МОСКВИЧ 412
МОСКВИЧ 412
10 жыл бұрын 8803
Қайрат Жолдыбайұлы

Астанадан Алматыға көлікпен жылжып барамын. Ұзақ жол. Қазақтың ұшы-қиыры жоқ сайын даласы. Мүлдем елді мекенсіз жерлер тіптен тымырсық. Ата бабамыздың ұрпағына мұра етіп қалдырған осынау байтақ жерді қорғау, келер ұрпаққа аман-есен аманат ету бүгінгі әрбір қазақтың мойнындағы асыл борышы һәм уайымы болуға тиіс.  Бізге ең әуелі тыныштық керек, ұрпағымызды көбейту қажет. Сосын ол ұрпақты білімді де иманды, ұлтжанды, намысты етіп тәрбиелеу ләзім. Сонда ғана ертеңімізге алаңдамауға болады. Әйтпесе... Талай ойдың жетегінде отырмын. Санам ана ойдан мына ойды қуып отыр. Кенет зуылдап озып жатқан шетелдік небір джиптердің арасынан баяу жүрісімен ілбіп бара жатқан "москвичке" көзім түсті. Москвич 412. Бұл жануардың көзден ғайып болғанына қай заман? Ішіндегі жүргізуші қандай сезімде отыр екен. Бәлкім өзіне жұртта қалған осындай көлік бұйырғаны үшін тағдырына налып отыр. Бәлкім жоқ.

Кеңес кезеңі. Ауылымызда алғаш рет осы москвич көлігі пайда болды.  Көрші-қолаңның бәрі құттықтаған болып көлікті көруге келіп жатыр. Шаңды бұрқыратып ауылға кірудің өзі қандай ғанибет, нендей сурет?! Ішінде отырған адам құдды ұшақ айдап келгендей бақытты сезімде болушы еді. Машинадан түсе сала, төрт дөңгелегін теуіп қойып, кілтін айналдыра ысқырған бойда үйіне кіретін. Әңгімесінің бір ұшын айналдырып әкеліп көлігіне тірейтін. Бір сөзбен айтқанда бақыттан басы айналатын. Ал қазір ше? Ресейлік көлігін университеттің алдына емес, алысқа қойып, жаяу келетін ұстаздары жайлы айтып беріп еді өткенде бір танысым. Не үшін? Ұялады, намыстанады. Сонда деймін-ау, не өзгерді? Кеше иесін мақтанышқа бөлеген бұл көлік, бүгін неге оны бақытсыз етіп отыр? Адам сол адам, машина сол машина. Ендеше өзгерген адам санасы ғана. Демек барлық проблема санамызда. Айналамызда болып жатқан дүниелерге деген  көзқарасың аса маңызды. Не ойлайсың, қалай ойлайсың, қай қырынан бағалайсың,  сол сені бақытты яки бақытсыз ететін негізгі фактор. Санасын, ойын басқара алған адам қара нан жесе де бақытты. Ал олай болмағандары су жаңа дөңкиген қымбат джип мінсе де, зәулім сарайларда тұрса да бақытсыз. Олай болса, бақытты болу өз қолымызда ағайын!

0 пікір