеді. Яғни, Германияның Грекияға қатысты өктем мәлімдемелері бұл елдің басымдыққа ие екенін әйгілеп қана қоймай, оның Еуродақтағы шешуші дауысқа ие екенін де аңдатады. Аталмыш басылым оқырмандарының бей-жай қалмағаны анық енді: біреулер ашуға булықса, енді біреулері мысқылдай күлді. Der Spiegel бас редакторы Клаус Бринкбоймер бұл коллажды кәрі құрлықтың қазіргі Германияға көзқарасының пародиясы екенін айтып, ақталып әлек. «Біздің мақаламызда өткен шақтың неге қайта айналып соға беретінін және еуро аймақтағы Германияның жетекші рөлі туралы әңгіме қозғалғанда ұлттық социализм тақырыбының неге көтерілетінін зерттеп, түсіндіруге тырыстық»,- деді ол. Бұл жайында Lenta.ru ақпарат көзі хабар таратты.

0 пікір