Германияда соңғы күзен фермасы жабылды
Германияда соңғы күзен фермасы жабылды
5 жыл бұрын 4101 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Германияның Раден қаласындағы күзен асырайтын ферма жабылды. Бұған жануарларды қорғау ұйымының талабы себеп болған. Дәлірегі, осы жылдың наурыз айында Жануарларды қорғау бюросының дронмен таспаға тартылып алынған, аталмыш ұйымның сайтына жүктелген видео түрткі болған. Қымбат терісі үшін өсірілетін күзендер тар темір торда шөлден қаталаған кездері бейнеленген видео былайғы жұрттың наразылығын тудырды. Бұл жайында Deutsche Welle ақпарат көзі хабар таратты. Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінің ветеринарлық қызметінің инспекциясы аталмыш фермаға барып, оның жабылғанын өз көзімен көріп қайтты. 20 жыл бойы күзен өсірумен айналысып келген ферма қожайыны қоғамның наразылығын ескеріп әрі ветеринарлық қатаң тексерулерден соң фермасын жапқанын растады. Оның айтуынша, күзендердің күйі жасалмаса, яғни, ауырып, күтімі болмаса, терісінің сапасы төмендеп кетеді. Бұл бизнес тұрғысынан тиімсіз. Аталған ферма 2017 жылға дейін қызметін жалғастырып келген. Алайда, жануарлардың жағдайын жасау туралы заң талаптары қатайған сайын бизнесі кері кете бастаған. Сөз орайы келгенде айта кету керек, 2018 жылы Италиядағы Versace сән үйінің жетекшісі Донателла Версаче табиғи теріден бас тартқандарын мәлімдеген болатын. Жануарларды қорғау үшін. Мұндай қадамға аталмыш сән үйінен үлгі алған Gucci, Michael Kors және Jimmy Choo қымбат терілерден тігілген сән үлгілерін ұсынатын салондар да барғанын айта кетпеске болмайды. 

0 пікір
Мұрағат