Қазақ хандығының ортағасырлық картасы Ватиканнан табылды
Қазақ хандығының ортағасырлық картасы Ватиканнан табылды
9 жыл бұрын 12828

tengrinews.kz ©Almaty.kz

Қазақ хандығының XVI ғасырдағы картасы Ватиканнан табылды. Бұл туралы "Алматы" телеарнасына профессор, елордадағы Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған хабарлады.

"Қазақ хандығы туралы мәліметтерді ашып, кең және жан-жақты зерттеуге уақыт келді. Бүгінде әлемде жақында табылған жаңа мәліметтер талқыланып жатыр. Олар кең зерттелмеген. Сонымен қатар, қазақстандық ғалымдар Ресей, Қытай, Иран, Франция және АҚШ ғалымдарымен бірге қазақтың  қатысты жаңа тарихи деректерді ашып жатыр. Міне, таяуда Ватиканда Қазақ хандығының XVI ғасырдағы тарихы табылды", - деді ғалым.

Телеарнаның хабарлауынша, үкіметтің Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілетін жылғы қаулысының аясында қазақтың мемлекеттігіне қатысты түрлі зерттеулер жасауға бастама көтерілді және "Қазақ хандығының құрылу тарихы", "Қазақ хандары" кітаптары басылып шықты.  

Еске салайық, биыл Қазақстанда Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтіліп жатыр. Негізгі іс-шаралар осы жылдың қыркүйегінде хандықтың негізі құрылған деп саналатын Тараз қаласында болады. Бұл мерейтойды атап өту идеясын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың қазан айында айтқан болатын.

 

Қазақ хандарының 150-ден астам хаты Қытай мұрағаттарында сақталған

© kazakh.ru

Қазақ хандығының 150-ден астам хаты Қытай мұрағаттарында сақталған, - деп хабарлайды "Қазақстан" телеарнасы. Тарихи құжаттардың арасынан қазақ хандары мен сұлтандарының Цинь империясының монархтарына жазған хаттары табылды.

Солардың бірі - Қанқожа сұлтанның 1790 жылы Тарбағатай губернаторына жазған хаты. Қанқожа сұлтанның жеке мөрі басылған хат шағатай тілінде жазылған. Тарихшы Дүйсенәлі Әбділәшімұлының айтуынша, Қанқожа сұлтан хатында Тарбағатай губернаторына қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағына қоныстанатынын хабарлайды. Қытай мұрағатынан табылған деректерге сенсек, қазақ хан-сұлтандарының ішінде алғаш болып 1757 жылы Цинь патшасы Чян Лұңға Абылай хан хат жазған. Онда қазақ ханы екі жақты қарым-қатынастардың басталуымен құттықтап, қуанышын жеткізген. Өз хаттарында Чян Лұң мен Абылай елшілерді тағайындау, лауазымдарды бекіту жөнінде ақылдасқан. Тіпті кейде көршілес елден түрлі ауруларды емдейтін дәрі-дәрмек те сұратқан. Тарихшылардың айтуынша, бұл хаттар Цинь империясы мен қазақ хандығы арасындағы достық қатынастарының дәлелі.

Абылайдың хатын алғаш болып Онума Тахакиро есімді жапон ғалымы тапқан. Ол Қытай мұрағатынан алған құнды дерек туралы көлемді мақала жазып, Жапонияның беделді басылымдарының бірінде жариялаған. Ал, Қытай мұрағатына кіруге рұқсат алған жалғыз қазақ Еркін Ауғали есімді қандасымыз. Ол қазақтардан ең бірінші болып хан-сұлтандардың Цинь империясына жолдаған хаттарымен танысып, шағатай тілінен аударған. Ғалымның айтуынша, ол аударған Абылайдың екі хатын Қытай тарапы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйлаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақ хандығының ортағасырлық картасының Ватиканнан табылғаны хабарланған болатын. Үкіметтің Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілетін қаулысының аясында қазақтың мемлекеттігіне қатысты түрлі зерттеулер жасауға бастама көтерілді және "Қазақ хандығының құрылу тарихы", "Қазақ хандары" кітаптары басылып шықты.  

 

Қазақ хандығының 550 жылдық тойы өтетін уақыт белгілі болды

BAQ.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің брифингінде ҚР Үкіметі басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шаралардың өтетін уақытын мəлімдеді.

"Биылғы жыл еліміз үшін айтулы мерейтойларға толы болып отыр. Солардың ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығын абыроймен өткізу өте маңызды. Аталған тойдың басты шаралары Астана мен Тараз қалаларында өтеді. Қыркүйектің 11 күні Астанада жəне қазан айының 9 күні Таразда үлкен той өткізу жоспарланған. Бұл үшін ҚР Үкіметі тарапынан кешенді шаралардың жоспары жасалды. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары пысықталуда",- деді Б.Сапарбаев.

Үкімет басшысының орынбасары атап өткендей, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге отандық БАҚ өкілдері ерекше үлес қосып келеді.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

0 пікір
Мұрағат