Араб монархтары монархиялық биліктің ғұмырын қысқартатын қатерлі қадамға барды. Амалдың жоғынан...
Араб монархтары монархиялық биліктің ғұмырын қысқартатын қатерлі қадамға барды. Амалдың жоғынан...
4 жыл бұрын 4353 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

2018 жылға дейін Саудия ел азаматтарына қандай да бір салық салмайтын әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі болатын. Мұнай шикізатын сатудан түскен табыс аталған мемлекеттің барлық шығынын жауып келген еді. Сол себепті, ел азаматтарына салық салу қажеттілігі бола қойған жоқ. Алайда, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт құлдырауы Саудия билігін де барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер үшін 5% мөлшерінде салық салуға итермеледі. Бұл турасында 2018 жылы жазғанбыз. Не өндірісі жоқ, не қызмет көрсететін саласы дамымаған Саудия секілді елдер де жалғыз кіріс көзінен айырылып, ас  та төк молшылықтан қағылып, тізгінді тартуына тура келді. Салықты ешкім төлегісі келмейді. Әсіресе, бұрын мұндайды көрмеген ел тұрғындары табысынан жырып салық төлеуді ауырсынады. Тәжді тажал пандемиясына байланысты мұнайға сұраныс азайып, баға минусқа кірген болатын, яғни, өндіріс пайда әкелмейтін, тіпті, өз-өзін ақтамайтын, керісінше өндірісті жүргізу шығынды талап ететін кезеңге өтіп, Саудия бюджет тапшылығын тарта бастады. Ел билігі оның орнын мемлекеттік шығындарды қысқарту әрі салық есебінен толтыруға тырысып жатыр. Салық ел билігінің экономикалық қарым-қабілетіне күмән тудыратын қадам ретінде билікке деген халық сенімін сетінетіп кететін, әлеуметтік өзгерістерге бастайтын қадам саналады. Кезінде талай жазғанымыздай, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның туристер, инвестиция тарту үшін зайырлы қоғамға тән әлеуметтік реформаларды жүргізумен қатар тек мұнайға байланған экономиканы әртараптандыру (диверсификация) бағытында түрлі жобаларды қолға алып жатыр. Алайда, Йемендегі соғысқа килігуі, Саудияның аймақтағы саяси ықпалын сақтап қалу, қару-жарақ сатып алу, т.б. секілді геосаяси мүдделерді жүзеге асыруға кететін шығындар бір жағынан етегінен тарса, екінші жағынан күллі әлемді шарпыған жұқпалы індеттің салдарынан орын алған бюджет тапшылығы аталған елдің тынысын тарылтып барады. Осы орайда тағы бір мәрте естеріңізге сала кетейік, Саудия әлемдегі ең жоғары деңгейдегі автократиялық ел. Салық төлеген ел тұрғындары биліктен талай нәрсені талап ете алады. Салық осындай ерекшелігіне байланысты демократиялық құндылықтарға жол ашады. Тіпті, осыған қатысты ойларын білдіріп кеткен ғалымдар да бар. Мәселен, Колорадо университетінің саясаттанушысы, профессор Свен Штайнмо салықтың демократиялық мемлекеттің қалыптасуында маңызды рөл ойнайтынын атап өтеді. Ықылым заманнан бері тартқанда тарихи маңызы зор төңкерістер мен толқулардың артында салықтың салмағын аңғарасыз. Елді экономикалық бастамаларымен ұшпаққа шығара алмаған елдерде орын алатын орынды-орынсыз салықтардың арты режимге қарсы бас көтерумен аяқталып жатады. Қарт тарих мұндай оқиғалардың талайына куә болған. Араб түбегіндегі және Парсы шығанағындағы монархиялық елдердің де тек мұнайға арқа сүйіп билігін сақтап отырғаны турасында талай айтып өткенбіз. Әлбетте, Саудия билігінің қазіргі қарқыны – салықтық саясаты Араб түбегінің саяси келбетін түбегейлі өзгерте алатын өзгерістерге алып келе қоймас. Десе де бұрын монархқа қарсы сөйлеу былай тұрсын, оның бетіне тік қараудың өзі айып саналатын елде азаматтар өз қалтасынан шыққан ақшаның қайда жұмсалып жатқанын, есебін сұрауға дағдыланады. Бұл «салық заңдылығы» әрі ел азаматтарының құқығы. Салық саясатындағы кез келген қателік ең алдымен биліктің өзіне қатерлі. Бір жаза басып, мүлт кетсе, халықтың наразылығын пайдаланған авантюристер оны өз мақсат-мүддесіне жаратып, елде хоас орната алады. Хаос орнату арқылы билікті өз дегендлеріне көндіруге талпынады. Бұл автократиялық режимнің тұрақтылығын шайқайды. 

0 пікір
Мұрағат