Бала күнде не жеуші едім..?
Бала күнде не жеуші едім..?
2 жыл бұрын 2085
Нұрболат Аманжол

Оразадан бері осы сұрақ мазалап жүр. Дәм бұйырса, «дәумен» де дәмдес болады екенсіз. Бір ауызашарда қадірлі кісілердің шақыруымен қадірлі қонақтардың ортасында болып қалдым. Дастарқан да, көңіл де көл-көсір, ағыл-тегіл. Әдемі әңгіменің буына еттің буы қосылды. Бас табақ ұсынылды. Жоқ, маған емес, әрине, есесіне маған құлақ бұйырды. Үйдің кенжесі болғасын да, бала күнде менің үлесіме құлақ жиі бұйыратын. «Құйма құлақ бол» дейтін ұсынғандар. Енді қараңыз, екі мүшелді толтырғанда тағы құлақ бұйырды. Сағынып қалыппын. Расында, дастарқан басындағы ең кішісі мен екем. Бала көріп, құлақ ұсынды деп намыстанғам жоқ, қайта қуанып қалдым...

Міне, содан бері «бала күнде не жеуші ем?» деп ойланып жүрмін. Қазақ өзі ырымшыл, тілекшіл халық қой. Құлақты «құйма құлақ» болсын деп жегізеді, «тақылдасын таңдайың» деп таңдай, қыз балаларға «шашың өссін» деп желке жегізетін. Бала көтерген жас келіншектерге «ұлтабар» ұсынады. Қазағымның табақ тартуында да үлкееен тәрбие жатыр ғой. Жақында бір қызық ақпарат оқып қалдым. Басты жастарға ұсынбайтыны жөнінде. Сөйтсем, бір ғалым ағам: «Мида зиянды инфекциялар болады, оны жастарға жеуге болмайды, сол үшін де асарын асап, жасарын жасаған қарттарға ұсынған», - депті. Қызық, бала күнімізде үлкендер өздері дәм татып болғаннан кейін: «Миың көбейеді» деп бар миды балаларға үлестіріп беретін. Біз мәз болып жеп аламыз... Ғалым ағамның не айтқысы келді екен..?

Жә, бірді айтып, бірге кетпейін. «Бала күнде не жеуші ем..?» - деп ойлана жүріп, біразын есіме түсіргенмен, көбін рас ұмытып қаппын. Бүлдіршін шақтың елесі ғана қалыпты, үзік-үзік... Ақыры, ойлана келіп, керісінше жасадым. Тағы бір ғалым ағам: «Адам не жесе, соның қасиетін қабылдайды», - депті ғой, сол сияқты қазіргі өзіме қарап, бала күнде не жегенімді зерттеп жүрмін. Көп сөйлегенді ұнатпайтыным - балықты көп жегенім шығар (бірақ жүзе білмейтінім неліктен екен..?), әрі тілді аса ұнатпайтынмын. Соңғы жылдары күні-түні экран алдынан шықпай, ауыртып алғаным болмаса, көзім, тіпә-тіпә, жаман көрмейді. Көзді көп жеген болармын. Тақылдап жүрген таңдайым жоқ, таңдай да жемеген екем. Өкпе көп жеп қойғанмын-ау деймін, кейде өкпелеп қалатыным бар. Иә, рас, үйде қуырдық пісіргенде өкпесін теріп жеп отырушы ем...

Осылай, мінез-құлқымның қызығын көрген сайын, «Бала күнде не жеуші ем?..» - деп ойланып жүрмін...

Ал Сіз не жеуші едіңіз?..

3 пікір
  • Шыныменде ойданатын мәселе екен, ә? Бірақ не жесек те, халал болса болды емес па! Бірақ адамның болашақта кандай болатыны не жегенінде емес, не естігенінде, көргеніде, қандай ортада тәрбие алғанында шығар. Әй, бірақ білмеймін, дұрысын АЛЛА біледі. Бізде білгішшініп айта береміз))))
    2 жыл бұрын
  • иә, ата-анамыз адал еңбекпен тапқан тамақтарымен асырады ғой, Аллаға шүкір. мен ең көп жегенім: құрт (ауыздан түспейтін), картоп, нан, сүт және шайырды көп шайнайтынмын))))
    2 жыл бұрын
  • Мен Бала кезімде ағарған атаулына құмар болатынмын. Үйде қап-қап құрт, қарын толған май, ірімшік және айран... Не деген баршылык. Қазір соларды аңсаймын. Ауылга барганда соларды көзіме елестетіп, апамды аңсап, көзге еріксіз ыстық жас келеді.
    2 жыл бұрын