Бас мүфти көңіл айту жеделхатын жолдады
Бас мүфти көңіл айту жеделхатын жолдады
2 жыл бұрын 798

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ислам әлемінің ғұламасы, мүфти, ұстаз, шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Жүсіптің қазасына орай Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усмонхон Әлімов мырзаға, марқұмның туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Қаралы хабар біздің де жанымызға батты. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан Сізге, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтамын. Қазаның арты қайырлы болсын! Алла Тағала алдынан жарылқап, рақымына бөлегей!

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Жүсіп өмірін ілім іздеумен, шәкірт тәрбиелеумен, кітап жазумен өткізді. Оның тәрбиелеген шәкірттері мен артына қалдырған діни еңбектері асыл дініміз Исламның өркендеуіне үлес қоса бермек», – делінген жеделхатта, - деп хабарлайды ҚМДБ ресми сайты. 

Өзбекстанның үлкен ғалымы Мұхаммад Садық 10-наурыз күні 63 жасында дүниеден озды. Шейх Мұхаммад Садық 1952 жылы Әндіжан қаласында дүниеге келген. 1975 жылы имам Бұхари атындағы Ташкент Ислам институтын тәмамдайды. Содан соң Ливияның Триполи қаласындағы "Дағуат Исламия" университетін үздік бітіреді. 

Ол кісінің "Тафсир Халил" (Құран түсіндірмесі), Шейх Мансур Али Насифтың «ат-Таджул жамиғ лил усул фии ахадисур расул» атты еңбегінің түсіндірмесі ретінде жазылған "Хадистер және өмір", "Иман. Ислам. Құран", "Усулул фикһ", "Кифая" атты еңбектері кеңінен танымал. 

Шейх Мұхаммад Садықтың өте білімді, ғұлама ғалым кісі болғандығында талас жоқ. Алла Тағала ол кісіні мейіріміне бөлеп, жәннатына қауыштырсын!

0 пікір