Ханзадалардың басына қара бұлт үйірілді
Ханзадалардың басына қара бұлт үйірілді
6 жыл бұрын 4606 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Сауд арабиясында, байқасаңыздар, соңғы уақытта әлем жұртшылығын елең еткізетін жаңалықтар легі толастар емес. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары таяуда ғана осы елдегі әйелдерге қатысты жағымды жаңалықтарды жарыса жазып үлгермей жатып, енді коррупциямен күрестің қып-қызыл ортасына қойып кетті. Естеріңізде болса, осыдан екі күн бұрын Саудиядағы тұтқиыл тұтқындаулар турасында хабар таратқан едік. Тақ мұрагерінің ауысуынан басталған жаңалықтар легі мұнымен ғана толастар емес. Монарх шындап қаһарына мінгенге ұқсайды. Билік тізгінін ұстаған ханзадалар бірінен кейін бірі тұтылып, жаппай тұтқындалып жатыр. Сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа шатылмағаны жоқ. Әлде бұл тақ мұрагеріне бәсекелес ханзадалардан құтылудың амалы ма? Жемқорлықты желеу етіп. Ол жағы бізге беймәлім. Белгілісі, ханзадалардың басына қара бұлт үйірілгені. Ендігі жерде Саудия билігі коррупцияға шатылған күдікті ханзадалардан қолма-қол ақша түрінде және актив түрінде 800 млрд долларды тәркілемек. Бұл жайында The Wall Street Journal ақпарат көзі хабар таратты. Сөз орайы келгенде бірден айта кетейік, аз уақыттың ішінде жоғары лауазымды 60-тас аса ханзаданың қолына кісен салынған екен. Олардың банктегі шоттары бұғатталды. Бұл Саудия тарихындағы ең ауқамды науқан болғалы тұр. Тұтқындалғандар арасында ел экономика министрі Адел Факих пен ханзада миллиардер Уәлид бин Талап та бар. Олар Apple, Twitter және Citigroup компанияларында аса ірі үлеске ие. 

0 пікір
Мұрағат