"Тасаууфта төрт есік бар": Мәуләнә Румидің шәкірттеріне айтқаны
"Тасаууфта төрт есік бар": Мәуләнә Румидің шәкірттеріне айтқаны
12 ай бұрын 2578
Абдусамат Қасым

Бір күні Мәуләнә Жәләлуддин ар-Руми шәкірттеріне уағыз айтып отырып:

«Тасаууфта төрт есік бар. Сопы осы төрт есіктердің әрбірінен өтіп барып «ақиқатқа» жетеді. Ол төрт есік келесідегідей: Шариғат есігі, Тариқат есігі, Мағрифат есігі және Хақиқат есігі» депті.

Шәкірттерінің бірі Румиден:

- Тақсыр, сіз айтқан төрт есік дегенді толық түсіне алмай отырмын. Маған түсінікті бір тілмен түсіндіріп бересіз бе? - деп сұранады. Сонда Руми шәкіртіне сөзден гөрі, іспен түсіндіріп берейін деп:

- Жолдың арғы шетіндегі медреседе төрт шәкірт бар. Төртеуі де кітап қойғыш тақтайшаларындағы кітаптарына ұңіліп, сабақтарын орындап отыр. Соларға бар да әрбірінің желкесінен бір-бір шапалақтан ұрып кел. Содан кейін оның мәнін саған түсіндіремін» - дейді. Шәкірті қарсы жақтағы ғимаратқа барып, ондағы дәрістерін оқып отырған төрт шәкірттің біріншісінің желкесінен қойып қалады. Ол атып тұрып, мұның өзін шапалақпен тартып жібереді.

Кейін екінші шәкіртке барып, желкесінен шапалақпен ұрады. Екіншісі де атып тұрып, ұрмақшы болып қолын көтереді де, алайда райынан қайтып, ұрмай қоя салады.

Кейін үшіншісіне барып, оны да желкесінен шапалақпен ұрады. Үшіншісі басын бұрып, мұның жүзіне құр қарайды да, артынан қайта сабағын оқып отыра береді.

Кейін төртінші шәкіртке келіп, оның да желкесінен алақанымен бір қояды. Бірақ ол бұрылып та қарамастан, сабағын оқып отыра береді.

Сонымен әлгі шәкірт ұстазының тапсырмасы бойынша төртеуіне де бір-бір шапалақтан жегізіп, ұстазына келеді. Келіп төртеуінен қандай жауап болғанын айтып береді. Сонда Мәуләнә Руми шәкіртіне оның мәнісін былай деп түсіндірген екен:

«Сенің шапалағыңа шапалақпен жауап қайырған шәкірт - шариғат есігінен аспаған адамға мысал. Шариғатта «қанға - қан (жанға - жан)» қағидаты жүретіндіктен, шапалақ жеген ол, шапалаққа шапалақпен жауап берді.

Екіншісі - тариқат есігіндегі мұсылманға мысал. Ол шапалақ жегеннен кейін, тұрып, ақысын қайтарайын дегенде ойына «саған жамандық жасағанға да жақсылық жаса!» деген ереже түсті. Сондықтан да, райынан қайтып, ештеңе істемей, қайта отырды.

Үшіншісі - мағрифат есігіне дейін келген кісіге мысал. Ол кісі жақсылықтың да, жамандықтың да Жаратушыдан келгендігін біледі және сенеді. Ол «Құдайым жіберген бұл жамандығы үшін қай шайтанды қолданды екен» деп қызығушылығынан ғана мойын бұрып қарады.

Төртіншісі - «хақиқат» есігінен өткен адам. Ол жақсылық пен жамандықтың бір тек Алладан келетіндігіне сенеді және екеуін бөліп жармайды, қайсысы келсе де Құдайдан келеді деп түсінеді. Сондықтан да, ол сен ұрғанда бұрылып болса да қарамады» деп, Мәуләнә Руми шәкіртіне шариғат, тариқат, мағрифат және ақиқат терминдерінің сопылықтағы мәнін түсіндіріп берген екен.

 

 

1 пікір
  • Адам баласы әр кезде осы 4 состяниеде бола берема? Мысалы хакикатты кей сынактарда қолданып, кей сынақтарда шариғатпен шешуі? Жоқ әлде Хақиқатқа ықыласпен жеткен адам, шариғат дәрежесіне қайта түспейдіма кейн?
    12 ай бұрын