Өзге діндердегі ораза құлшылығы
Өзге діндердегі ораза құлшылығы
4 жыл бұрын 4996

«Дінсіз адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған» деген атақты сөз бар. Яғни кез-келген қоғамда құдайға сенбейтін бірді-екілі адам болғанымен тұтастай  құдайды терістеп, жаратылыс атаулының бұрыннан да өздігінен бар, кейін де бола беретінін айтқан қауым болмаған. Ғалымдар өркениеттің алғашқы сатысында өмір сүріп жүрген аборигендерді зерттегенде де осындай қорытындыға келген. Үстінде дұрыс киімі жоқ адамдар да әйтеуір бір жаратушы күш бар екендігіне иланады екен. Археологиялық қазба жұмыстары, күнімізге дейін жектен діни мәтіндер, мыңжылдық тарихы бар тастағы жазулар мен суреттер де соны айғақтайды.

Жаратушыға сенетін адамзат баласы мыңдаған жыл бұрын-ақ өзінің құдайға берілгенін, оны тәу ететінін білдіру мақсатында құлшылық жасаған. Ең  құнды жануарын, затын құрбандыққа шалып, үлкен ғибадатхана салып, ішіне кіріп мінәжат еткен. Сонымен қатар өзі қорқатын әрі жақсылық күтетін құдайы үшін тамақтанудан бас тартып, құдайы үшін неге дайын екендігін көрсеткен. Яғни белгілі бір уақыт тамақтанбау, су ішпеу немесе сөйлемей жүру, жаман сөздерді естуден сақтану сынды құлшылықты көп діннен кездестіруге болады. Бұны біз ораза дейміз. Біздің түсінігімізде ораза –  таң атқаннан күн батқанша ас-су мен жыныстық қатынастан  сақтану. Өзге діндерде де дәл біздікіндей болмаса да құдайдың разылығы үшін нәпсілік қалауын тыю құлшылығы бар. Енді солардың ең маңыздыларына қысқаша шолу жасап көрелік. 

Яһудилік

Яһудилікте ораза – адамдардың біліп-білмей істеген күнәларына пұшайман болып, тәубе ету үшін ұсталады. Бұл дінде оразаның бірнеше түрі бар. Оның ең маңыздысы йом киппур күні ұсталатын ораза. Ол күні яһудилер бір жылдың ішінде істеген күнәлары үшін тәубе етіп, құдайдан кешірім сұрайды. Бұл ораза яһуди күнтізбесіне сай жыл басы болған (Тишри) яғни қарашаның оныншы күніне сәйкес келеді. Бұл күні ораза ұстау парыз. Ораза арафа күні күн батудан шамамен бір сағат бұрын басталып, ертесі күні күн батуға 45 минут қалғанға дейін жалғасады. Жиырма бес сағаттан асатын бұл уақыттың ішінде жеп ішуге, жыныстық жақындыққа, жуынуға және тазалық жасауға, май жағуға және аяқ киімді де қосқанда былғарыдан жасалған киім киюге болмайды. Бұл ораза күні жұмыс тоқтайды, радио мен теледидар жұмыс істемейді, машина қолданбайды, газет-журнал шығармайды. Яһудилердің сенімі бойынша адамның бір жылдық тағдыры оның осы йом-киппур оразасындағы тәубе деңгейіне қарай  белгіленеді. Яһудилікте йом-киппур және тишаһ бе-ав оразалары екі күннің батуының арасында ұсталады. гедалия, асара бе-тевет, эстер, бохор, шивах асар бе таммуз оразалары таң атқаннан күн батқанша ұсталады. Он үш жастан асқан ер балалар мен он екі жасқа толған қыз балалар ораза ұстай алады. Науқастар, ай-күні жақындап қалған жүкті әйелдер, нифас жағдайындағы әйелдер ораза ұстай алмайды. Тіпті кейбір кісілердің ораза тұтуына раввиндер тыйым сала алады. Яһудилікте бір жақынын жоғалтқанда, жаман түс көргенде, қандай да бір қиындыққа кезіккенде таң атқаннан күн батқанша ораза ұстауына болады. Бұл оразаларда жоғарыдағы  оразалардай емес, жеп-ішу мен жынысық қатынастан өзге істерді  жасай береді. 

