Будда монахтары мұсылмандарға ауызашар беруде
Будда монахтары мұсылмандарға ауызашар беруде
9 жыл бұрын 3506 muslim.kz

Бангладештегі будда ғибадатханасы қасиетті рамазан айына орай тұрмысы төмен жүздеген мұсылмандарды тамақтандыруда. Аталмыш оқиға Оңтүстік Азиядағы дінаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып отыр. Ел астанасы Дакка қаласындағы Дхармараджика ғибадатханасының күн сайын азық-түлік салынған сөмкелер таратып, ауызашар беруі әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жағымды пікірлер туғызуда.

«Кез келген дін адамзатқа жақсылық жасауды бұйырады. Рамазан айы кезінде ауызашарға құнарлы тағам сатып алуға жағдайы жоқ жандарды тамақтандыруды қолға алдық, – дейді ғибадатхананың бас монахы  Саддхананда Махатхеру. – Бұл өзгелерге үлгі болса екен дейміз. Ауыз бекіткен көршілерімізге діні бөлек деп шеттетпестен, құрметпен қарауымыз қажет».

Айта кетейік, 160 млн халқы бар Бангладеш тұрғындарының 90 пайызы ислам дінін ұстанады. 

 

Шіркеу қызметкері мұсылмандармен бірге ауыз бекітіп келеді

Британияның Бирмингем қаласындағы шіркеу қызметкері рамазан айында мұсылмандармен бірге ауыз бекітіп келеді. Пастор болып қызмет атқаратын Энтони Мурлидің айтуынша, мұсылмандармен бірге ауыз бекіту олардың достығын нығайтып, Ислам діні жайлы білімін молайта түскен.

«Ұстанған діндеріміз арасындағы айырмашылықтар да баршылық. Бірақ, барлық діннің түпкі мақсаты – адамзатқа қызмет ету, – дейді ол. – Олармен көбірек әңгімелесіп, шынайы достасуға мүмкіндік тапқаныма қуаныштымын».

Шіркеу қызметкерінің ораза ұстауына жақын орналасқан мешіт жамағаты себеп болған көрінеді. Үстіміздегі жылдың ақпан айында кейбір мұсылмандар христиандармен бірге «Ұлы ораза» ұстанып, «жағымсыз әдеттерден» арылу акциясына қатысқан болатын.

0 пікір
Мұрағат