ҚОЛТЫРАУЫН МЕН ПІЛ ҮЙЛЕНСЕ... (ғибрат-хикая)
ҚОЛТЫРАУЫН МЕН ПІЛ ҮЙЛЕНСЕ... (ғибрат-хикая)
4 жыл бұрын 7856 jastar.kz
Асылбек Әуезханұлы

Баяғы өткен заманда қолтырауын мен піл бір-біріне ғашық болыпты дейді. Сосын олар дүниені дүр сілкіндіретін той жасап шаңырақ көтереді. Өзара махаббаттарының күштілігі сондай бір-біріне өздері үшін ең құнды дүниелерін беруден жарысқа түсіпті. Қолтырауын суға сүңгіп кетеді де, ең керемет балықтарды ұстап, пілге әкеліп береді. Ал піл болса, көк майсаның ең жұмсақ жерлерін таңдап тауып ғашығына апаратын көрінеді. Бірақ нәтижеде екеуінің де көңілдері мұңды. Ет жейтін қолтырауынға пілдің сыйы, көк жейтін пілге оның сыйлығы ұнамайды. Сөйтіп екеуі неге менің жарым көңілсіз деген сұрақты зерттей бастайды. Сөйтсе екеуінің де ниеті адал, пейілі таза болғанмен, табиғат заңы тұрғысынан қате тірлік жасап жүріпті ғой. Осыны түсінген екеуі содан былай өздеріне емес, жарларына ұнайтын нәрсені сыйлауға тырысатын болыпты. Екі ғашық мақсат-мұраттарына осылай жетіпті дейді. 

Бұл әңгіме бүгінгі отбасылардың кейбір сырларын түсінуге көмек береді. Адам арасындағы ерлі-зайыптылар піл мен қолтырауын сияқты сыртқы көріністері бөлек жаратылыс боламаса да, олардың табиғаттарында бір-бірінен көптеген ерекшеліктер бар. Еркек – күшті, әйел – нәзік. Әйел сезімтал, ер адам – салқын қанды. Әйелдің сөзі жылдам, еркектің қолы жылдам дегендей. Одан бөлек екеуінің екі түрлі ортада өсіп, жетілуінің өзі арада бірталай айырмашылықтың болуын заңды етеді. Олай болса, олардың бір-біріне: «Неге сен дәл мендей емессің» деп өкпелеуге құқықтары жоқ. Сондықтан атам қазақтан «Үй болу – оңай, үйлесу – қиын» деген қағидалы сөз қалған. 

Бүгін шаңырақ көтерген көптеген ерлі-зайыптылар үйленгенмен үйлеспей қалып жатыр. Себебі бір-бірінің жаратылыс сырларын ұғынуға тырыспайтын секілді. Мәселен, біреу жаңа телефон сатып алғанда, алдымен оны қалай қолдануды үйренбей ме? Қолдануды білмесеңіз, қандай мықты марка болса да, ісіңізге жарамасы анық.

Қысқасын айтқанда, отбасын құрған екі жарты бір бүтін болуы үшін бір-бірімен сол табиғи қалпында үйлесіп кетуі керек. Екеуі бір-бірінің табиғатын, мінез-құлқын, темпераментін, жақсы көріп, ұнататын істерін зерттеп үйреніп алғандары дұрыс. Бірақ бұған міндетті түрде екі жақ та ат салысуға тиіс. Сонда отбасы мақсат мұратына жетеді. Баршаңызға отбасылық бақыт тілейміз.

0 пікір