АҚШ шектен шығып барады: қарақан басының пайдасы үшін қауіпті саудаға жол бергелі отыр
АҚШ шектен шығып барады: қарақан басының пайдасы үшін қауіпті саудаға жол бергелі отыр
6 жыл бұрын 7076 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қару бар жерде қауіп бар. Оған сөз бар ма. Ал оны тауарға айналдыру қауіпті еселей түседі. Әсіресе, қазіргідей күллі әлемнің желкесінен терроризм қаупі төніп тұрғанда. Ақ үй қожайыны Дональд Трамп командасы америкалық ату қаруын әлемдік нарықта саудалау ережесін оңайлатуды көздеп отыр. The Washington Times ақпарат көзінің таратқан хабары мен келтірген дерегіне қарағанда, аталмыш ереже конгресмендер тарапынан мақұлданып кетсе, винтовкалар мен тапаншалар шетелде әскери мақсат үшін емес, азаматтық өнімдер санатында сатылмақ. Бұл сауда АҚШ-тың қару-жарақпен жабдықтаушы компанияларға жылына қосымша 340 млн доллар табыс әкеліп, пайда түсіреді. Ал сарапшылар мұндай сауданың қатерлі жағын айтып, дабыл қағуда: мәселен, лаңкестер мен содырлардың қолына тап болу қатері. Нақтырақ айтқанда, қандай қару түрлері саудаға шығарылады? Олар: бір жолғы ату құралдары, атап айтқанда, тапанша, револьвер, винтовка, т.б. Бұрын аталған елде мұндай ату қаруларын саудаға шығару үшін мемлекеттік департаменттен лицензия алып келсе, ендігі жерде сауда-саттық министрлігінен ала алатын болады. Бұл да қаруды сату үшін алынатын рұқсатты жеңілдетпек. Бұдан бөлек, олар жыл сайын төлеп отыруы тиіс 2250 доллар мөлшеріндегі экспорттық салықтан да босатылады. Қару сату мәселесінің шешімі бір жарым айдан кейін нақты белгілі болады. Конгрестің қабылдаған шешіміне байланысты. Қару саудасының тағы бір қатері мынада: контрабанданың жандануына алып келеді. АҚШ билігі мұндай қадамға неліктен барғалы отыр? Аталған елдің соңғы уақыттағы сауда балансында жағымсыз сальдо басым түсуде. Осыған байланысты экспортталатын тауарлардың саны мен мөлшерін көбейтуге ден қойып отыр. Сондай-ақ, әлемдегі қару-жарақ саудасында өзімен бәсекелес елдерді нарықтан ығыстырып шығарудың амалы да болмақ. 

0 пікір
Мұрағат