Зороастризм

 Бұл дінде біз білетіндей ораза  жоқ. Тіпті қасиетті кітабында асқазанын етпен толтырған адам жақсы рухпен толтыратынын және бұндай адамдардың күні бойы ештеңе жемеген адамдардан әлдеқайда жақсы екендігі айтылады. Зәрдүштер шынайы ораза жеп-ішуден тыйылу емес, іс-әрекет, ой мен сөзде қателікке түсуден сақтану деп түсінеді. 

Индуизм

Индуизмде ораза нәпсіні тәрбиелеу үшін жылдың белгілі бір күндерінде және мерекелерде ұсталады. Бұл дінде әр топтың жеке құлшылық және жеке дұға жасайтын күндері бар. Брахмандар деп аталатын абыздар тобы жыл бойы, жиі-жиі ораза ұстайды. Жиырма бес жасына дейін дінді үйренуге міндетті брахман үйленіп, отбасылы өмірге қадам басқан соң дүниеден өткенше өз кастасына тән әртүрлі міндеттерді орындайды. Отбасылы брахман ораза күндерінен тыс қалыпты күндері бірі түстен кейін сағат үштерде, екіншісі жатардан бұрын барлығы екі мәрте тамақтанады. Одан бөлек екі түрлі ораза бар. Бірі құрбан оразасы. Брахмандардан өзге каста мүшелерінің арасында да кең таралған ораза. Бір тілектің орындалуы үшін ұсталатын құрбан ораза үздіксіз 15 күн ұсталады. Екіншісі жылдық мерзімдік оразалар. Бұл оразаны брахмандар ай күнтізбесіне қарай әр айдың бірінші және он бесінші күндері ұстайды. Сонымен қатар брахмандар бұл екі күнге қоса айдың 10,11 және 12 күндері айына кем дегенде бес күн ауыз бекітеді. 10 және 12 күндері күніне бір мәрте тамақтанса, 11 күні мүлдем тамақ ішпейді. Осы он бірінші күннің әсіресе жесір кісілер мен өздерін  дін жолына арнағандар үшін ерекше орны бар. Бұл күні яһудилердің шабат және йом-киппур күніндегідей дүниелік ешбір іс істемейді. Кешкі тамаққа бар болғаны тәтті және жеміс жейді. Сонымен қатар Шива құдайын дәріптейтіндер ұстайтын мага айының он үшінші күні таңертеңнен бастап, он төртінші күні сәскеге дейін ұстайтын ораза да бар. Шамамен 24 сағатқа созылатын ораза кезінде жеп ішуге және жыныстық жақындыққа тыйым салынады.  Бұдан да өзге оразалар бар. Жалпы айтқанда индуизмдегі оразаның өзге діндерден кейбір ерекшелігі күріштен жасалған тағам түрлерін жемеу, әйелдерге иіссу себуден сақтану, ер кісілердің үнді майы сынды майларды жақпауы. Сондай-ақ шиварати оразасында ұйықтамауға тыйым салынатыны да кез-келген дінде кезіге бермейтін ерекшелік. Индуистер оразада түні бойы өздері қасиетті деп білетін кітаптарды оқып, құдайды ойлаумен уақыт өткізеді. Индуизмде тек қана әйелдер тұтатын ораза да бар.

Жайнизм

Жайнизм индуизмнен біраз уақыт бұрын шыққан. Негізін салушысы Джина (жеңімпаз) Махавира (ұлы қаһарман). Олардың өмірінің өзі қызық. Жаны бар жаратылысты өлтіру былай тұрсын жаға ұстатар қатаң тыйымдары бар. Мысалы жер жыртуға қарсы. Өйткені жер жырту барысында майда жәндіктерді өлтіріп қоюың мүмкін. Ағашты өлтірмес үшін от жақпау керек. Жанған отты өшрімеу керек, өйткені отты өлтіресің. Су ішкенде де майда жәндіктер кетіп қалмас үшін сүзіп ішуді жөн көреді. Ал рухани кемелдік үшін тамақтан шектелуге келгендегі қатаңдығы тіптен. Жайн белгілі бір уақыт тамақтанбай өзін шектеу былай тұрсын, тамақ ішпеген күйі аштан өлуге де қарсы емес. Ал қатардағы жайндар сарымсақ пен пияздан өзге көкөніс түрлерімен ғана тамақтануды құптайды. 

