Араб монархиясының күні батуға таяу ма
Араб монархиясының күні батуға таяу ма
5 жыл бұрын 3536 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болар, 2011 жылы күллі араб әлемін дүр сілкіндірген «араб көктемі». Мұны неге еске алып отырмыз? ХХІ ғасыр технологиялық жетістіктермен басталды. Бұл өз кезегінде геосаясатта болсын, әр елдің ішкі тәртібінде, яғни, басқару функциясында болсын, экономикада болсын, әлеуметтік жаңғыруда болсын, т.б. салаларда түбегейлі өзгерістерді талап етті. Бұрынғы патриархалдық құрылымның үстемдігіне елеулі соққы берілді. Араб көктемі арқылы. «Араб көктемі» неден басталып еді алдымен? Режимнің өзгеруін талап етуден. Бұрынғыша монархиялық басқарудың ендігі жерде тиімсіздігін көрсетіп берді. Әлемде монархиялық елдер қарасы саусақпен санарлық қана. Оның өзінде де батыстағы монархиялық елдердің аты бар да, заты жоқ, тарих еншісінде қалған ұғымға айналған. Монархиялық биліктің дені араб әлемінде. Араб елдеріндегі, дәлірегі, шығыс монархиясы мен батыс монархиясының қандай айырмашылығы бар? Шығыс монархиясы нақты билікке ие болса, батыс монархиясы демократиялық құндылықтардың алға шығуына байланысты символикалық мәнге ғана ие болып қалған. Араб монархиясының да күні батуға тақау қалғанын айтып жүр сарапшылар. Араб монархиясының әлі күнге дейін сақталуына табиғи қазба байлық өз әсерін тигізіп келген еді. Саудия да, Кувейт, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірлігі, Катар, Оман – мұнайлы елдер. Тек Иорданияны қоспағанда. Мұнай шикізатының экспортнынан түскен ресурспен билігін сақтай алған елдер. Бұл елдердегі монархиялық биліктің сақталуына өз әсерін тигізіп отырған тағы бір фактор – географиялық жақын орналасуы, яғни, көршілес елдер. Бұдан бөлек, өзара руаралық туыстық  та аталған елдердің монархиясының тірегіне айналған. Біз бұл мақаламызда мұнайдың арқасында жан сақтап отырған монархиялық билік турасында емес, мұнай шикізаты жоқ араб әлеміндегі жалғыз ел – Иордания турасында сөз қозғамақпыз. Сөз басында айтып өткеніміздей, осы ғасыр басында өмірдің барлық саласына дендеп еніп келе жатқан технологиялық жетістіктерге байланысты араб әлеміндегі монархиялық биліктің ең алдымен мұнайы жоқ Иорданияда құлауы мүмкін екенін айтқымыз келеді. Өйткені, Таяу шығыстағы саяси процесс бұрынғыша айтқанына жүргізіп, айдағанына көндіретін америкалық дипломаттардың әрекетіне емес, ең алдымен әлеуметтік желілердегі постарға байланысты өрбиді. Терроризмнің етек алуына қарай емес, жұмыссыздық белең алуына, сарайдағы билік өкілдерінің мәлімдемелеріне емес,  халықтың наразылығына қарай өрбиді. Өзге араб елдеріне қарағанда, Иорданияда соңғы жылдары жоғары оқу орнын бітірген әйелдер қарасы ерлерден асып түскен. Қазба байлықтан тек фосфат өндіретін әрі Акаба айлағы бар (ел экономикасындағы ең негізгі салалар) Иордания ғана емес, экономикасы тек мұнайға тәуелді араб елдерінде жұмыссыздық мәселесі экономиканы әртараптандыру (диверсификация) арқылы шешіледі. Ол үшін экономикалық реформа керек. Тек бюджетке қарайтын мемлекеттік аппараттарда ғана жұмыс табуға болады. Мұнай бағасының құлдырауына байланысты мемлекеттік қызметкерлер саны қысқаруда. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың белең алуына, халық наразылығының күшеюіне алып келуде. Иорданияның өзінде қазіргі уақытта жұмыссыздар қарасы 300 мыңнан асып кеткен. Олардың  87%-ы 18 бен 39 жас аралығында, яғни, еңбекке жарамды жастағылар. Сөз орайы келгенде айта кету керек, өткен ғасырдың 70-ші және 80-ші жылдары Иордания мұнайлы араб елдерінен ауқымды көмек алып келген болатын. Мұнай бағасының құлдырауына байланысты бұл көмек те сап тиылған еді. 

0 пікір
Мұрағат