Исматулла
Исматулла
9 жыл бұрын 14192
Қайрат Жолдыбайұлы

Осыдан шамамен 12 жыл бұрын танысқан едім. Оқуды жаңа бітіріп келген кезім. "Нұр-Мүбәрәк" университетінде ұстазбын. Жұмыстан кейін кейбір таныстарымның өтініштері бойынша дәріс беріп, уағыз айтамын. Сондай дәрістерімнің бірінде есімін Исматулла деп таныстырған жас шамасы қырық бестердегі егде тартқан бір кісі маған түрлі сұрақтарын жаудырып, жауабын ерекше ықыласпен тыңдап отыр. Ойындағы күмәнға айналған пәлсапалық сұрақтарының жауабын бір-бірлеп тапқан сайын көзі күлімдеп, ерекше көңілге бөленіп отырады. Кейде отырған орнынан құстай ұшып кете жаздап, балаша қуанады. Әр кездесуіміз осылай өтіп жатты. Жақын танысып, етене араласып кеттік. Тіпті ағайын-туыс болып араласа бастадық. Барлық қуанышымызда да, қиыншылығымызда да біргеміз. Исматулла ағаның басынан өтпегені жоқ. Тыңдап отырсаң, мұның бәріне қалай ғана шыдай алды демеске амалың жоқ. Неткен сабыр! Соңғысын өзім көрдім. Жандарында болдым. Шыр-пыр болып өзімше көмек қолын создым. Бірақ нәтижесіз. Жан жары, құдай қосқан қосағы нақақтан жала жабылып, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. Қазақтың әр бата, тілегіндегі "Уа, Жаратқан бәле-жаладан сақтай көр" дегені тегін емес екен. Егер мен Гулнабира апайды танымасам, мәселенің қалай болғанын егжей-тегжейіне дейін білмесем "жала жабылды" - деп бұлай кесіп айтпас та едім. Демек тағдыр солай...

Кеше Гулнабира апайға арнайы сәлем-сауқат жібермек ниетпен Исматулла ағаға жолықтым. Хал-жағдай сұрастық. "Жеңгем қалай?" - дедім. "Жеңгең жақсы. Көңілі орнында. Құранның көптеген сүрелерін, түрлі дұғаларды жаттап алыпты. "Осыны Қайрекеге жеткізерсің" - деп саған сәлем жолдады" - деп қысқа қайырды. Мен: "тағдырға иман ету бөлек, ал оны басыңа түскенде іске асырып, онымен амал ету деген осы" дедім. Әңгіме осымен тәмам. Аз үнсіздіктен кейін Исматулла аға сол баяғы кездескен сайын сұрақ сұрайтын әдетіне басты. Менің бір танысым маған бір сұрақ қойды, мен мардымды жауап таба алмадым деп бастады әңгімесін. Танысымның сұраған сауалы мынандай: Өмірде Құдайға, ақыретке сенбейтін, бірақ мінезі жібектей биязы, ешкімге қиянат жасамайтын жақсы жандар болады. Олардың ақыреттегі жағдайы қалай болмақ?

Мен аз кідірдім де былай дедім: "Мысалы бір елдің Патшасы бір кісіге арнайы миссия жүктеп, шетелге елші етіп жіберді делік. Бірақ осылай зор сенім артып жіберілген әлгі кісі өзіне жүктелген миссиясына салғырт қарап, өз бетімен кетсе, тіпті, "Мені бұл жаққа ешкім жіберген жоқ.  Менің өз еркім өзімде, ешқандай патшаны танымаймын. Ешкімнің ала жібін аттағаным жоқ. Кісі баласына пайдам болмаса, зияным да қиянатым да жоқ" - деп тек ішіп-жеп, қыдырып кетті делік. Сосын уақыты біткенде еліне оралады. Сонда Патша әлгі кісінің омырауана медаль тағып, ерекше құрметке бөлей ме, жоқ әлде мемлекетіңді саттың, миссияңа салғырт қарап, Патшаңа опасыздық жасадың деп жазаға кесе ме?!" - дедім. Әрине, жазаға кеседі" - деді бағанадан бері үнсіз тыңдап отырған Исмат аға. Мен: "Дәл осылай адам да Құдай патша тарапынан жер бетіне арнайы миссиямен жіберілген. Ендеше, оған салғырт қараған адамның жағдайы да осылай" -  дедім. Исмат аға: "Мынау бір қарапайым мысалмен жақсы жауап болды ғой" - деді балаша қуанып.. Жүзіне қарадым, тағы да көзі күлімдеп, ерекше көңілге бөленіп отыр.  

0 пікір