Буддизм

Будда мына дүниені тұтастай азап деп білетіндігі белгілі. Десек те Будданың өзі дүниеден баз кешіп, дәруіш болып кетуді насихаттамаған. Өйткені оның пікірінше шектен шығушылық адамның рухани тұрғыдан жетілуіне кедергі болады.Алайда буддизм уақыт өте келе индуизм мен жайнизм діндерінің ықпалында қалып, өзгереді. Нәтижесінде будда монахтары жайндар секілді қалыпты күннің өзінде түске таман бір мәрте тамақтанатын жағдайға келген.  Бұл әлемдік діннің де тармақтары көп болғандықтан әрқайсысында әртүрлі ораза түрлері бар. Мысалы ламаизмде ай сайын төрт күн ораза тұтады. Олардың бір бөлігі кешке таман тек қана нан және картоп сынды крахмалы мол тағаммен шай ішуді де оразаның бір түрі деп біледі. Ал тақуарақ кісілер ертесі күні күн шыққанша ештеңе ішіп-жемейді. Ламаистердің арасында кең тараған оразаның бірі нунгнас. Төрт күнге созылған бұл оразаның алғашқы екі күнінде толықтай дұға жасап, күнәні мойындау күні, екінші күні түн ортасынан бастап, төртінші күні күн шыққанша аузы берік адамның түкірігін жұтуына да, тілін қимылдатуына да рұқсат етілмейді. Сондықтан бұл мерзім аралығында дұғаны іштей жасайды.  Буддизмнің барлық тармақтарында Будданың туған күні саналатын қытай күнтізбесіне сай төртінші айдың он бесінші күнінен бұрынғы соңғы бес күннің ішіне қатаң вегетариандық ереже ұстанады. Яғни тұтастай ауыз бекітпегенімен рухани кемелдік үшін кейбір тағам түрлерінен бас тарту бар.

Христиандық

Христиан дінінің қасиетті мәтіндерінде Иса мен хауарилердің яһуди дәстүріне сай ораза ұстағандығы айтылады. Исаның өзі бекітіп кеткен оразаның түрі жоқ. Алайда ерте христиандық дәуірден бастап сәрсенбі және жұма күндері ораза ұстап, жылдың белгілі бір күндері ет пен сүт өнімдерін қолданудан бас тартқан. Сәрсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстаудың себебі Исаның өлімінен бұрын және  өлетін кезде тартқан азабын еске алу. Тарихта әртүрлі ағымда  әртүрлі ораза болғанымен қазіргі христиандықта екі ораза бар.

Алғыс оразасы. Әр аптада жексенбі күні орындалатын евхаристия рәсімінен бұрын алкагольді ішімдік ішпеу арқылы орындалады. Католиктер мен православтарда ораза сенбі күні кеш батқаннан немесе кешкі астан кейін бастап аталмыш рәсімнен кейін аяқталады. Ал протестанттарда евхаристиядан үш сағат бұрын басталады.

Шіркеуге мүшелік оразасы: Англикан шіркеуінен тыс барлық христиан ағымдарында бар, бірақ әртүрлі бейнеде  орындалатын бұл оразалардың ең маңыздысы және ұзағы Исаның шөлде қырық күн бойы ұстаған оразасын еске алу мақсатында төртінші ғасырда дәстүрге айналған пасхадан бұрынғы қырық күндік ораза. Лент деп аталатын бұл ораза пасхаға дайындық ретінде қабылданады. Христиан сенімі бойынша оразаның негізгі мақсаты күнәнің кешірілуі және нәпсілік қалаулардан бас тарту. Сондықтан науқас, бала, әскердегі адам мен ауыр жұмыс істейтіндерден басқалардың бәрі де ораза ұстауға міндетті. Ал жоғарыдағылар басқа кезде қазасын өтейді. Христиандықта ораза тұтқан адам күніне бір мәрте  түскі немесе кешкі асты іше алады. Одан тыс жеңіл желпі нәрселер жеуіне болады. Ал шылым сынды адамға  рахат берер заттар қолданылмайды. Зәру жағдайларда дәрі қабылдауына болады. 

