Мен сүйгенді сүйді деп...
Мен сүйгенді сүйді деп...
10 жыл бұрын 5644
Алтынбек Боранбек

Сүйіспеншілік адамның жаратылыс табиғатына біткен қасиет. Әркім бір нәрсені жақсы көреді. Біреу ішіп-жегенді, біреу ұйықтағанды жақсы көреді. Ата-ананы, қалыңдықты, байлықты, дәулетті, атақ-абыройды, биік мансапты сүймейтін кісі бүгінде кем де кем шығар. Түптеп келгенде, адам шын сүйгеніне құл болуға дайын тұрады. Алайда өмірде әр нәрсенің жөн-жосығы, өлшемі болатыны секілді сүйіспеншіліктің де өзіндік тәртібі бар.

Міне, бұл тұрғыдан келгенде, адам жаратылысының мән-маңызы Жаратушы иемізді танып-біліп, оның Құдіретінің алдында бас ию десек, онда бұл дүниеде сүюдің ең ұлысы – Алланы сүю, ал Алладан өзгені сүйсек, Алла үшін ғана сүю болмақ. Алланы сүю ғана иманымызға иман қосып, рухани тазалыққа жетелей алады.

Адамдар әлемінің де, жындар әлемінің де нағыз бақыты Аллаға деген махаббатта жатыр. Аллаға деген сүйіспеншіліктің не екенін шын сезінге адам оған еш уақытта тоймайды. Үсті-үстіне бола берсе, бола берсе, тағы болса деген сезімнен арыла алмайды. Кезінде саңлақ сахабалардың адам есітіп, көз көрмеген ерлік істері осынау таза сүйіспеншіліктің жемісі болса керек. Иә, олар Жаратушы иемізді өте жақсы танитын, жүректерінің ең төрінде Аллаға ғана орын беретін. Сол арқылы имандарын тереңдете, тереңдете сондай сахаба деген ұлы мәртебеге ие болған.Алла Тағала да сол сезімдеріне қарай оларға Өзінің разылығын бұйырды. «Алла оларға разы, ал Алла оларға разы» («Тәубе» сүресі, 100-аят) деген аяттың бір мәні осында жатса керек. Сүйгендерін артында қалдырып, ми қайнатар шіліңгір ыстықта Мекке қаласынан Мәдинаға қоныс аударғанда да, бір-бірімен бауырласып, өзара жәрдем жасасқанда да, оларды алға бастырып  отырған күш Аллаға деген сүйіспеншілік болатын.

Әбу  Хурайра деген әйгілі сахаба жеткізген хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Еш күдіксіз, Алла Тағала Қиямет күні былай деп жар салады: «Менің разылығым үшін бірін-бірі жақсы көргендер қайда? Менің ғана панамнан өзге пана болмайтын осы күні мен оларға өз көлеңкемнен орын беремін».

Көзіңізді жұмып, ойланып көріңізші. Әркім тек өз қара басының қамымен қайғыға батып, жанын қоярға жер таппай, қиналған шақта Алланың панасында болудан артық бақыт бар ма? Сондықтан мұндай мәртебеге қол жеткізу де оңай болмасы түсінікті.

Бұл күндері бірін-бірі жақсы көргенсіп, дос болғансып жүргендер көп шығар. Бірақ шын достықтың, шын жақсы көрудің орны басқа. Дүниеде неше түрлі мақсатпен біреуді дос тұтуға болады. Алайда Алланың разылығы үшін ғана ықыласпен дос болып жүргендер кем де кем сияқты.

Ал енді Алланы сүю, Алла үшін сүю орын алмаған қоғамда бірлік-ынтымақтың да бой көрсетуі қиын. Ата-ана мен перзенттер, ер мен әйел, аға мен іні, апа мен сіңілі, дәрігер мен науқас, бастық пен қызметші, заңгер мен жүгінуші, күйеу бала, келін мен қайын жұрт арасында Алла разылығы үшін жақсы көру бүгінде ең жетпей тұрған құндылық. Бір-бірін шын жақсы көрмегеннен небір ұрыс-керіс, кикілжіңдер туындауда. Осы аталғандардың  арасында бірі үшін бірі мал түгіл жанын беретіндей терең құрмет пайда болса, онда қоғам өзінен-өзі гүлдене бастайды. Бұрын қазақ даласындай осындай ақ адал сүйіспеншілік болған. Ол кездері қазақ елінің батыр ұландары кең байтақ даламыздың бір қарыс жері үшін қанын төгіп, бір тұтам жері үшін жанын беріп жүріп, өз ел-жұртын, келешек ұрпағые қаншалықты терең сүйетінін істерімен дәлелдеп кетті. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Сұраншы, Саурық, Өтеген, Райымбек, Жәнібек, Жоламан, Қапал, Ақпан -  санай берсек аз ба? Бұлардың әрқайсысы ел-жұртын Алла разылығы үшін жақсы көрді деуге әбден болады. Өйткені олар Алланы жақсы танитын, мұсылмандықты терең түсінетін.

Бірақ қазіргі таңда өкінішке қарай, Алланы дұрыс танымаудың, дұрыс  жақсы көрмеудің  салдарынан қоғамда сан түрлі қылмыстар мен күнәлі істер жасалуда. Алланың әрдайым бізді көріп, бақылап тұрғанын  сезінбеудің кесірінен жүректер қатайып, қайырымды істер азая бастады.

Ал негізінде, сүйгеннің сүйгенін жақсы көріп, сүймегенін жек көру жазылмаған қағида. Кезінде Әбу Әййуб әл-Ансаридың: «Сен жақсы көргенді мен де жақсы көрем, уа, Расулуллаһ!» дегені бар еді. Өйткені ол Алланың елшісін (с.ғ.с.) бүкіл дүниеден де, өз жанынан да артық сүйетін еді. Абай атамыздың мына бір ойы қандай орынды: «Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін»

Жаратушы иеміз нені жақсы көреді, нені жек көреді. Соны білмек керек. Алла Тағала тазалықты, әділдікті, сабыр мен қанағатты, қысқасы бүкіл көркем мінезді жақсы көреді. Ендеше, Алланың жақсы көретініміз рас болса, бұл айтылғандарды сүюіміз шарт еді. Алла Тағала тәкаппарлықты, кесір-кесапатты, параны, арақты, құмарды, өсімқорлықты -  жалпы бүкіл жаман мінездерді жек көреді. Бұлардан да бойымызды аулақ ұстауымыз қажет еді. Бірақ күнделікті өмірімізден мұндай сезімімәз байқалмайды. Алдау, арбау, қинау, зорлау, ұрлау, қастандық жасау көп байқалады. Алланы шын жақсы көрсек, осылай жасар ма едік? Ендеше, бүгінгі қоғамға бәрінен бұрын сүйіспеншілік қажет.

2 пікір