«Үйімді екі мың алтынға сатамын. Бір мыңы - үйдың құны, ал қалған мыңы - Ибн Мүбәракқа көрші болғаны үшін»: Ибн Мүбарактың өзге діндегі көршісі
«Үйімді екі мың алтынға сатамын. Бір мыңы - үйдың құны, ал қалған мыңы - Ибн Мүбәракқа көрші болғаны үшін»: Ибн Мүбарактың өзге діндегі көршісі
12 ай бұрын 3620

Ислам дінінде «көрші» ұғымы құрметпен қаралатындығы белгілі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Жебірейіл періште маған көршіге жақсылық жасауды қайта-қайта табыстағаны соншалықты, көршіні де мұрагерлердің тізіміне қоса ма деп қорықтым» деген еді. (Тирмизи, «Сүнән»). Осы сияқты Алла елшісінің (с.а.у.) көршіге жақсылық жасауға ынталандырған хадистері баршылық. Ал көршіге зиян келтіру Исламда ауыр күнә саналады. (Имам Зәһәби, «Кәбәир»).

Міне осындай тәлімдерді бойына сіңірген сахабалар мен тәбиғиндер және одан кейінгі буын дін ғалымдары көршілері мұсылман болмаса да алаламай көршілеріне үнемі жақсылық жасап келген. Ол жайында көптеген әңгімелер ауыздан ауызға тараған. Сондай бір әңгіменің бірінде 8 ғасырда өмір кешкен Абдулла ибн Мүбарак есімді ғалымның Яһуди дініндегі бір көршісіне жасаған жақсылығы айтылады.

Абдулла ибн Мүбарактың (р.а.) тұрмысы төмен бір Яһуди (Йудей) көршісі болыпты. Абдулли ибн Мүбарак күніге өз балаларынан бұрын ең әуелі сол көршісіне ас беріп, көршісін киіндіреді екен. Күндердің бірінде әлгі Яһуди көршісі үйін сататын болыпты. Сонда ол бағасын сұраушыларға:

- Екі мың алтын динар сұрап тұрмын, - деп айтады.

- Неге сонша қымбат? - дегенде, ол:

- Оның бір мыңы - үйдің өз құны, ал қалған бір мыңы - Абдулла ибн Мүбәрактың үйінің жанында болғаны үшін» - дейді екен. Осылайша, жақсының көршісі болудың өзі әркімге кездесе бермейтін үлкен ғанибет екендігін ұқтырған екен.

Кейіннен көршісінің парасаттылығын естіген Абдулла ибн Мүбәрак оған жақсы тілектер тілеп, Алладан мұсылман болуын сұрапты. Алла ұлы ғалымның дұғасын қабыл етіп, әлгі Яһуди көршісі көп ұзамай мұсылман болыпты.

Бұл оқиға, әрбір мұсылманның - көршіге жақсылық жасаудың этолонына айналудың маңыздылығын көрсетеді. Діні бөтен көршісі Абдулла ибн Мүбаракқа риза болғаны соншалықты, ондай ізгі жанның көршісі болудың өзіндік құны бар үлкен артықшылық екендігін ұқтырыпты. Расында да «үйден бұрын, көршіңді ізде» дегендей, аталмыш оқиға жақсы көршінің қаншалықты маңызды екендігін білдіреді. Алла екі дүниеде де салиқалы жандармен көршілес болуымызды нәсіп қылсын! 

Мұса Жамал

0 пікір