Ислам

Исламда ораза ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауыз бекітуге шамасы келетін мұсылманның таң атқаннан күн батқанша  ас-судан және жыныстық жақындықтан құдай разылығы үшін тыйылатын құлшылық. Пайғамбар Мәдинаға қоныс аударған соң, яғни һижреттің екінші жылы парыз етілген. Құран кәрімде ораза ұстаудың парыз екендігі жайлы «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді» (Бақара, 183) деп ашық айтылған. Исламда оразаның парыз, уәжіп, сүннет бірнеше түрі бар. Парыз оразасы рамазан айындағы ораза немесе осы айдағы оразалардың қазасы яки айыпты жууға арналған кәффәрат оразалары. Уәжіп оразалары себепсіз үзілген нәпіл оразаның қазасы немесе нәзір иғтикафтың оразасы. Ал сүннет оразалар пайғамбардың әр жылы, әр айда, аптаның кейбір күндері ұстаған оразалары. Исламда ақыл-есі толысқан, денсаулығы көтеретін, тұрғылықты адамдарға ораза ұстау піндет. Науқас, жүкті, бала емізетін әйелдер мен сапардағы адамдарға ұстамауға рұқсат етіледі. Жағдайына қарай кейін қазасын өтейді немесе пидия төлейді. Мұсылмандар ұстайтын оразаның ең бастысы жылына бір мәрте бір ай көлемінде ұстайтын рамазан айындағы парыз ораза. Бұл оразада мұсылман таң атқаннан күн батқанша Раббысының разылығы үшін жай күндері өзіне адал болған ас-су ішу немесе жыныстық қатынасқа түсуді таң атқаннан кеш батқанша доғарады. Ешкім көріп тұрмаған кезде де осы талаптарды сақтап жаратушы иесі үшін неге дайын екендігін көрсетеді. Тек жеп-ішуден тыйылып қана қоймай, жаман сөзден, жаман нәрселерді көруден әрі естуден де сақтанады. Осылайша бүкіл бітім-болмысымен ораза ұстайды. Бір айлық тәрбие мектебінде өзін рухани тұрғыдан жетілдіріп, кемшіліктерін түзеп, жыл бойына жететін  рухани азық жинайды. Сондықтан болса керек ислам ғалымдары «Қажылық – қажылықтан қайтқан соң, ораза рамазан айы біткен соң, намаз – намаз аяқталған соң» басталады деп  исламдағы негізгі құлшылықтардың сырына назар аудартқан.

Исламда ораза индуизмдегідей белгілі бір топтың, белгілі бір күнде ғана кейбір тамақ түрлерінен тыйылуы емес. Исламда ораза тұтастай нәпсілік қалаулардан, адам тәнін рахатқа бөлейтін құмарлықтардан құдай разылығы үшін арылу. Ислам жайнизм  секілді аштан қатып, ештеңе жеме демейді. Кеш батқан соң таң атқанша тамақтануға және некелі жыныстық қатынасқа рұқсат береді. Яғни соншалықты қиын, адам табиғатына қайшы дей алмайсың. Исламда ораза яһудиліктегідей тұтастай тіршілікті тоқтатпайды. Қоғамдық қызметтер жұмыс істеуін жалғастыра береді. Ламаизмдегідей сөйлемей жүру де жоқ. Бастысы күнәлі сөздер айтпа. Ал жақсы, зікір сөздерді көбірек айту мақталады. Яғни оразаның сыры бар болғаны өзіңнің құдайың үшін не істей алатыныңды көрсету.

Ораза – мұсылмандардың барлығы құдай алдында тең әрі бір дене іспеттес екенін білдіретін құлшылық. Өйткені басшы мен бағынышты, бай мен кедей, ер мен әйел, үлкен мен кіші барлығы да бір уақытта ауыз бекітіп, бір уақытта аузын ашады.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Драз М.А.  Религия: ясные знамения и явные аргументы. Введение в историю религий. – СПб: 2002.
  2. Abdurrahman Küçük, Günay Tümer, Mehmet Alparslan Küçük. Dinler tarihi.  Ankara: 2012.
  3. Diyanet islam ansiklopedisi. 33. İstanbul: 2007.
  4. Ömer Nasuhi Bilmen. Büyük islam ilmihali. İstanbul: 1963.
  5. Mehmet Aydın. Ansiklopedik dinler sözlüğü.Konya: 2005.

 

Есімқұлов Ернар, 
Нұр-Мүбарак Египет
Ислам мәдениеті университеті

0 пікір