Жаратқаннан кеткен кезде жырақтап... (өлең)
Жаратқаннан кеткен кезде жырақтап... (өлең)
4 жыл бұрын 4562
Меруерт Мұхамадиева, Семей қаласы.

 

О, Жаратқан!

Ұмытқанда Тәңірді,

Ұмытқанда тәубе менен қабірді.

Бар ғаламды  бір қауызға  сыйғыздың,

Көрсетумен құдірет пен әмірді.

Көз шелденіп, май басқанда ұртымды,

Адамзаттың қабағына мұң тұрды.

Жаратқаннан кеткен кезде жырақтап,

Ескертулер келіп жатты мың түрлі...

Орамалды «құбыжықтай» танылды,

Қудаланып, қоғамынан қағылды.

Ал бүгінде бетпердемен тұмшалап,

Кіретұғын  тесік таппай сабылды.

Бір тарының қауызына сыйғыздың!

Бір-ақ сәтте теріс жолдан тыйғыздың!

Әрбір күні қорқынышпен күн кештік,

Бір-ақ сәтте есімізді жыйғыздың!

О, Жаратқан!

Көктем келді тағы да,

Бұл көктемді күтіп едік сағына...

Бұл көктемнен қанша жандар қалады?

Қуаныш па? Қасірет пе? Бағы ма?

Бұл ғұмырдың сезіндік-ау бес күнін,

Насихатын елемеуші ек естінің.

Арам істен тыя алмай нәпсіні,

Азанның да елемедік кешкі үнін...

О, Жаратқан!

Көктем келді шуақты,

Қар да кетіп, сай-саладан су ақты.

Рамазан да келіп қалды нұр шашып,

Алатұғын рухани бір қуатты.

О, Жаратқан!

Көңілдерде көп күмән,

Тоқтаса екен індет пенен көк тұман.

Әрбір таңда бір өзіңе қол жайып,

Аман болсын барша жұртым деп тұрам...

Тоқтаса екен індет пенен көк тұман...

 

0 пікір